Майра Ілиясова: «Қолға алып, домбырамен ән шырқасам»
Майра Ілиясова, әнші, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі
«Әсем әуен дала кезіп барады...». Қос ішектен төгілген сұлу сазға селт етпейтін қазақ, әй, жоқ шығар. Күмбірлеген қоңыр үн кейде заманалардан бұзылмай жеткен қазақтың өз дауысындай-ақ естілетіні бар. Сол әуен, сол үн бүгінгі қазақтың құлағына Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері, әнші Майра Ілиясованың даусымен жететін тұсы көп. Әншімен ән жайлы сөйлесу бір ғанибет десек те, күнделікті өмір жайлы да сұрақтар көп қойылуы заңдылық шығар. Сондықтан, қазақ даласын үнімен тербеген әншіні бүгінгі таңда не алаңдатады, қандай мәселелер жүрегін қозғайды деген сауалдардың да жауабын білгіміз келген еді...
– Ел алдында жүрген, өнер әлеміндегі есімі белгілі тұлға ретінде, адамның жан саулығы қандай болуы керек деген тақырыпта әңгімемізді бастасақ...
– «Адамның жан сау болса – тәні сау», – дейді екен қазақ. Жан сау болуы үшін адамның ойы, санасы, көңілі, ниеті, жүрегі таза болмағы керек. Қызғаныш, күйгелектік, көре алмаушылық – адамның жүйкесіне әсер етеді де, соның барлығы тән, жан саулығына нұқсан келтіреді. Бұл менің өмірлік қағидам емес, күллі халқымыздың өмірлік философиясы, мұсылман жұртының ұстанымы, барша адамзаттың жүріп өткен жолынан түйген көрегендігі. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) айрықша көркем мінезі жайлы ғибратты әңгімелерді көп тыңдап, көп айтып, насихаттасақ, жан саулығының шипасын табар едік. Қазақтың Бас ақыны Абайдың қара сөздерінен бастап, өлең-жырларындағы адамгершілік, туралық, тазалық жайлы ой-түйіндерді жүрегімізге тоқып алсақ, жанымыз әркез сау жүрер еді.
Кішкентай ғана адам, қазақтың бармақтай ғана қызы ретінде мына өмірден түйгенім: жан саулығың шипасы – кешірім беру, кек сақтамау екен. Қазақта қасиетті күндер көп. Ораза, айт, наурыз мерекесі күндерінде ренжіп жүрген адамнан кешірім сұрай білсеңіз, сіздің де жаныңыз тазарып шыға келеді, оның да өкпесі жазылып, қабағындағы кірбің кетеді.
– Ел алдында жүрген азамат болғаныңызбен, сіз де ел қатарлы адамсыз. Ауру-сырқау да сізді сырт айналып өтпейді. Сондай жағдайларда ең бірінші кімнің көмегіне жүгінесіз?
– Әрине, дәрігердің көмегіне. Қазір заманауи медицина жетілген. Сондықтан медицинаның көмегіне әрбір азамат міндетті түрде жүгініп, өзінің денсаулық жағдайына арнайы көңіл бөліп отыруы тиіс деп есептеймін. Мысалы, жақында ғана арнайы уақытымды бөліп, шетелге барып, денсаулығымды қаратып, басымнан аяғыма дейін тексеруден өттім. Медицина мамандары жазып берген нұсқаулықтарды мүмкіндігімше бұлжытпай орындауға тырысамын.
Жалпы, шығармашылық адамдары нәзік келеді ғой. Сондықтан, тек қана дәрігерлердің емес, өмірден көрген-түйгені мол үлкен аға-апаларымыздың, психология бойынша жазылған кітаптардың де айтқанына келіспеске болмайды.
Өзімнің жақын апам бар. Өзін емші, көріпкел демейді. Бірақ қолының шипасы бар. Қатты шошынсам, қуансам апама барамын. Жалпы, қатты қуануға, қатты қайғыруға жол бермей, адам өз көңіл-күйін бір қалыпты, бақылауда ұстау керек дейді ғой. Адам болған соң, мұңаясың, ренжисің, кейде қатты қуанасың. Мұның барлығы адамның жүрегін қозғайды. Сондай сәттерде апама барып, әңгімелесіп, сыр ақтарысып, бойым жеңілдеп қалатын. Апам әңгімесін айтып, кейде арқамды сипайды, тәспиқ ұстап, «энергетикаң кірлеп қалыпты, тазалап берейін», – деп сөзбен, алақанымен аурамды жақсартып беретін. «Елдің алдында жүресің, тілдің, көздің сұғы болады», – дейтін әрдайым. Қазір ол апам дүниеден озды.
Жаман аураны тазалаудың тағы бір жолын Мақпал апам пайдалы кеңес ретінде бөліскен. Гастрөлдер, концерттерден кейін ваннаға су толтырып, бір қорап тұзды араластырып, ванна қабылдайсыз. Ол да адам бойындағы бойкүйездік, шаршау, құлазуға апаратын жаман энергиядан алшақтатады екен.
Айналаңдағы аураны тазартудың осындай тәсілдері бар. Бірақ, адам өз денсаулығының қамы үшін ең бірінші кезекте дәрігерге көрінуі тиіс деген ұстанымдамын.
– Дауысыңызды жоғалтып алмау үшін, тамақ ауруы ең алдымен мазаламауы үшін қандай ем-шара қолданасыз?
– Жұлдызнама бойынша әр адамның осал жері болады дейді ғой. Менің осал жерім – тамағым. Желдің өтінде тамағымды орамай жүре қалсам болды, бірден тамағым ұстайды. Жөтеліп қаламын. Ондай аурудан аулақ болу үшін тамағымды және аяғымды әркез жылы ұстауға тырысамын. Себебі, аяқтан өткен суық бірден тамақтан шығады.
Ал, тоңазытқышта тұрған мұздай су, балмұздақ секілді ас-тағам түрлері, бір қызығы, тамағымды ауыртқан емес. Сондықтан, тағамға арнайы ас түрлерінен шектеу қоймаймын.
– Әнші ретінде сымбатты көрінуді – сахна да, көрермендеріңіз де талап ететін болар. Бет әлпетіңізді, дене сымбатыңызды қалай сақтайсыз?
– Бетімнің әжімі көрініп-көрінбеуі – ұйқыға байланысты. Аз ұйықтасам, бетім шаршап тұратынын байқаймын. Сондықтан, шамам келгенше уақытында ұйықтап, уақытында тұруға тырысамын.
Екіншіден, моншаға жиі барғанды ұнатамын. Бойдағы жел мен құз, тұздың бәрін монша арқылы шығарып отырған жақсы.
Үшінші, майсыз, нәрлі, дұрыс тамақ тұтыну өте маңызды. Жеміс-жидек түрлерін көбірек пайдалануды қолдаймын.
Төртінші, адам денсаулығының жақсы болуы ішкі ағзаға байланысты. Сондықтан, ішкі ағзаларды ұдайы тексертіп, қаралып жүрген дұрыс.
Бесінші, психологиялық жағдай адамның сыны мен сымбатына көп әсер етеді. Сондықтан, көңіл-күйдің жақсы болуы, жаман ойлардың мазаламауы да сән мен сымбатыңызды жақсарта түсетінін ұдайы ұмытпау керек.
– Әлемде үлкен бір құлазу байқалады. Құлазуды ұлттық дәстүрлі әнмен, музыкамен жазуға бола ма?
– «Сазген» ансамблінде біраз уақыт жұмыс істедім. Сонда біздің дайындығымызға бір кісі күнде келеді. «Басым ауырушы еді, жиырма күндей болды, ұдайы ұлттық музыканы тыңдап жүрмін, басым ауырғаны жазылып келеді», – деп еді сол кісі. Сіздің сұрағыңыз сол оқиғаны еске түсірді.
Шетелдік даңғыр-дұңғыр әуен миымызды улайды. Қазір машинаны өзім айдаймын, бұрын такси ұстаған кезде, қай таксиге отырсам да, ұлттық әнді ести алмай кеттім. Үп-үлкен қарияның өзі орысша не қазақтың даңғыра әуенін қойып қояды.
Сол даңғыра ән құлағымыздың түбінде дабырлап тұрған кезде, құлазудың кім құтылады?
Ұлттық ән, ұлттық музыка жүрекке майдай жағады. Халықтық аспаптардың үні қандай: елтіп тыңдайсың.
Құлазудан айығудың жолы – ұлттық әуенді тыңдау дер едім. Үндістанда болдым, 24 сағат Үндістанның музыкасы ойнап тұрады. Көрме болды, дүниежүзінен қаншама адам қатысты. Көрмеге таңғы 10-да барамыз да, түнгі 12-де қайтамыз. Сол уақыттың бәрінде үндінің ұлттық музыкасы әуелеп тұрады. Бізде де соны қолға алған дұрыс шығар.
