Нұржан Қожабеков, продюсер: «Сәт» тобы Диана Гурцкаямен бірге ән шырқауы мүмкін»
- Ең алдымен елді алаңдатып жүрген сауалдан әңгімемізді бастасақ. Үш зағип жігіттен құралған бұрынғы «Сәт» триосы бүгінде екеу болып елге өнер көрсетуге көшті. «Сәттің» құрамы неліктен өзгерді?
- «Сәт» бұрын Азат, Тұрар, Сапарбай деген зағип жігіттерден құралған трио еді. Тұрар биыл мектеп бітіруіне, әрі денсаулығына байланысты ата-анасымен ақылдасып өнерден уақытша қол үзе тұруға шешім қабылдады. Үшеудің бірі осындай шешім қабылдағанымен басқа балалардың болашағын ойлағандықтан трионы «Сәт» тобы деп өзгерттік. Әзірге 22 ән жаздырдық. Оның ішінде авторлық әндер 14. Екі бейнебаян түсірдік. Алғашқысы «Қош махаббат» бейнебаяны. Жастардың сұранысын ескеріп әннің арасына рэп стилін қостық. «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының музыкалық бағдарламасының сараптамасына сәйкес рейтингтік көрсеткіш бойынша бұл бейнебаян оңтүстік өңірде бірінші орынға ие болды. Ал ғаламтордағы көрермендердің саны қазір 10 мыңға жетті. Бұл біз үшін үлкен қуаныш.
Ал екіншісі жергілікті айтыскер ақын-сазгер Сәбит Әдірайымовтың әні мен сөзіне жазылған «Шымқала» әнінің бейнебаяны. Бұл бейнебаянда «Сәт» тобы жас әнші Ақниет Олжамен бірге ән шырқаған. Енді таяу арада елге танымал атқамінер болғанымен керемет ақындығы мен сазгерлігін жұрттан жасырын ұстайтын Әли Бектаевтың сөзіне жазылған «Нұр Аға», әніне бейнебаян түсіруге кіріспекпіз. Айта түссек тілге тиек етер тірлік те, жоспар да көп.
- «Сәттің» тұсауы кесілгеніне биыл 5 жыл толмақ. Осыған орай жеке концерт беру ойда бар ма?
- Әрине, «Сәттің» бес жылдық белесті бағындырғанын жеке концертпен атап өту көптен бері көкейді мазалап келе жатқан ауықымды жоспар. Әлі есімде, «Сәт» триосы 2008 жылдың қараша айында Шымкентте өткен Алтынбек Тәшімбетовтың жеке концертінде алғаш рет сахнаға «Айнамкөл» әнін айтып шықты. Ал «Сәтті» сәттілікке жетелеген, көпшілікке кеңінен танытқан «Көнеміз ғой қайтеміз, көнбегенде?» әні ақиық ақын Мұқағалидың жақұт жырымен өрілгені де үлкен ұпай әкелгені анық. Бұл ән бірінші рет белгілі әнші Маржан Арапбаеваның Шымқалада өткізген жеке концертінде шырқалды.
Алла қаласа, биыл «Сәттің» 5 жылдығына орай күзде жеке концертін берсек дейміз. Сол концертте «Сәт» тобының Қазақстанға танымал әншілермен бірге ән шырқағанын жаздырсақ деген ниетіміз бар. Әзірге өздерімен сөйлесіп, келісуге уақыт тапшы болып жатыр. Егер өз еріктерміен бірінші ұсыныс тастайтындар табылса, біз қуана –қуана қабыл алар едік.
- Жалпы, тағдыр тәлкегіне ұшыраған талантты жастардан жасақталған «Сәт» тобының тұрақты демеушілері бар ма?
«Сәт» триосы жаңадан құрылған кезде облыстық мәслихаттың депутаты болған, бірер жыл бұрын мезгілсіз ажалдың тырнағына іліккен Мұхтар Оразалиев ағамыз кезінде көп көмектесті. Ол үш ән, бір бейнебаян түсіруге қол ұшын берді. Бертінде облыстық мәслихаттың депутаты Нұралы Әбішев жігіттердің ары-бері жүріп тұруына көлік сыйлады. Көкшетауда «Балдәурен» деген оқу-сауықтыру орталығы бар. Сол мекеменің директоры Мұхиддин Төлепбаев жыл сайын жігіттерді тегін демалдырады. Алдағы 5 жылдық концертке жергілікті атқарушы билік пен жомарт жүректі кәсіпкерлер тарапынан қолдау болса екен.
