Мира Есжанова: «Кәсіби әдеп – дәрігердің темірқазығы»
Мира Есжанова, Алматы қалалық №3 аурухананың бөлім меңгерушісі
Біздің бүгінгі кейіпкер – терапевт маман Мира Ратайқызы. «Дәрігерге ең алдымен білім және адамдарды жақсы көретін қасиет керек. Науқасты емдеп тұрып оны жақтырмай тұрсақ, жақсы дәрігер атану қиын. Жақсы дәрігер атану үшін, ең алдымен лайықты білім алу керек. Білімсіз дәрігер ешқашан жақсы дәрігер болмайды», – дейді бізбен басталған әңгіменің басында...
– Жалпы дәрігер қауымынан білгіміз келетін басты сұрақ: адамдар не үшін ауырады?
– Адам ағзасындағы әр ауруды қоздырушы факторлар әртүрлі. Оның барлығын жекелей талдап-таразылар болсақ, ол бір сұхбаттың аясына сыймайды. Сондықтан, қысқаша айтып өткенім дұрыс шығар.
Жалпы, ауру тудыратын факторлар өте көп. Адамның әлеуметтік-экономикалық, рухани жағдайы, өмір сүру салты, жұмыс орны, ортасы, отбасы, табиғат жағдайы, экологиялық жағдайлар, т.б. адамның жеке басының денсаулығына әсер етуі мүмкін. Адамдардың мінез-құлқы, ой-өрісі, таным-түсінігі, ерік күші, рухани жан дүниесі – бәрі денсаулыққа пайдалы, зиянды әсерге толы. Бұл менің ғана емес, өзге де дәрігер, психолог, сарапшы мамандардың, ғалымдардың ғылыми зерттеулерге негізделген ойлары. Күнделікті тіршілікте адамның ойы да денсаулығына әсер етеді. Сырқат туралы көп ойлаған адамға түрлі ауру үйір келеді. Сол себепті әркім дұрыс ойлауға, жақсылықтан үмітін үзбеуге тиіс. Адам ойы, ішкі сезімі бұзылса, көңілге алаңдаушылық, торығу енсе ол денсаулықты әлсірете бастайды. Баяғыда үлкен кісілер: «Сары уайым, торығу адамды әлсіретеді, жылауық адамның жүрек ауруы күшейеді», – деп отыратын.
Ал, дәрігер маман ретінде адам сырқаттан сырт жүруі үшін салуатты өмір салтын ұстанып, ішкен-жеген тамағына, тынығуына аса мән беруі керек. Қазақ: «ауру – астан» деп бекерден-бекерге айтпаған. Сондықтан, дұрыс тамақ ішіп, зиянды өнімдерден аулақ жүру де маңызды.
Денсаулық – жеке тұлғаның қоршаған ортаға бейімделе отырып, гармониялық дамуының нәтижесі. Өмір сүруге деген құштарлық. Сондықтан, адам ауырмауы үшін өмірге деген құштарлығы басым болуы керек қой деп ойлаймын.
– Сіздің ойыңызша, терапияның негізгі емдік факторы неде?
– Біріншіден, науқас пен дәрігердің қарым-қатынасында. Дәрігер науқаспен сөйлесіп, сауатты диалог құра білуі керек. «Жақсы сөз жан семіртеді», – дегендей, кейбір науқас дәрігердің жылы сөзінен айығып, жеңілдеп қалады. Сондықтан, алдыңызға келген науқаспен барынша сауатты, дұрыс қарым-қатынас құра білу – дәрігер үшін ең басты фактор. Науқас адам, дерті жанына батқан жанның жүрегі нәзік келеді. Кеселді дерттен шаршап-шалдыққан жан бір ауыз жылы сөзге мұқтаж. Дәрігердің жылы сөз, жан жадыратар, көңілді марқайтар жақсы сөздері көңілге медет. Дәрігердің жылы сөзінің өзі науқасқа жарты терапия десек те болады.
Екіншіден, дәрі-дәрмек тағайындау. Науқастың сауығып кетуіне дұрыс таңдалған дәрі-дәрмек үлкен көмек береді.
Үшінші фактор науқастың өзіне тікелей байланысты. Дәрігер тағайындаған емді уақытылы орындалуы науқастың медициналық түрде сауаттылығына да тәуелді болып келеді. Науқастың дәрігерге деген сенімділігі емдеу процесінде аса маңызды факторлардың бірі. Сол себепті дәрігер сенімділікке ие болу үшін науқаспен ғана емес, жұмыс бабына орай күнделікті көптеген әріптестерімен, медициналық орта буынды қызметкерлерімен, науқас және оның жақын туыстарымен тікелей қарым-қатынаста болады. Мұндай жағдайда, дәрігер жұмысының нәтижелілігі, қарамағындағы аурулардың тағдыры, оның әріптестерімен және басқа медициналық персоналдармен дұрыс қатынас құруына тікелей байланысты. Науқас пен дәрігер арасындағы қарым-қатынас дәрігер жұмысында өте маңызды орын алады. Дәрігер мен науқас және оның туысқандары бір-біріне сенім тудыратын қатынас жасағанда ғана ем нәтижелі болуына күмән тумайды. Ал дәрігер мен науқас арасында дұрыс қатынас болмаған жағдайда, ем нәтижелігіне науқас күмәнданып, басқа дәрігер таңдауға мәжбүр болады. Науқас дәрігерге сенім білдірсе, қарапайым емге де күмәнсіз қарайды. Сондықтан, әр дәрігер және де басқада медицина қызметкерлері науқаспен және оның жақын туыстарымен дұрыс, тиісті дәрежеде олардың сенімділігін тудыратын қарым-қатынас құруы керек.
Қазіргі таңда, кез-келген ауруды емдеп жазуға мүмкіндік бар. Білікті дәрігерлер мен жаңа технологиялардың дамуына байланысты адам өмірін сақтауға, ғұмырын ұзартуға, дертінен толығымен айықтыруға мүмкіндігі зор. Сондықтан, терапияның негізгі емдік фаторлары заманауи медицинаның жетістіктеріне де тікелей байланысты.
– Қазір адамдар «дәрігерге көрінудің орнына түрлі емдік шөптер, биологиялық белсенді өнімдерді қолдану арқылы құлан-таза айығып кетеміз» дегенге көбірек сенеді. Мұның себебі неде?
– Өте өзекті тақырыпты қозғап отырсыз. Иә, адам әлденеге қатты сенсе, жазылып кету мүміндігі жоғары. Бұл – біріншіден. Алайда, кей-кейде медицинаның, ғылымның араласуынсыз жазыла бермейтін ауру түрлері де болатынын ескеру керек. Биологилық белсенді өнім немесе БАД деп атап жүрген өнім көп ауруларды қоздыратынын қарапайым халық түсіне бермейді. Жалпы, БАД өнімдері медицинаның емдеу тәсілінен көрі, коммерцияның бір түрі дегенге көбірек жататынын түсінетін уақыт жетті ғой.
Жалпы, жеке пікірім, егер емделуші дәрігерден көмек сұрап келсе, демек дәрігерге, оның біліктілігіне сену керек. Және дәрігердің айтқанын бұлжытпай орындағаны дұрыс. Алайда, көп жағдайда пациенттер «қолданбаңыз, жемеңіз» деген тауарларды тұтынады. Содан кейін жағдайы нашарлап кетсе, дәрігер қауымды кінәлап шыға келеді. Аурухана, емханалардың өз ережесі, өздері қолданатын формасы болады. Соған бағыну қажет. Ал біздің халық, дәрігер берген емнен көрі, құрамы күмән туғызатын түрлі ем-домға әуес келеді. Бұл, бәлкім, медициналық сауаттылықтың аздығынан болар. Сондықтан, біз алдымызға келген науқастарға тек қана дәрігердің емін қабылдап, оның нәтижесін күтуді қатты қадағалап тапсырамыз.
Жалпы, денсаулық сала¬сын¬дағы рефор¬маларды халық дұрыс түсінбегендіктен де дәрігерге сенім азайып, сіз айтқан қосымша жолдар арқылы емделгісі келеді. Бұл дәрігер¬дің білік¬тілігіне қатысты емес. Ал халық дәрігердің емдей ала¬тындығына сенім¬сіздік таныт¬са, онда оған дәрігер кінәлі. Алдына келген адамды білім-білік¬тілігімен сендіре алғанда ғана ол дәрігер.
– Дәрігерлердің кәсіби әдебі жайлы не айтасыз?
– Кәсіби әдеп – дәрігердің ұстанымы, темірқазығы. Науқас пен дәргер арасындағы моралдік-этикалық мәселе орнауы тиіс. Емдеу жұмыстары барысындағы дәрігер мен науқастың қарым-қатынасының моральді-этикалық мәселелерін ғылымда деонтологияның маңызды тармағы ретінде қарастырады.
Науқас абыройын құрметтеу, науқас абыройын төмендетпеу – маңызды. Дәрігер адамға жақсылық жасауға, яғни науқастың тезірек сауығып шығуына, аурудың алдын алуға ұмтылуы тиіс. Қайырымдылық, мейірімділік, әділдік принциптері – дәрігер өз жұмысында осы принциптерді танытып, көмек көрсетуге дайын болуы керек. Қазіргі заманда дәрігердің әдептілігі жөніндегі қалыптасатын қоғамдық пікірге көп жағдайлар әсер етеді, олар: менталитет, адамдардың мәдени және этникалық ерекшеліктері, дәрігерлік өнерге деген ғасырлар бойы қалыптасқан сый мен құрмет, дәрігердің профессионалдық және психалогиялық-педагогикалық біліктілігі.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Қарагөз Серікқызы