– Ұлттық музыкадан алшақтау арқылы жас буынның қазақы болмысы өзгертеді-ау деген қауіп жоқ па?
– Әрине, қауіп бар. Өзгеріп кетеді емес, меніңше елу пайыздан астамы өзгеріп те кетті. Домбыраның үнін мүлдем естімейтін жастар бар. Оны былай қойғанда, бетке ұстар халық әртістерін танымайды қазір. Бұл өнерге қауіпті дерт. Оны қалай жоямыз? Халық эстрадаға көп көңіл бөледі. Сондықтан домбыра, қобыз секілді фольклорлық аспаптармен ойналатын күй, ән, жыр, термені көбірек насихаттауымыз қажет.
Домбырамен ән айтатын әншілердің байқауы көп, Құдайға шүкір. Әміре Қашаубаев, Кенен Әзірбаев, Жамбыл Жабаев, Дәнеш Рақышев, Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев атындағы байқаулар дәстүрлі түрде ұйымдастырылып жүр. Бұл байқаулардың мақсаты – осы дәстүрлі ән өнеріндегі жастарға көмек, қолдау көрсету ғой. Ол жақсы. Ал кейде түкке тұрмайтын арзан бейнебаяндарды да көрсетіп жатыр ғой. «Мына шәй жақсы, мына сабын жақсы» деп, күнде-күнде жарнамалай берсе, ертең дүкенде «әй мынаны мақтап жатыр еді ғой» деп, сол шәй мен сабынды қалай сатып алғаныңды білмей де қаласың. Сол сияқты, омыраулары ақтарылған, сандары мен кіндіктері жарқылдап көрініп жүргендердің айтатын, бүгін бар, ертең жоқ, не сөзінде, не әуенінде мән жоқ, не орындаушылық шеберлігі мәз емес әндерді тыңдауға тым құмармыз.
Дәстүрлі әнді қолдау үшін сол бар мен жоқтың арасындағы дүбара әндердің орнына дәстүрлі әндерге уақыт бөлейік. Байқаудан жүлде алған жастарға қаржылай көмек көрсетейік. Ол ақшаға жастар үй сатып ала алмаған күннің өзінде жақсы домбыра жасатады, үкілі бөркі мен қос етек көйлегін не шапанын тіктіреді.
– Домбыра демекші, «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең», – деп Абай атамыз өлеңге қосатын қазақ жаны осы күні өлеңді, әнді іздемейтін сияқты...
– Бұрын концерттер аз болатын. Қазір үйде отырып, Республика Сарайына бармай-ақ концерт тыңдай алады. Мұның да әсері бар. Екінші, қазір театр, концерттерге бармай, түрік, корей сериалдарын көргенді жаны қалайды. Жұрт кешкілік концерттер мен театрларға уақыт бөлуді қойды. Мәдени демалысқа бөлінетін уақытта, әсіресе, демалыс күндері сериалдардың көрсетілімін тоқтату керек. Бұл пікіріме біреулер ренжитін шығар. Бірақ, ұлттық музыканы тыңдау – пайдалырақ деп ойлаймын.
– Әнші ғана емес, Астанадағы үлкен өнер ордасында лауазымды қызмет атқарып келесіз. Әншілік пен ұстаздықты ұштастыру қиын емес пе?
– Екі жыл болды, Қазақстан республикасының халық артисі Айман Мұсаходжаеваның шақыртуымен Өнер академиясында қызметтемін. Биылғы оқу жылынан халық музыка өнері факультетіне декан болып сайландым. Факультетімізде үш кафедра бар: домбырамен ән салу, күй, қобыз. Биыл оқу ордамыздың ашылғанына жиырма жыл толады. Сол мерейтой аясында үлкен мерекелік шараларды атап өтіп жатырмыз. Қайрат Байбосынов, Алмас Алматов бар, Майра Мұхамедқызы, Елмұра Жаңабергенова, Айгүл Қосанова, Бағдат Сәмединова, Жеңіс Ысқақова сынды қазақтың маңдайлады өнер қайраткерлері сабақ беретін жерде әлденені қиынсынудың өзі дұрыс емес деп есептеймін. Өнерім – ұстаздыққа ұласып жатса, оған қуану керек шығар.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Қарагөз Серікқызы