Ғани Ахметбаев: «Жылқы жылында бір жылы көзқарас болатын шығар»

Oinet.kz 30-01-2014 1010

Screenshot_15.jpg

Ғани Ахметбаев, Оңтүстік Қазақстан облыстық ұлттық спорт түрлерінен балалар мен жасөспірімдерге арналған мамандандырылған спорт мектебінің директоры:

- Биыл - жылқы жылы. Төрт түліктің төресі – жылқының жалын сипап жүріп жұмыс істейтін арнайы мектептің бағыт-бағдарына қысқаша тоқталсаңыз.  

- Ел ішінен жиналған дарынды жігіттер ат спорты түрлерінен бақ сынауға халықаралық деңгейдегі жарыстарға жиі қатысады. Сол жарыстардан бірнеше дүркін жеңімпаз атандық. Қазір мектепте көкпар, аударыспақ, теңге ілу, ат үстіндегі күрес, бәйге, қыз қуу, саят, кедергілерді бағындыру, сондай-ақ,  қазақ күресі мен тоғызқұмалақ секілді спорт түрлерінен шәкірттер даярлаймыз.

- Соңғы уақытта көкпар төңірегінде әр алуан алыпқашпа әңгіме көп, соның бірі – сыбайластық. Сіздің бұған көзқарасыңыз қандай?

- Алдымен көкпар қалай өтетіне тоқталайық.  Әуелі командалық жүйеге келейік. Мұнда қатаң түзілген ереже аясында сыбайластыққа  ешқандай жол берілмейді.  Шымкенттік шабандоздар ел біріншілігінде көштің басын бермей жүргені елге белгілі. Ал, атқа құмар атаулының бәрі қатыса алатын жаппай көкпардың қайсыбір түрінде болмасын сыбайластық, бәйгені бармақ басты, көз қысты әрекетпен әбден талан-талаж таражға салып үйренгендер туралы аз естіп жүрген жоқпыз.  Әрине, бұған бірінші кезекте сол көкпарды ұйымдастырушы той немесе ас иесінің өзі кінәлі. Елдің батасын алатын адам осы жағына абайламайтыны алаңдатады. Дегенмен, бүгінде оңтүстік өңірде көкпар  негізінен белгілі бір тәртіпке, ережеге бағынып, дұрыс өткізіле бастады. Бұл бізді қуантады.

- Көкпар бәсекесін  әлемдік деңгейге дейін өсіру, Олимпиадалық ойындардың тізіміне қосу керек деген де бастама көтерушілердің кейінгі кезде үні естілмейді.

- Көкпарда тірі серке сойылып, сонымен шабады. Бұл әдіс біріншіден, әлемдік деңгейдегі жан-жануарларды қорғайтын беделді ұйымдардың қатты наразылығын туғызып жүр. Екіншіден, әр ұлтқа тиесілі спорт түрін бүкіл әлемге тарату оңай шаруа емес. Көздеген мақсатқа жету көп жылдарға созылмақ, Дегенмен, бастапқы жетістіктер де бар. Сегіз мемлекеттің мықты деген шабандоздары қатысқан Азия біріншілігі өтті. Келесі жылы Түркияда Азия біріншілігі екінші рет өткелі отыр. Ең назар аударатын жәйт, халықаралық «Көкпар» федерациясын  басқару билігі Қазақстан азаматына бұыруы елеулі табыс. Ол еліміздегі ұлттық спорт түрлері қауымдастығының  төрағасы Қайрат Сатыбалды. Кезінде халықаралық штаб Бішкек қаласында болса, қазір Астанаға ауысты.

- Ат спорты үшін басты шарттардың бірі--мектептің қарамағындағы атшабар қаншалықты талапқа сай?

- Алматы мен Астана жақпен салыстырғанда Шымкенттегі  атшабарда кедергілерден секіру жарысын өткізудің өзі ұят. Заман талабына сай атшабар, жаттығу залдары, жарыс өтетін алаңдарды талапқа сай  етуге талпынып-ақ жатырмыз. Алла жазса облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қолдауымен биылғы жылқы жылында ат спорты мектебіне үлкен қолдау көрсетіліп, бірнеше жылдан бері қордаланған өзекті мәселелер оңынан шешіледі деген ойдамыз. Ат спорты мектебіне жылқы жылында бір жылы көзқарас  болатын шығар.  

"Рейтинг" газеті

Ибрагим Дәрібаев: «Жұмыс іздеп келіп жұбайыма айналды»
Мақпал Жұмабай: «Біз барлығымыз таза адамдардың алдында қарыздармыз»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу