Мәдина Ермаханбетова: «Бізге қателесуге болмайды»

Oinet.kz 14-12-2017 993

Screenshot_33.jpg

Мәдина Ермаханбетова,Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби аудандық ауруханасының бас дәрігері

– Мәдина Сейфоллақызы, бүгінде сіз тәжірибесі мол, білікті дәрігерсіз. Осы мамандықты таңдауыңызға не себеп болды? Ата-анаңыздың ықпалы ма, өзіңіздің қалауыңыз ба?

– Анам 13 құрсақ көтерген. Өкінішке қарай, содан аман қалғанымыз өсіп-өнген алтаумыз. Екі рет түсік тастады. Бес бауырым 1 жасқа жетпей шетінеп кетті. Ол кезде мен бойжетіп қалған қыз болатынмын. Бес баланың да өлімін өз қолымнан өткіздім десем де болады. Соңғы босанғанында шешем қатты ауырды. Осындай жан азабын көріп өскеннен кейін мен өзіме «Ақ халатты дәрігер боламын!» деп серт бергенмін. Әрбір шаңырақтағы, үйдегі, отбасылардағы адамдар қайғы жұтып қиналмауы үшін оларды емдеймін, тірі қалдырамын деп ойладым. Адамдарды осындай орны толмас қасіреттерден құтқарғым келді. Жарас, Сандуғаш, Алтынай, Айнаш, Мөлдір деген бір ұл, төрт қыздан айырылуымыз менің дәрігер болуыма әсер етті...

Мектепті алтын медальмен бітірген мен сол жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтына оқуға түстім. Өзгелер сияқты қайта-қайта емтихан тапсырып әуре болған жоқпын. Сонда ойланбастан емдеу ісін таңдадым. 

– Сіз үйдің үлкені болдыңыз ғой...

– Мен үшіншісімін. 

– Жалпы, өзіңіз басқаратын ауруханада қанша жылдан бері еңбек етіп келесіз?

– Биыл 11 жыл толды. 7 жыл бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс істедім. 2014 жылдан бастап осы ауруханаға басшылық етіп келемін. 

–  Кәсіби карьераңызды қалай бастағаныңыз есіңізде болар...

– Әрине, Қарағанды мемлекеттік медицина институтын тәмамдаған соң Шымкент қаласында бұрынғы №6 Жедел медициналық көмек көрсету ауруханасында іс-тәжірибеден өттім. Сосын сол кезде жедел жәрдем пунктінде дәрігерлер қажеттілігі туындап жатыр екен. Шымкент қалалық №1 жедел жәрдем көрсету станциясына дәрігер болып орналастым. Линия дәрігері, биг бригада деп атайды – инсентивті  терапия, кардиолгиялық бригадалардың бәрінде жұмыс істеп жүріп, бес баланың анасы атандым. Сол жерден кейін осы Төлеби аудандық аруруханасына ауыстым.

– Гиппократ антына қалай қарайсыз?

– Медициналық оқу орнын бітірушілердің барлығы жұрттың алдында салтанатты түрде беретін ант қой. Мұның басты шарты – ең алдымен өз ісіңе адал болу, дәрігерлік құпияны сақтай білу, қай жерде, қандай жағдайда болмасын, пациентке бірінші болып медициналық көмек көрсету. Бір сөзбен айтқанда, бұл – бар күш-жігеріңді, алған біліміңді, бар тәжірибеңді соңғы мүмкіндігіңе шейін Отанға адал қызмет етуге жұмсау. Меніңше, Гиппократ антын бұзған дәрігер емес. 

Дәрігер алғыс алу үшін қызмет көрсетпеуі керек

– Өз кәсібіңізде мамандығыңыздың қай жағы көбірек ұнайды?

