Әсел Ергешқызы: «Қара шаңырағым – екінші үйім секілді»

Oinet.kz 14-03-2014 1275

Screenshot_20.jpg

- Әсел, нәзік дауысыңмен «ә» дегеннен тыңдарманның жүрегіне жол таба білген жүргізушілердің бірісің. Радиоға деген құштарлық неден туындады?

- Жалпы, журналистиканың қыр-сырын үйретіп, бұл салаға деген қызығушылығымды арттырған кәсіби журналист, туыс боп келеді бір жағы, өз ісінің әбден шебері атанған Нұрбол Алманов еді. Алматыдағы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетіне оқуға қабылданысымен, «Қазақстан» ұлттық арнасында іс-тәжірибеден өтуге мүмкіндік алдым. Ұлттық арнада жүріп, «Ел мен жер», «Талғам» тұтынушылар бағдарламасына сюжеттер дайындайтынмын. Кейіннен бұл бағдарлама жабылды да, жазушы Қоғабай Сәрсекеев басшылық жасайтын республикалық «Қазақ» газетіне жұмысқа ауыстым. Ол кезде мен радио жайлы аса ақпарат білмейтінмін, мойындаймын. Аңсарым тек телеарнаға ауып тұрушы еді. Белгілі журналист, талантты ақын Жанарбек Әшімжан бір күні: «Әсел, сен радиоға барсаң қалай болады, саған радионың эфирі жарасып кетер еді...», - деп ой тастады. Ол кезде Қазақ радиосының директоры ақын Жүрсін Ерман, бас редакторы, өзінің «тілімен» айтқанда, «сатираның сары тісі, сахнаның әртісі» Көпен Әмір-Бек еді. Екінші курсты енді ғана бастаған жылым еді ғой, Жүрсін аға әуелгіде жассынып еді, кейін жазбам мен жүргізген эфирлерімді тыңдап, үлкен сенім артты да, бұйрығын шығарып, жұмысқа қабылдады. «Қазақ радиосы» - ғасырға жуық тарихы бар, қазақ әндерінің, көсемсөздерінің алтын қоры жинақталған, тыңдармандары қалыптасқан қазақ руханиятының алтын сандығы деуге болады. Қорқа-қорқа қадам басқанда жатсынбай қабылдаған қара шаңырағым қазір менің екінші үйім секілді. Сол қуантады... 

- Соңғы кездері әншілік қырыңнан да танылып жүрсің. Радиодағы орныңды сахнаға айырбастауды көздеп жүрсің бе? 

- Бала күнімде мектепте, ауылдық клуб үйінде өтетін барлық іс-шараларға белсене қатысып, ән айтып жүретінмін. Түрлі байқауларға да қатысқанмын. Алайда тіл маманымын, музыкалық білімім жоқ.  Үлкен сахнаға алғаш рет 2011 жылы әнші, композитор Роза Әлқожаның шығармашылығына 10 жыл толуына орай өткізілген жеке кешінде Қасымхан Бегмановтың өлеңіне жазылған Розаның «Іздемейсің» деген әнін орындап шыққанмын. Дәл сол кештің тізгінін айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов екеуміз ұстайтын болдық. «Жандарбек айтысады, сен ән айтасың!», - деді Роза, әнге деген қызығушылығымды, қабілетімді байқаса керек. Концерттен кейін достарым, тыңдармандарым хабарласып, «Дауысың жақсы екен» деп, ыстық ықыластарын білдіріп жатты. Одан кейін Қазақ радиосының 90 жылдық мерейтойында әріптесім Бақытжан Жармұхамбет екеуміз Бұлан Жамбылдың «Қия алмадым» деген әнін орындап шықтық. Солай жалғасып кетті ғой... 2013 жылы әнші-сазгер Заттыбек Көпбосынұлы Астана қаласында жеке концертін өткізетін болды да, ол кештің де тізгінін ұстау маған бұйырды. Дайындық барысында  ол ақын Серікзат Дүйсенғазиннің сөзіне жазылған «Перзент тілегі» әнін орындауға ұсыныс жасап, Заттыбек аға «Менде ...әкешім-анашым деп келетін ән бар, сөзін жаздырып, сол әнді бірге орындасақ, қалай болады?» деген ұсыныс жасады. Қуана қабыл алдым. Сөйтіп әннің сөзін ақын Серікзат Дүйсенғазинге жаздырып, «Перзент тілегі» деген әнді сол концертте алғаш рет орындаған едік. Енді ғана саны құралып келе жатқан ән қоржынымда елімізге белгілі ақын, сазгерлердің әндері еніп жатыр. Дей тұрғанмен, әншілік - менің кәсібім емес, жүрегімнің қалауы. Жаныма жақын туындыны қалай қабылдасам, түйсігіме, түсінуіме сай тыңдаушыға жеткізуге барынша тырысамын. Тыңдарман ән айтып кетіпті деп сөкпейтін шығар деген сенімдемін... Менің жүргізуші ретінде ғана емес, ән айтып сахнаға шығып жүргенімді - тағы бір қырымның ашылғаны деп түсініңіздер. Ал журналистиканы, оның ішінде радиомды ешнәрсеге айырбастамаймын. 

- Фейсбуктегі жеке парақшаңда «Кейбір әншілер сахнада көрермендерге қарап, аяғын көтеріп, мәдениетсіздік танытып жүр. Ондайларды шетінен сахнадан аластату керек» деген секілді ойыңды білдіріпсің. Ол әншілердің кімдер екенін айта аласың ба?

- Дәл осы жазбама көпшілік дүрліге пікір жазып кетті. Барлығының айтқысы келіп жүрген ойы болса керек. Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Бұл - теледидардан мерекелік бағдарламалардың бірін көріп отырғандағы туған ой еді. Расымен де, бір-екі ән жаздырып алып, үлкен сахнаға шыққанда, секіріп, аяқтарын көрермендерге қарай қайта-қайта көтергендерін - нағыз мәдениетсіздік деп есептеймін және ондайларды сахнадан аластату керек. Олар өздерін «жұлдыз» санап, көпшіліктің алдында еркін сезініп тұрғанын білдіргісі келетін шығар, бәлкім. Бұл сөзді мен өздеріне жеке айтармын, реті келгенде...

- Тыңдармандарыңның бірі, Балқаштық тұрғын Қуаныш Мақашұлы өзінің сүйікті сәйгүлігіне сіздің атыңызды беріп, «Әсел Ергешқызы» деп атағанына нендей жауап қайтардың? 

- Бұл өзі қызық оқиға болды. Бірде ұялы телефоныма бір кісі хабарласып: «Мен сіздің тұрақты тыңдарманыңызбын, жүргізген хабарларыңызды әрдайым күтіп жүремін. Қазір бәйгеге жүйрік аттар баптап жүрмін. Араб-ағылшын тұқымынан бір тұлпарым бар еді, сол жылқыға сіз секілді халықтың көзайымына айналсын деп ырымдап, «Әсел Ергешқызы» деп ат қойдым. Тіпті, құжаттарын рәсімдеп, заңдастырып алдым. Сәйгүлігімнің туған күні мен жылын да сіздікімен бірдей етіп жаздырдым» дегенде, айтарға сөз таппай қалдым. Шын айтам, оғаштау естілді. Адамның есімін жылқыға қойғаны қалай болды деп таңдандым, бір жағынан күлкім келді. Алайда, тыңдарманымның бұл іс-әрекетінен оның шынайы көңілін, ақ пейілін, ықыласын көрген соң, ештеңе дей алмадым. Мен келісім бермегеннің өзінде, ол құжат алып қойған екен. Мені ешқашан көрмеген, тек дауысым арқылы таниды. Хабарласып, сәйгүліктің бәйгелерде топ жарып жүргенін айтып тұрады сүйіншілеп. Тілекшімін, бәйгенің алдын бермесін деп тіледім тек. 

- Әсел, сенің құралың – дауысың, дауысыңды қалай күтесің? 

- Шынымды айтсам, осы уақытқа дейін даусыма арнайы күтім жасап көрмеппін. Дауысым «наным»  екенін біле тұра, аса мән бермейді екенмін. Сәби кезімде тамағымда баспа болған дейді. Аурудың кесірінен қаншама рет дем жетпей, ажал аузынан қайтыппын. Анам әлі күнге дейін күн сайын хабарласып, «Салқын су ішпе, балмұздақ жеме, аяғыңды жылы ұста» деп алаңдап жүреді. Радиожүргізуші үшін ең басты құрал -әдемі үн, сауатты дауыс екпіні болғандықтан, жақсы күтімнің болғаны дұрыс қой, жалпы.

Ғалым Смағұл: «Кемпірқосақтың барлық түсін түгендемекпін»
Перизат Жапарова: «Адамдардың көңіліне қарамаймын»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу