Бастар Есқараев: «Бейбіт күнде өндірісте адам өлмеуі керек»
Бастар Есқараев, Оңтүстік Қазақстан облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысы
- Жуырда жаңадан құрылған басқарманың басшысы ретінде «Сіз өзіңіздің еңбек құқығыңызды білесіз бе? деген тақырыппен ашық есік күнін өткізіп, оған журналистер де шақырылды. Әңгімемізді ашықтықты насихаттайтын мұндай іс-шараның жұмыс жүргізуге қаншалықты пайдасы барын білуден бастасақ.
- Мен ойымша, барлық мемлекеттік органдар халық үшін жұмыс жасайтын болған соң, оның атқарып жатқан қызметі үнемі жария етіліп тұру керек, әрине мемлекеттік құпиядан басқалары. Өзім де жариялы түрде жұмыс істегенді жақсы көремін. Нақты ақпарат болмаған жерде өсек-аяңға жол беріледі. Алғаш рет ұйымдастырған «Ашық есік» күнінің өзі бізге пайдалы болды. Осы іс-шараны ұйымдастырудың арқасында бір фактінің беті ашылды. Шымкентте орналасқан Түркістан моншасында жұмыс істеп жатқан жерінде бір адамның қайтыс болғаны жайлы мәлімет түсті. Заң талабы бойынша монша әкімшілігі бұл жайттан бізді міндетті түрде хабардар етуі тиіс еді, алайда, хабар бермеген. Факт белгілі болды, енді оның қалай болғанын, тиісті мекеме не үшін бізге хабарламағанын анықтайтын боламыз. Соған орай жауапкершілік мәселесі де қаралады. Өкінішке қарай, қазір насихат жұмыстары барынша күшейтілгенімен, жұмыскерлер тарапынан өз құқықтарын білмейтін жайттар жиі кездеседі.
Осы жолғы ашық есік күнінде қаншама адам өздерінің көкейіндегі сұрақтарға мамандардан жауап алды. Ақпарат құралдары арқылы да елдер білсін: осындай іс-шараны біз әр айдың соңғы жұмасы күні сағат 11-ден -13-ке дейінгі аралықта өткізуді жоспарлап отырмыз.
- Сөзіңіз аузыңызда, сонда жұмыс уақытысында жазатайым жағдайларға жолыққан жұмыскерлер қатары көп пе?
- Жүйедегі өзгерістерге орай насихат жұмыстарына көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік туып, соның әсерінен болар анықталған жазатайым оқиғалар да күрт артты. Мәселен, жыл басынан бергі алты айдың көлемінде орын алған 53 жазатайым оқиғаның салдарынан 56 адам зардап шексе, 10 адам қайтыс болды. Соңғы жылдары жазатайым жағдайлар азайды деген энергетика саласында өзінде соңғы айларда 3 өлімге апарып соққан жазатайым оқиға орын алып отыр. Олардың барлығының әлі нақты бағасы берілер, бірақ, бүгінде бір жағдай анық: Мақтаралда электр есептегіш құралын орнату бойынша шебер Б.Тұрғанбаевтың өлімі өндіріспен байланысты және оның қайғылы жағдайға ұшырауына мекемедегі ұйымдастырушылық жұмыстардың жеткіліксіз дәрежеде екені болғаны айдан анық. Осы қайғылы 3 жағдайдан кейін, облыс бойынша осы саладағы барлық қызметкерлерді қайта оқытып, олардың «білімдерін тексеру қажет» деген қорытындыға келіп отырмыз. Жалпы алғанда, өндірістегі жазатайым оқиғалардың негізгі себептері ретінде қауіпсіз еңбек тәсілдеріне жеткілікті үйретпеу, жұмыстарды қанағаттанғысыз дәрежеде ұйымдастыру, өндірістік және еңбек тәртібінің бұзылуы, жоғары қауіптілік жағдайында жұмыстарды қауіпсіз жүргізуге қадағалаудың болмауы, техника қауіпсіздігі бойынша нұсқаулықтың өткізілмеуі секілді кемшіліктерді айтуға болады.
Күнделікті тіршілікте еңбек қауіпсіздігіне оқытуға, нұсқаулықтан өткізуге көпшілік басшылар мән бермейді. Ал, бірақ, дана халқымыз «күзе мың күнде емес, бір күнде сынады» деген емес пе? Кезінде қырым қанды безгенінен көз жұмған Түркістандық дәрігерлерге қатысты оқиғаға байланысты сол кездегі денсаулық сақтау министрі ақ халаттылардың өздерін кінәлаған жағдай болғанын білесіз. Мен бұған қарсы болдым. Өйткені өзгенің өмірін аман алып қалам деп, өздері ажал құшса, қалай біз оларды кінәлауымыз керек? Менің білуімше, марқұм хирург өте тәжірибелі дәрігер болған. Бірақ, адам қанша тәжірибелі болғанымен, қателеседі. Оның ота жасау барысында медициналық қолғабы жыртылып кетіп, отаны жалаңаш қолмен жалғастыра берген. Ота ұзақ болған. Негізінде мұнда жұмыс берушінің де кінәсі бар. Жұмыс беруші ота жасайтын бөлмеге еңбек қауіпсіздігі бойынша арнайы нұсқаулықты іліп, онымен маманды таныстыру қажет еді. Тауардың сертификаты болуы керек. Барлық салада тәуекел көзі болады, сондықтан басшылар тарапынан осының барлығы орындалып, бақылауға алынуы қажет. Осыны жасамады ма, демек, жұмыс беруші кінәлі. Ал, аталған талаптардың барлығы орындалып, осыдан кейін де мамандар қателікке жол беріп жатса, онда жұмыскердің өзі ғана кінәлі болып шығады.Біздің қызметтің қиындығы сол - әр жағдайға жіті көңіл бөліп, әділ қарау керек.
«Лауазымды адамдар ережеге бағынғысы келмейді»
- Жазатайым жағдайда арнайы комиссия қалай құрылады?
- 5 адамнан көп адам жазатайым оқиғадан өлім құшатын болса, арнайы тергеп-тексеру комиссияся Қазақстан Республикасының Үкіметі тарапынан, 3-5 адам аралығында шығын болса, комиссия еңбек бойынша уәкілетті орган –Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан құрылады. ал, 2 адам мерт болса, комиссия төрағасы өзім, бір адам өлсе - мемлекеттік еңбек инспекторы төраға болады. Зардап шегушінің жарақаты жеңіл болса, жұмыс беруші өз мекемесі ішінде комиссия құрып, тексеру жүргізеді.Жазатайым оқиғаларды арнайы тергеп-тексеру бойынша комиссияны еңбек инспекциясының басшысы ретінде мен құрамын. Өмір болған соң болады ғой, кейбір біздің үлкен лауазымды адамдар бұл ережеге бағынғысы келмейді. «Мені министр тағайындаған , неге мен облыстың Бас мемлекеттік еңбек инспекторы құрған комиссияда жәй ғана комиссия мүшесі болады екенмін» деп бұлтақтады бұрын Мәжіліс депутаты болған бір ағамыз. Сол ағамыз өзінің қызметкері жазатайым оқиғаға душар болғандықтан тексеру жұмыстары әділ жүргізілуіне көз жеткізу үшін – ол жұмыс беруші ретінде аталған комиссия мүшесі болатынын, бұл еңбек заңдылығының талабы екенін, ал ол заңдылықтың өзі Парламентте депутат болып жүргенде қабылданғанын білмегені өкініші, әрине!
- Ал, жазатайым жағдайда жарақат дәрежесі қалай анықталады?
- Өндірістік жарақаттың ауырлығын анықтау кестесі ретінде ескіліктің көзіндей болып, Кеңес өкіметінің, дәлірегі КСРО Денсаулық сақтау министрлігінің сонау 1980 жылдың 22 қыркүйегінде бекіткен ережесі әлі күнге қолданылып келеді. Ол арнайы бланкаларда қазір де көрсетіліп жүр. 80-ші жыл қайда, қазір қай кезең? Мен одан басқа құжатты таба алмай отырмын. Бұл мәселе бірнеше рет және әртүрлі дейгейде айтылған.
«Арыз-шағымдарды тексеріп үлгеру қиын»
- Соңғы уақыттағы бірқатар құрылымдық өзгерістердің сала жұмысын сапаландыруға қаншалықты пайдасы бар?
- Құрылымдық өзгеріс Үкіметтің қаулысымен іске асып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіндегі 325 мемлекеттік еңбек инспекторының біздің облысымыздағы 23 штаты жергілікті атқарушы органға беріліп, жаңадан құрылған Оңтүстік Қазақстан облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасына бекітілді.Алайда, оның 19-ы ғана мемлекеттік еңбек инспекторы міндетін атқаруда. Өзгелері бухгалтерлік-кадрлық жұмыстармен айналысады. Құрылымдық өзгерістер сала жұмысының сапасын арттыру үшін жасалып отырғаны анық, алайда, бәлкім министрлік тарапынан жіберілген қателік болар, біз үстіміздегі жылдың соңына дейін жоспарлы тексеру жүргізе алмайтын болдық. Ол туралы кешегі аптада Құқықтық статистика және арнайы есепке алу Комитетінің облысымыздағы басқармасынан хат келді. Ендігі жерде біз тек арыз-шағымдармен, жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша жұмыс істеп жатырмыз.
Сөздің реті келгенде айта кетейін, жалпы мемлекеттік еңбек инспекциясын аумақтық органнан жергілікті атқарушы органға берерде, алғашқы да оны облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарлаламалар басқармасының құрамына беру көзделген болатын. Мен облыстың Бас мемлекеттік еңбек инспекторы ретінде облыс әкімінің қабылдауында болып, облыстың халқының, жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің санының басқа өңірлерге қарағанда көптігін, сол үшін біздің облыста еңбек инспекциясы жөніндегі дербес басқарма ашу қажеттігін айтқанда, өңір басшысы Республикада алғашқылардың бірі болып осындай басқарманы құру жөнінде ұсынысты қолдады. Ол кісінің бұл салаға көп көңіл бөлгеніне өзімнің ризашылығымды білдіргім келеді. Білікті басшымен жүмыс жасау әрқашан жеңіл. Кейбір облыстарды мұндай дербес басқармалар әлі ашылған да жоқ.
- Өзіңіз айтқан 19 мемлекеттік еңбек инспекторы бүкіл облыстың жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің арасындағы еңбек дауларын қарауға жеткілікті ме?
- Әрине, жеткіліксіз. Мұны ашық айтуымыз тиіс. Бұл жайында министрліктегі басшыларды да уақытында хабардар еткенмін. «Сіздерде Алматы мен Өскемендегі секілді өндіріс орындары көп емес қой» дейді олар. Жарайды, ірі өндіріс орындары аз делік, есесіне, орта және шағын кәсіпкерлік нысандары ең көп шоғырланған облыстардың бірі саналамыз емес пе? Айталық, облыс аумағында тіркеуге алынған орта және шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны 120 мыңға жетеді. Олардың шын мәнінде жұмыс істеп жатқандары 100 мыңның төңірегінде. Демек, тек кәсіпкерлік саласының өзінде осынша жұмыс беруші бар деген сөз. Ал, оларда қаншама жұмыскер бар. Қазір инспекторлар жазатайым жағдайларға, жеке және заңды тұлғалардан түскен арыз-шағымдардың өзін тексеріп үлгере алмай жатыр. Жаңа жылдан бастап жоспарлы тексеру қосылатын болады. Осы жайттарды негізге алып, облыс әкімдігінен штат сұрағалы отырмын.
- Сонда қандай еңбек дауларын қарауға құзырларыңыз жүреді?
- Еңбек заңдылығын шартты түрде біз үшке бөліп қараймыз. Алғашқысы – еңбек қатынастары, яғни бұған жұмысқа тұру, еңбек шартын түзу, жұмыстан босату, жалақы, еңбек демалысы мәселелері кіреді. Екіншісі – еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселесі. Бұл бағыт бойынша әрбір жұмысқа кірушіні жұмыс беруші ең алдымен еңбек қауіпсіздігі нұсқаулығымен таныстыруы, қауіпсіз еңбек бойынша оқытуы, жұмыс жайымен таныстыруы, қажет кезде арнайы киім-кешекпен қамтамасыз етуі, жалпы айтқанда, жұмыс беруші жұмыскерді қауіпсіздік жағдайларымен толыққанды қамтамасыз етуі тиіс. Жұмыс барысында жұмыскер жазатайым оқиғаларға ұшырайтын болса, бұған жұмыс беруші жауапты болады. Заңда осылай жазылған. Үшінші сала – жұмыспен қамту заңдылығы. Әрине, біз ешкімді жұмыспен қамтымаймыз, бірақ, әрбір жұмыс берушінің өзінде пайда болған бос жұмыс орнын заң шеңберінде уақтылы толықтырып отыруын қадағалаймыз. Жұмыс беруші бос жұмыс орны пайда болған жағдайда өкілетті органдарға 3 күннің ішінде хабар беруге міндетті. Біз соны талап етеміз, тексереміз. Бұл саланың тағы бір тармағы шетел жұмыс күшін тарту тәртібіне байланысты. Шетелдік компаниялар, яғни жұмыс берушілер біздің елде жұмыс істеген жағдайда ең алдымен жергілікті атқарушы органнан рұқсат алуы тиіс. Рұқсат беру барысында олар өздеріне тиесілі, мәселен, он шетелдіктің орнына пәлен уақытта осынша қазақстандық жұмыс орнын ашамын немесе 5 шетел жұмыс күшінің орнын белгілі бір мерзім аралығында қазақстандық жұмысшылармен алмастырамын, оқытамын деген секілді міндеттемелер алады. Солардың орындалуын қадағалауға аламыз.
«Жалақыны кешіктіргендердің ісі сотқа өткізілуде»
- Шетелдік компанияларда жұмыс істейтін шетелдік азаматтар мен қазақстандықтардың жалақы мөлшерінде үлкен айырмашылықтың бары жиі айтылады. Осыған «түзету» енгізуге құзырларыңыз жетеді ме?
- Бұл мәселе соңғы уақыттары жиі көтеріліп жүр. Үстіміздегі жылдың алғашқы алты айында Елбасының тапсырмасына сәйкес, Бас Прокурордың рұқсатымен шетелдік компания қызметкерлерінің жалақы айырмашылығына байланысты облыстық прокуратурамен бірлескен тексеру жүргіздік. Тексеру жүргізілген 11 мекеменің 5-інде заң бұзушылық анықталды. Мәселен, «ПетроҚазақстанда» вице-президент лауазымындағы шетел маманы айына 2 895 620 теңге жалақы алса, осы лауазымдағы қазақстандық маманның жалақы мөлшері 1 310 400 теңгені құраған. Айырма екі еседен де жоғары. Ал, шетелдік инженерлердің жалақысы 795 243 теңге де, дәл осы лауазымдағы отандасымыз 112 197 теңге айлық алады екен. Есеп-қисап жөніндегі қаржы менеджері лауазымындағы шетелдіктің жалақысы 1 478 367 теңге, қазақстандық осы лауазым иесінің жалақысы 244 331 теңге. Демек, шетел маманы біздің мамандармен бірдей дәрежеде жұмыс істейтіндігіне қарамастан, 6 есе жоғары жалақы алады. Мұны қалай түсінуге болады? Өз елімізде өзіміздің мамандардың құқын таптағаны шектен шыққандық емес пе? Мұндай келеңсіз жағдай шетелдік «Сармат трейдинг» ЖШС, «Химфарм» АҚ, «Казстрой сервис» АҚ-ның Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы секілді ірі өндіріс орындарындарда да кездесті. Тексеру нәтижелері бойынша анықталған заң бұзушылықтарды жедел жою туралы нұсқамалар беріліп, айыппұлдар салынды. Олардан келіп түскен мәліметтерге сенсек, көрсетілген кемшіліктердің барлығы жойылған. Тек «Химфарм» АҚ ғана біраз уақыт сұрап, кешіктіріп отыр.
- Жыл басынан бері еңбек заңдылығына қатысты қанша заңбұзушылық оқиғалары анықталды?
- Үстіміздегі жылдың алғашқы алты айында мемлекеттік еңбек инспекторлары тарапынан мекемелер мен кәсіпорындарда 646 тексеру жүргізіліп, 1870 заңбұзушылық фактілері анықталды. Оның 1596-сы заңға сәйкестендірілді. 13 927 626 теңге көлемінде айыппұл салынып, оның 74 пайызы өндірілді.
Еңбек заңдылығы мен Еңбек Кодексінде ең басты жауапкершілік жұмыс берушіге жүктелген. Ол әр айдың 10 жұлдызына дейін жалақы беруге міндетті, қандай жағдайда болмасын оны кешіктіруге болмайды. Жаңағы айтылған тексерулер барысында 43 кәсіпорындар мен мекемелер бойынша 225,5 миллион теңге жалақы қарызы анықталды. Оның 202,1 миллион теңгесі төленді. Жалақыға қатысты заңбұзушылықтар орын алған мекемелерге арнайы нұсқама беріліп, 2 033,3 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Нұсқама талабын уақтылы орындамаған ұйымдар бойынша тексеру материалдары сотқа өткізіліп, сот шешімдері шыққан және сот орындаушыларына жолданған.
"Рейтинг" газеті