- Әншілердің қосымша табыс көзі той екені белгілі. «Сәттің» жігіттері тойларға шығып тұра ма?
- «Сәт» осы уақытқа дейін тойға шыққан емес. Қымбат бағаға тойға шақырғандар да болды.Оларды жұрт тойдың қызметінен көрсе мені жеткіншек балаларды ақша үшін, бас пайдасы үшін пайдаланып жүр екен деп ойлап қалары әбден мүмкін ғой. Тойда зағиптықтан тағдыр тәлкегіне ұшыраған талантты жастарды әркім әр түрлі қабылдайды. Біреу мұқатып, енді біреу аяныш білдіріп қарайды. Мұндайды олар сезінбегені жөн.
- «Сәттің» репертуарына кім таңдау жасайды?
- Әнді таңдауда жігіттермен міндетті түрде ақылдасып аламын. Олардың да пікірлерін, ұсыныстарына құлақ түрген соң барып, ортақ шешім қабылдаймыз.
«Сәттен» басқа «Раян», «Серпіліс» секілді топтарға продюссер болып жүрсіз.
«Серпіліс», «Раян» топтарымен қоса екі қыз, бір жігіттен құралған «Нұрай»тобына, сондай-ақ «Еркеле» дуэтіне, тағы да басқа жеке өнерпаздарға продюссерлік қызметімді ұсынып жүрмін. Қазір әншілер қауымының өзі екі топқа: той бизнес және шоу бизнес өкілдері болып бөлінсе, «Сәтті» қоспағанда бұлардың көбісі той бизнесінің әншілері. Алдағы уақытта тойдың әншілерін қоя тұрып, нағыз, кәсіби әншілерді дайындауға күш салмақпын. «Сәт» тобының жігіттерімен өнерде де, өмірде де бірге жүрген Ақниет Олжа деген әнші қыз бар. Ол да «Үміт» мектеп-интернатында оқыған. Жастығына қарамастан көптеген белестерді бағынырып үлгерген талантты қыз. Жақында оның қатысуымен «Адасқан шағала» деген әнге бейнебаян түсірдік. Ақниеттен өзге Қамарсұлу деген жас әнші бар. Осы секілді талабы бар, әлі таланттары ашылмай жүрген өнерлі қыз-жігіттер жетерлік.
- Алдағы жоспарларыңызбен ой бөлісе кетсеңіз?
- Ең бірінші ойда жүрген жоспар--Елордамыз Астанаға қоныс аудару. Елдің бәрі көркі мен сәні жарасқан Елордаға ағылып жатыр. Мен де болашағы зор қалаға барып, жауапкершілікке алған өнерпаздарымның шығармашылығын сол жақта дамытқым келеді.
Тағы бір үлкен мақсат-- Ресейдің атақты әншісі Диана Гурцкаямен бірге «Сәт» тобы Сарыарқаның төрінде жанды дауыста ән шырқаса деген едік. Қазір Дианамен келіссөздер жүргізілуде. Егер де біздің ұсынысты қабыл алса, бүкіл Қазақстан жұртшылығына үлкен тарту мен жаңалық болар еді. Азат пен Сапарбайдың жеке өмірлері де алаңдатады. Олардың бір бастарын екеу етіп үйлендіруді де өз міндетіме алдым. Жігіттер іс-сапарға көп шығады, сондай сәттерде жанашыр, сүйеу болатын, әрдайым жандарында жүретін адал жар керек.
- «Сәттің» жігіттері мектеп бітіріп, шаңырақ көтеріпті деген әңгімелерді құлағымыз шалып қалды. Бұл қаншалықты шындық?
- «Ерекше тағдыр, бөлекше дауыстарымен елдің көңілінен шығып жүрген «Сәт» тобының жігіттері отау құрыпты» деген әңгіме соңғы кезде жиі айтыла бастағанынан хабардармын. Өйткені әнші жігіттердің ақ көйлек киген арулармен бірге түскен фотосуреттерін ғаламтордан көзі шалған көпшіліктің көкейінде осындай ой тууы да заңдылық. Шындығынада ғаламтордағы бұл суреттер жақында ғана топтың «Қош махаббат» атты әніне түсірілген бейнеклиптің үзінділері. Әннің сөзі мен музыкасының авторы топтың мүшесі Азат Әбілдаев. М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің студенттері Камила мен Назира махаббат жайында сыр шертетін бейнеклипке түсуге өздері келісім берді.