– Өлім туралап келмеген жағдайларда адамдарды аман алып қалудың себепшісі болып, кейін сол пациенттеріңіздің дені сау болып өмір сүріп жатқанын көргеніңізде, өз ісіңізге марқаясыз. Кеудеңізді шаттық кернейді. Мамандығыңызбен іштей мақтанасыз. 

Бір жолы бізге тамағын шарқайрақ кесіп кеткен науқас жеткізілді. Аурухананың дәлізінен бастап, жансақтау бөлімінің палатасына дейін қан жоса болып кетті. Әбден қансыраған адамды аман алып қалу мүмкін емес секілді болды. Құдайдың құдіретімен өмірі қыл үстінде тұрған кісі аман қалды. Уақытылы мойын қан тамырларын бір-біріне дұрыс жалғап үлгердік. Қан тоқтады. Шұғыл көмекке Шымкенттен санавиациямен дәрігерлер келді. Ота сәтті жасалды... Кейін сол кісіден «Сіздің туған күніңіз қашан?» деп сұрасам, ол «Бұған дейін анамның дүниеге келтірген сәті менің туған күнім болып келген еді. Енді енді екінші туған күнімді атап өтетін боламын. Оған сіздер себепкерсіздер» деп күлімсірей жауап берді. Мұнысы «Құдайға мың тәуба! Дәрігерлердің арқасында аман қалдым!» деген ризашылығы екені анық. Сондай сәттерде емдеу ісін таңдағаныма, дәрігер болғаныма мақтанамын. 

– Иә, жантебірентер оқиға екен. Шарқайрақ қалай ол кісінің тамағын орып кеткен? Біреудің қастық әрекеті ме?

– Бізге ол жағы маңызды емес. Өйткені дәрігерлердің міндеті – қолдан келетін бар мүмкіндіктерін пайдаланып пациентті аман алып қалу, емдеу. Дегенмен, оқиғаның қалай болғаны кімнің болса да білу құштарлығын оятатыны анық. Білгеніміз – токпен істейтін құралдың айналып тұратын кескіш дөңгелек тасы бекітілген орнынан босап шығып кетіп, қолданушының тамақ тұсына дөп тиген. Осындай жазатайым оқиға екен....

– Екінші туған күні бар азамат алғысын айтып тұратын шығар...

– Адамдардан алғыс есту көңіліңізді көтеріп, жігерлендіретіні анық. Жылы сөз тілеулестік қой. Бірақ, дәрігерлер алғыс алу үшін медициналық көмек көрсетпейді. Бұл – міндетіміз! Сондықтан, бізге олардың ризашылығынан гөрі аман-есен өмір сүруді жалғастырғаны қымбат. Дегенмен, сол кезде пациентіміз 46 жаста болатын. Кейін оңалту бөліміне жатып ем қабылдады. Әрине, өзгеріс бар. Дауысы бұрынғыдай анық шықпайды. Ең бастысы – өміріне риза. Бала-шағасы алдында... Бізге де керегі осы!

– Бір жұмыс күнінде аурухана дәрігерлері шамамен қанша адамға қызмет көрсетеді?

– Бір дәрігер 70 шақты пациент қабылдап үлгереді. Оның 30-ында науқасқа шұғыл жағдайда медициналық көмек көрсетіп жатады. Түнгі мезгілде келетіндері көп. Өйткені ауру көбіне түнде қозады. Солардың барлығына дәрігерлік көмек көрсетіп, ауруханаға жатуы тиістерін палатаға жайғастырамыз. Жағдайына қарай стационарлық емдеу тағайындаймыз, амбулаториялық көмекке жолдаймыз. Медицина мамандары осылай күн-түн демей халыққа қалтқысыз қызмет көрсетеді....

«Өз қатыным, өзім білем!» дейтіндер бар...

– Қай салада болмасын, халыққа мінсіз қызмет көрсету оңай шаруа емес. Айтыңызшы, пациентіңізге көбіне нені түсіндіргіңіз келеді?  

– Әр адам өз денсаулығына ең алдымен өзі жауапты екенін түсіндіргім келеді. Мысалыға айтар болсам, жүктілікке дайын болмаса да бала көтеретіндер бар. Бұл – ұрпақтан бұрын ананың өміріне қауіпті. Дені сау анадан дені сау перзент туады. Ал, адамның – халықтың мемлекеттің басты байлығы екенін ескерсек, сау ұрпақ – кемел келешегіміздің кепілі! Өзім аудандық мәслихаттың депутаты болған соң сайлаушыларыммен, ауыл тұрғындарымен кездескен кезде де осыны түсіндіргім келеді. «Ауырып ем іздегенше ауырмайтын жол ізде». Мұны қайталап айтудан жалықпаймын да. Өйткені әлі де «өз қатыным, өзім білемін!» дейтіндер арамызда аз емес. Бұл балалы болуға ғана қатысты емес. Өз денсаулығына да солай қарайтындар бар. Бірақ бұл дәрігердің ғана міндеті емес, баршамыздың парызымыз. Естияр әрбіріміз сапалы өмір сүруді санаға тәлім-тәрбиемен сіңдіріп, қалыптастыруға үлесімізді қосуға тиіспіз.  

Емдеу ісінде бойыңызды қорқыныш сезімі билеген кез болды ма?

– Әрине. Ауыр хәлдегі әйелдер стационарға түскен кезде қан кетіп, кейде тоқтата алмай жатқанымызда тұла бойымды қорқыныш билейтінін жасырмаймын. Аман қала ма, жоқ па? Іштей Жаратқанға жалбарынып, ешкімге сездірмей әрекет етуге ұмытыламыз. 

– Жұмысыңызда ең қиын нәрсе не?

– Пациентіңіздің қайтыс болғанын туған-туыстарына айту, түсіндіру.

– Сіздің ойыңызша, жақсы дәрігер қандай болуы керек?

– Жақсы дәрігер болу үшін ең алдымен адамды жақсы көре білу керек. Онсыз болмайды. Өз мамандығын сүюі тиіс. Сондай азамат ғана өзгеге өмір сыйлай алады. Бірақ, өз ісіне шын берілгенмен тәжірибе алмасулардан шет қалып қояр болса да жақсы дәрігер болу қиын. Өткені білетіні шектеулі маман ұзаққа бармайды. Біліктілігі төмен медицина қызметкерінен жақсы дәрігер шықпайды. 

Күнде таңертең аурухана қызметкерлерімен лездеме өткізгенде ең алдымен пациенттерге жылы сөйлеуді талдап етемін. Әкем марқұм айтушы еді, «Бір ауыз жылы сөзбен қанша ауруды емдеп жіберуге де болады» деп. Барлық науқасқа туысыңыздай жанашырлықпен қараңыз. Бір палатада, бір бөлімшеде ем қабылдап жатқандар да өздерін туған-туыстардай сезінуі тиіс. Міне, осындай аура қалыптастыра білген, пациенттерінің сеніміне ие болған адам жақсы дәрігер. 

– Науқасқа емнің әсер етуі оның көңіл-күйіне байланысты деген пікір бар...

– Толық қосыламын. Жаңа мен неген пациенттердің дәрігерге сенімі туралы айттым. Дәрігер қанша жақсы, кәсіби білікті болғанымен оған күдікпен қарап, сенімсіздік танытатын сырқаттанушыға ем қонбайды. Сенім арқылы адам алдымен дәрігерге емес, өзіне көмектесе алатынын білуі тиіс.

– Сұқбат бергенде не суретке түскенде дәрігерлер көбіне екеуін болмаса да әйтеуір бір қолын қалтасына салып тұрады. Сізде ондай әдет жоқ па?

– Байқампаз екенсіз. Бұл жағынан алғанда журналистермен дәрігерлердің ұқсастығы бар. Медицина қызметкерінің әрбірінің қалтасында қаламсабы қатар жүреді. Олар әр науқас келген сайын ауру тарихын қағазға түсіруге дағдыланған ғой. Адамның дене қызуын өлшегіш секілді қажетті медициналық құралдарымызды да салып жүреміз. Содан да шығар, қолдарымызды қалталарымызға сала беретініміз. Бірақ, менде ондай әдет жоқ.

Дамудың бастауы – тәжірибе алмасу

– Біздің қоғамда медицинаның деңгейін республикалық, облыстық, аудандық деп қарастыру дағдыға айналған. Тіпті медицинаны терең білмейтін қарапайым тұрғындарда да сондай көзқарас бар. «Аудандық аурухана дәрігерлері ештеңе білмейді, Шымкентке апарайық» дейтіндерді жиі естиміз. Бұған не себеп? Шынымен сондай ма? Әйтпесе, облыс орталығындағы емді ауданда да жүзеге асыруға болады ғой. Осындай келеңсіз ұғымнан қалай, қашан арыласыздар? 

– Біздің аудандық аурухана мамандандырылған медициналық көмек көрсетеді. Ал, арнайы мамандандырылған медициналық көмек көрсететін ауруханалар облыс орталықтарында орналасқан. Сосын еліміздің бас қалаларында жоғары деңгейлі арнайы мамандандырылған емдеу мекемелері бар. Отандық медицинаны үш деңгейге бөліп қарастырудың себебі осы. Біз науқас келген кезде мамандандырылған көмек қажет ететін болса, өзімізде жатқызып, көмек керек болса облыс орталығынан дәрігерлер алдыртып, емдейміз. Сіз айтқандай Шымкенттегідей емдеуге аудандық аурухананың да қауқары жетеді. Бізде де облыс орталығындағыдай білікті, тәжірибесі мол дәрігерлер, медициналық құрылғылар бар. Сондықтан, Төлеби ауданында Шымкентке бармасақ болмайды дейтіндер көп емес деп ойлаймын. Кейде өзіміз жіберетін кездер де болады. Ол емдей алмаған соң емес, кейбір дәл диагноз қоятын медициналық аппараттың тек облыс орталығында ғана болғандығынан. Бірақ, бұл аудандық аурухана диагноз қоя алмайды дегенді білдірмейді. Меніңше, мұндай пікірді бізде емделмеген, білмейтін адамдар айтады. Бір ғана дәрігерімізді айтып мақтансам да болады. Райхан Тоғызбаеваның науқасты қалыпты медициналық тексеруден өткізіп, ешқандай аппараттың көмегінсіз-ақ қойған диагнозының дұрыстығы Астана мен Алматыда мойындалып жатуы соның айғағы. Ал, әлгінде өзіңіз айтқандай келеңсіз ұғымдардан арылу тек дәрігерлерге ғана байланысты емес. Дегенмен, халық арасында аурудың алдын алу барысында кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеміз.  Алайда, атап айтуға тиіспіз, Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Кеңесбекұлының көмегімен ауданға қажетті медициналық құрылғылардың барлығын алып жатырмыз.   

– Бес жылдан кейін сіз басқаратын аурухананың қандай болатынын елестете аласыз ба?

– Осы қазан айынан бастап Елбасының Жарлығымен бекітілген «Денсаулық» 2016-2019 жылдарға арналған  мемлекеттік бағдарламасына сәйкес облыстағы аудандық ауруханалар мен емханалар біріктірілді. Бұл қайта ұйымдастыру негізінде аудандарда дәрі-дәрмек пен құрал-жабдықтарды тиімді пайдалануға  мүмкіндік береді. Нәтижесінде медицина қызметкерлерінің қосымша ақы төлеу, науқастарды қабылдау жағдайларын  жақсартуға болады. Сондай-ақ, аудандардағы денсаулық сақтау ұйымдарының функцияларының қайталануына жол берілмейді. Кадр тапшылығы болмайды. Аурухана мен емхана қызметкерлері бір ғимаратта болған соң бірі-бірімен араласып, тәжірибе алмасу жұмыстары жандана түседі. Бұрын аурухананың маманы емханаға барып қызмет көрсете алмайтын. Енді ондай кедергілер жоқ. Медицина қызметкерлерінің жұмыс уақытын  барынша  ұтымды пайдалану жоспарланған. Енді бізге шаруашылық жүргізу құқығы беріледі. Яғни, аудандық аурухана өзін-өзі қаржыландыратын болады. Бұл Міндетті әлеуметтік мелициналық сақтандыру жұмысына көп көмектеседі. Медсақтандыруға байланысты, әркім әртүрлі алыпқашпа әңгемелерді өртбітіп жүр ғой. Негізінде МӘМС бізге керек. Оны ендірген соң басқа да емдеу мекемелерімен бәсекелестік күшейеді. Бұл – дамудың бастамасы. Мен өзім көрген Оңтүстік Корея мемлекетінде бәрі ақылы. Содан ба, адамдары ауру-сырқауды білмейді. Тұрғындар ерте бастан өз денсаулықтарына мән беруге үйренеді. Сондықтан мен жетекшілік ететін аудандық аурухана ғана емес, отандық медицинаны қарышты даму күтіп тұр. 

– Дәрігерлік қателік деген ұғым бар. Одан ешкім де сақтандырылмаған. Шыныңызды айтыңызшы, сізде кездесті ме?

– Дұрыс айтасыз. Одан ешкім де сақтандырылмаған. Бірақ, болдырмауға болады... Есіме түспей тұр, менде кездеспеген болу керек.

– Өзіңіз басқаратын ауруханада ондай жағдай орыналып жатса, қалай әрекет етесіз?

–  Бірде ондайға өзім куә болғанмын. Бірақ, оны дәрігерлік қателік деп айтуға аузым бармайды. Өйткені мен дәрігердің пациентке тағайындаған емінің әсер етпейтініне көзім жетіп тұрды. Сосын ол қызметкерді жеке шақырып алып түсіндірдім. Қандай препараттар қолданғанда науқастың жағдайын жақсартуға болатынын айттым. Кейін оған ғана емес, барлық қызметкерлерге білмегенін тәжірибелі әріптестерінен сұрап білу керектігін, тиісінше білікті мамандарымыздың өзгелерді үйрету қажеттігін айттым. Өйткені тәжірибе алмасулар дәрігерлік қателіктің алдын алуға көмектеседі. Облыс әкімдігінің қолдауымен Денсаулық сақтау басқармасы басшылығының әлемдегі медицинасы қарқынды дамыған елдермен меморандумға отырып, өңірдің медицина мамандарын сол мемлекеттердің үздік клиникаларында тәжірибе алмасуға жіберуінің сыры да осында ғой деп ойлаймын. Әрине, негізгі мақсат –олардан үйренгенімізді, білгенімізді отандық медицинаға ендіріп, еліміздің денсаулық сақтау саласын дамыту. Дегенмен, даму тәжірибе алмасу арқылы жүзеге асады. Рас, дәрігер де адам. Солай екен деп бізге қателесуге болмайды. Өйткені әрбір әрекетіміздің артында адам, отбасы тағдыры тұр.  

– Хоббиіңіз бар шығар...

– Гүл өсіргенді ұнатамын. Жұмыста болса да қолым қалт етсе аурухананың ауласына еккен гүлдерімді баптауға кірісіп кететінім бар. Мұны хобби деуге де келмейтін шығар. Бұл әдемілікке әуес әйелдің әрекеті болуы да мүмкін ғой. 

– Әсерлі әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен З.ӨМІРЗАҚ

Айнұр Асанберді: «Әрдайым әдемі болып жүру – басты қағида»
Бастар Есқараев: «Бейбіт күнде өндірісте адам өлмеуі керек»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу