Аманхан Әлімұлы: «Біз маңдай термен табылған нәрседен ұялмауымыз керек»
Аманхан Әлімұлы ешқашан қоғам мәселесінен бейтарап қалған емес. «Сыздаған барлық жараның аузынан» көрініп жүреді. Жастар шығармашылығына да еркін пікір білдіріп, жанашырлық танытады. Ғаламтор мүмкіндіктерін де еркін пайдаланып жүр. Ақын ағаны ел туралы, болашақ туралы әңгімеге шақырдық.
Есей Жеңісұлы: Аманхан аға, өмір көрдіңіз. Өмірдің де, әдебиеттің де майданына араласып жүрсіз. Біз қайда бара жатырмыз осы?
Аманхан Әлімұлы: Мен оптимист адаммын. Қазақта «Құдайдан үмітім бар» деген әдемі сөз бар. Үмітсіз адам жын-шайтанмен парапар. «Баламның, немеремнің қызығын көрсем» деймін. Бұл – әрбір адамның арманы, мақсаты. «Менің кезімде заман неге жаман? Неге қазақ қоғамында кемшілік көп?» деп мұңайғанымыз, соны жөндеуге атсалысқанымыз жақсы. Бірақ қарааспанды төндірмеуіміз керек. «Болашақ жақсы болады» десем, кейбіреулер «оны өзім көрмеген соң несі жақсы?» дейді. Осындай эгоизмнен қорқам. Бар қиындық бізбен кетсін, бірақ ұрпақ жақсы өмір сүрсін. Қытайлар «ғасырлар тоғысында өмір сүр» деп қарғайды екен. Ал қазақ «елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» дейді. Қазір есептеп қарасам, шынында да әр жүз жыл сайын үлкен оқиғалар болады екен. ХХ ғасырдың басын алайықшы: 1917 жылғы төңкеріс, 1930 жылдардағы аштық, 1937 жылы зиялылардың жаппай ұсталуы, 1941 жылы басталған соғыс... 1950 жылға дейін ел еңсесін көтере алмапты. Тек 1960 жылдарға ғана қарай ғана сәл дұрыс өмір сүре бастапты. Одан бұрынғы ғасырларда да солай. Қазақ дәл айтыпты: ел жүз жылда қазан болып отырады екен де, ғасыр басында жаңарады екен. Біз қазір нарық заманының қыр-сырын толық меңгере алмай жатырмыз. Ә деген кезде, 1990 жылдардың ортасында халық көшеге шығып кетіп еді. Көрінген жерде сауда жасап, шемішке, темекі сатып жан бақты. Саин көшесінің бойы – жеңіл жүрісті қыздарға, Сйефуллин көшесі күндік ақша табу үшін жанталасқан жігіттерге толып кетіп еді. Қазір де бар. Бірақ 1990 жылдардың ортасындағыдай емес, сәл де болса беті бері қарады. «Елу жылда – ел жаңа» принципімен қарайтын болсақ, осы ғасырдың ортасына қарай қазақтың халі жақсарады. Капитализм заңдылықтарын жаңа буын меңгеріп алады. Сөйтеді де, өмір өзінің қалыпты арнасына түседі. Болашақ ұрпақ жаман болмайды. Біз жастарға консервативтік көзқарасты таңа бермей, олардың ұлттық ділден алшақтамай жетілуіне жол ашуға тиіспіз. Мен Қазақстанға, қазаққа сенемін. Жақында Фейсбукке «Өзіңді сақта, Қазақстан» деген өлеңімді жарияладым. Қазақстанды аға буын жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру арқылы сақтай алады.
Есей Жеңісұлы: Жаңа бір сөзіңізде: «Жақсы өмірді өзім көрмеген соң, оның несі жақсы?» дейді кейбіреулер», – деп қалдыңыз. Шынында да, кейбір үлкендерде неге осындай эгоизм бар?
Аманхан Әлімұлы: Бұл – зиялылықтың жоғары деңгейіне жете алмай жатқанымыздан. «Біз жастарға сенеміз!» деп ұрандаймыз, бірақ сол жастар көретін қызыққа қызғанышпен қараймыз. Әрине, көпке топырақ шашуға болмайды, «өзім көрмесем де, ұрпағым көрсін» деп жақсылыққа ғұмырын арнап жүрген азаматтар жетерлік. Ал «өзім үшін ғана» деу – сананың кертартпалығынан.
Есей Жеңісұлы: Сіздер бірнеше дәуір қатарласа алмасқан сәтті көрдіңіздер. Кеңестік дәуірді де, заманның аласапыран ауытқыған тұсын да, қазіргідей қазақтың жоғын жоқтап, ел етуді мұрат тұтқан уақытқа да келіп отырсыздар. Сіздердей, өзіңіз айтпақшы, ғасыр тоғысында өмір сүрген адамдар тарылмаса керек еді ғой...
Аманхан Әлімұлы: Кеңестік кезеңдегі тәрбие ұжымдық тәрбие болатын. Мәселенің бәрін партия шешіп береді, ал ол соған бас шұлғып отырады. «Бізге біреу шешіп беруі керек, ертең балама да біреу шешіп береді» деген ұғым бойына әбден сіңіп қалған. Содан әлі арыла алмай отыр. Совет одағын үлкен астау десек, біз бәріміз сол астаудан ас ішіп үйрендік. Орталық комитет хатшысы астауға тамақ құйып береді. Партия съезінде хатшы не айтса, жабылып қол көтереміз. Қарсы және қалыс қалушылар жоқ. Партия айтып отыр, қай бетімізбен қарсы боламыз? Ұжымдық тәрбие осылай шырмады, жеке тұлғалар ысырылды. Өз ойы бар адамдарды елге, халыққа қарсы деп жарияланды. Жеке тұлғаны ұжым, партия басып отырды. «Мен өмірден қызық көріп қалуым керек, ертең баламды мемлекет асырайды» деп өмір сүрді. Қазіргі қоғам басқа. Ұжымдық, астаулық қоғам тарағаннан кейін жеке тұлғалардың дәуірі туды. Менің балам иығыма шықсын, бірақ одан арғы биіктерге өзі көтерілуі керек. Мен өз еңбегімен, маңдай терімен көтеріліп келе жатқан азаматтарды көріп жүрмін. Қазір адам өзінің Алла берген барлық жақсы қасиетін шығарып жатыр. Тіл үйреніп, техниканы игеріп, батыстық, шығыстық қарым-қатынастардың ең жақсы үлгілерін сіңіріп, бәрін синтездеп, мықты жігіттер бой көрсетіп келе жатыр.
Есей Жеңісұлы: Сол сіңбе мінезден, ортақ астауға жалтақтаудан арылдық па? Арылып бітеміз бе, жалпы?
Аманхан Әлімұлы: Менің ойымша, толық арылу үшін екі буын жаңарады.
Есей Жеңісұлы: Сонда біз бәріміз өліара уақыттағы құрбан буын болып тұрмыз ғой?
Аманхан Әлімұлы: Иә, тура солай. Мысалы, мен әлі күнге дейін қалалық бола алмай жүрмін. Ауылдан шығып кеткенмін, қалаға келдім, бірақ қалада тұрып, қалаға жете алмай жүрмін. Өйткені, менің бүкіл жаным – ауыл. Ал жаңа ұрпақ жетеді соған. Олар осы заманда туды, осы ауамен дем алып жүр, осы заманның ыңғайын біліп өсіп келе жатыр.
Есей Жеңісұлы: Сөзіңізді бөлейін. Мысалы, сізде, біз де ауылға барсақ, оп-оңай қи шығара береміз. Қаланың көшесінде де сықиып киініп, еркін жүреміз. Мүмкін, болашаққа осындай ұрпақ керек шығар...
Аманхан Әлімұлы: Енді ондай ұрпақ табу қиын... Біз қалағанмен де, уақыт бәрібір дегенін істейді. Бәрібір бөлшектейді. Ұлым менің бойымнан алыс бір замандардың елесін көріп тұрады. Орысша сөйлей қалсам, қатемді таба қояды. Адамдарға ауылдағыдай ақ көңілмен қарағым келеді, соным үшін де жазғырғандай болады. «Қалада сіздің ауылыңыздағыдай мейірім жоқ» дейді. Менің Қалу деген жақсы жолдасым бар. 1991 жылдан бастап ол кітап сату бизнесімен айналысты. Қазір кітап дүкендері желісі Қазақстанның үлкен қалаларының бәрінде бар. Сол Қалу ауылға барып, оншақты жігітті жұмысқа шақырады. Ағасының баласын да алады. Бірақ ол жігіт ішеді екен. Бір жылдан кейін ауылға қайта барады. Әкесі баласының жайын сұрайды. «Соны айтуға келдім» дейді Қалу. «Балаңызды жұмыстан шығарамын. Мен мемлекеттен ақша алып жатқан жоқпын, әр тиын зор еңбекпен келеді. Балаңыз менің қызметкерлерімді бұзып жүр. Маған ондай жұмыскер керек емес. Ағайыным болса да» деп ескертеді. Міне, капитализм заңы осы. Қаласақ та, қаламасақ та, уақыт осыған әкеледі. Сенен тек пайда көруді ойлайтын адамдардан қашып жүретін боласың.
Есей Жеңісұлы: Жаңа қоғам біздің ұлт ретіндегі мүмкіндіктерімізді ашып жатыр дей аламыз ба?
Аманхан Әлімұлы: Ұлттың да, жеке тұлғалардың да қасиетін ашып жатыр. Жалқау адам жұртта қалады. «Есектің артын жусаң да мал тап» деген мақалдың дәуірі енді туды. Біз маңдай терімен табылған нәрсенің ешбірінен ұялмауымыз керек. Бірде Қалтай Мұхамеджановтан: «Қалаға, қазір бәрі бай болып жатыр. Ұрлап-жырлап, жасырып-асырып... Осы байлық қанша ұрпағына жетеді?» – деп сұрадым. «Жетсе, өзіне жетеді, сәл асса баласына жетеді» деді Қалағаң. «Неге?» «Мысалы, шын капиталистің фабрикасы, зауыты, бір өндіріс орны болады. Соған баласын апарып, аралатып жүріп көрсетеді. «Мынау – сенің фабрикаң. Мынау – сенің ұжымың. Мынау – бухгалтерің. Ақша былай келіп жатыр, балам» деп түсіндіреді. Біздің баяғы байлар да баласын атқа мінгізіп алып, үйір-үйір жылқысын, отар-отар қойын көрсететін. Бала әр айғырдың үйірін танып, қойшысы мен жылқышысын біліп, оның жағдайын сезініп өсетін. Ал қазіргі дүние жинағандар несін көрсетеді? Алған парасын, жасаған ұрлығын көрсете алмайды ғой! Баласы дүниенің қайдан келгенін білмейді. Әкесі өмірден өткен кезде бала сасып, сансырап қалады» деді. Қазіргі саналы жас ұрпақ осындайдың ара жігін ажыратып келе жатыр. Соған қуанамын.
Есей Жеңісұлы: Фейсбукке өлеңдеріңізді жариялап тұрасыз. Маған «Балықта» деген өлеңіңіз қатты ұнады. Қат-қабат, қым-қуыт ойларға батып жүрген ақыннан осындай нәзік өлең қалай туады?
Аманхан Әлімұлы: Мен ауылға жиі барамын. Барған сайын, ауылдың ең жақсы мінездерін, қасиеттерін жаныма жазып алып қайтамын. Алматыға оралғанда, соның бәрі қорытылып, өлең болып туады. Ол – табиғи. Жалпы көп нәрсе адамға бала кезде бұйырады. Бала кезінде не көрсе, сол санасында өмір бойы сақталады. Шығармашылық адамы көре білу, сезе білуі және біле білуі керек. Осы үш қасиет болса, ол сезінген нәрсесін жақсы қорыта алады. Мен көп оқыған жігіттерді білем, бірақ қорытынды жасауы нашар. Әлем әдебиетін оқыған дұрыс, бірақ оны қазақы таныммен қорыта алу қажет.