Айнұр Асанберді: «Әрдайым әдемі болып жүру – басты қағида»

Oinet.kz 14-12-2017 1806

Screenshot_27.jpg

Айнұр Асанберді, тележүргізуші,«Хабар» арнасының «Жаңа күн» бағдарламасының жүргізушісі

– Журналист, әсіресе тележурналист болу – ең бірінші кезекте талап етілетін кәсіби біліктілікпен қоса, дауыс интоннациясының жағымды болуы, сырт келбеттің де сымбатты болуына ерекше екпін қояды. Кәсіби тележурналист ретінде мұндай талаптардың үддесінен шыға білу үшін не керек екенін айтып бере аласыз ба? 

– Тележурналист болу үшін осы саланың майын ішіп, қаймағын қалқыған ұстаздардан арнайы білім алдым. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультетінің тележурналистика кафедрасында төрт жыл бакалавр, кейін екі жыл магистратурада оқыдым. Сол жерде маған тележурналистиканың қыр-сырын үйретті. Дауыс қою, түсірілімге шығу, сұхбат алу, экран алдында өз-өзіңді ұстаудың құпиясына осы оқу орнында жүріп қанықтық. Жалпы, кімде-кім тележурналист болғысы келсе, ҚазҰУ-дің журналистика факультетіне оқуға түсуіне кеңес берер едім. 

– Дауыс қоюдың ерекше әдіс-тәсілдері бар ма? 

– Дауысты қоюдың ең тиімді жолы – жаңылтпаш жаттау. Мен де өзге тележурналистер тәрізді көп жаңылпаш жаттадым. «31 арнаға» қызметке барған кезде белгілі диктор, тележүргізуші Тыныс Өтебаев ағамыз бізге дауыс қоюдан шеберлік сабағын өткізетін. Сол кезде бізге күніне оннан жаңылтпаш жаттататын. Жаңылтпаш айту арқылы сөзді дұрыс айту, дыбыстарды анық шығару, эфирге шыққан кезде жаңылмай сөйлеуге дағдыландық. Одан бөлек, дикция қою үшін ауызға арналған түрлі жаттығулар бар. Мәселен, ерінді керу, ауызға ауа толтыру деген сияқты. Ол туралы айтып жатпай-ақ, оқырманға қызықты болар деп, дауыс реттеуге арналған бірнеше жаттығу түрлерін фотосуретте көрсеткен дұрыс қой деп ойлаймын. (Сурет сұхбат соңында берілген)

– Бүгінгі таңда сырт келбетім келіссе болды, көгілдір экраннан көрінуім керек деген де бір мінез пайда болды. Бұл қаншалықты дұрыс?

– Теледидар – жетпіс пайыз көру арқылы қабылданады. Радио – есту арқылы, газет – оқу арқылы тыңдарманы мен оқырманын баураса, теледидарға көрермені көру арқылы жақындайды. 

Теледидарда жүргізуші болу үшін, меніңше, адамның сырт келбеті маңызды рөл атқарады. Өйткені, біздің өзімізді журналистика факультетінде оқытқан кезде, тележурналист қалай жарасымды киінуі керек, бет келбетіміз, шаш үлгіміз қандай болуы керек, өзімізді қалай ұстауымыз керек деген мәселелерге ерекше көңіл қойып тәлім берді. Әрдайым әдемі болып жүру басты қағида болатын. Иә, тележурналист үшін ең қажеті – білім. Бүгінгі күні теледидарда жүрген қыздарды ақымақ деп айта алмаймын. Өйткені олар теледидарға барғанша үлкен іріктеуден өтеді. Жандарын салып жұмыс істейді. Телевидениеде жұмыс істеу оңай деген пікір дұрыс емес.Таң атқаннан кешке дейін бір сюжеттің артынан жүгіріп жүресің. Кадрдың ішінде отыратын адам бар, сыртында жүгіріп жүретін адам бөлек. Телевидение – үлкен командалық жұмыс. Жүргізуші болып жұмыс істемейтін, жай ғана тележурналист қыздар көп. Оларға да сырт келбеті мен ішкі мәдениетінің сәйкес келуі – міндет болып табылады. 

– Айнұр, телеэкранда да, күнделікті өмірде де әдемі, әсем әрі жас көрінудің сізге тән құпия-тәсілі неде?

– Күнделікті өмірде әдемі, әсем, жас көрінуіме тележурналистикаға келуім, теледидарда жұмыс істеуім көп әсер етті ғой деп ойлаймын. Кішкене кезімнен өзімді жинақы, ұқыпты ұстауға, әдемі, мәдениетті сөйлеуге, келбетіме ерекше мән беруге тырыстым. Жиырма жасымнан телевидениенің айналасында қызмет етіп келемін, бұл да бала күнгі ұстанымдарынды бекіте түскендей. 

Ал, телеэкранда да, күнделікті өмірде де сергек, сымбатты көрінудің ерекше бір құпиясы жоқ. Бетіме жиі күтім жасаймын. Түрлі маскалар, массаж жасатамын. Фитнеспен айналысамын. Салауатты өмір салтын ұстанамын. Тағамды талғап жеймін. Аз-аздан, бес мезгіл тамақтануға тырысамын. Өзімнің кішкентай кесем бар, сол кесеммен бір кесе ғана тамақ ішемін. Көп тамақ ішпейтін себебім, сүйегім ірі. Тез салмақ қосып алуым мүмкін. 

Әйел заты болған соң, табиғатыңнан қашуға болмайды. Ана атанасың, сол кезде артық-кем салмақ қосылады. Сол уақыттарда артық салмақтан арылу үшін осы бес мезгіл тамақтану үлгісін ұстанғанмын. 

– Бес мезгіл тамақтанғанда ас мәзіріңізде қандай дәм болады?

– Таңертеңгі асты сағат тоғызда ішемін. Қазымен, маймен немесе қаймақпен бір тілім нан және бір шыны шай. Сағат он бір жарымда міндетті түрде кептірілген жеміс-жидектермен тағы да шәй ішемін. Түскі ас мәзірімде міндетті түрде еттен жасалған тағам болады. Гарнирге – күріш, қарақұмық, түрлі көкөністер немесе макаронды пайдалануға болады. Тек, ас мөлшерін көбейтіп жібермеу керек. Мен екі жүз грамм ет тағамына жүз грамм гарнирді өлшеп саламын. Сосын сағат төрттер шамасында жеміс шырынан ішемін. Оны да қалауыңызша жасай аласыз. Кейде бірнеше жемістердің сығындысын қосып шырын дайындаймын, кейде түрлі жеміс-жидектерден смузи жасаймын. Кешкі асты жетіде ішемін. Ол кезде де міндетті түрде етті ас мәзірінде пайдаланамын. Көкөніс жеймін. Кешке қарай гарнирге макарон, күріш, қарақұмық жемеймін. Ал нанды тек таңғы асқа ғана пайдаланамын. 

– «Тәні саудың – жаны сау» дейді халық даналығы. Тән саулығы деген сіз үшін, ең бірінші кезекте не нәрсе?

«Тәні саудың – жаны сау, жаны саудың – тәні сау» дейді халқымыз. Адам әрдайым тән сымбатына көңіл бөлуі керек. Ең маңыздысы, жанын да рухани байытып тұру қажет. Адам оқымаса, тоқымаса, білім алмаса – жаны жүдейді. Жаны сұлу емес адам – рухсыз, әрсіз. 

Ал күнделікті спортпен айналыспаса, өзін күтпесе, тән сұлулығынан айрылады, тез қартаяды. Сондықтан адам жан мен тәнді қатар ұмытпағаны дұрыс. 

– Телеэкранда сүйкімді жымиысыңыз бірден көзге түседі. Қыз бала, әйел затының бір қаруы күміс күлкісі десек, маржандай ақ әрі сау тіс үшін ерекше күтім жасайсыз ба, әлде үш айда бір рет тіс дәрігеріне көріну керек деген қағидамен өмір сүрген дұрыс деп есептейсіз бе?

– Көп рахмет! 

Тісімді ерекше күтемін. Міндетті түрде жылына екі рет тіс дәрігеріме қараламын. Тісімді тазалатамын. Егер қандай да бір медициналық көмек керек болса, яғни пломба салу, не болмаса тісімді жөндеу қажет деп тапса, кейінге қалдырмай, дереу тіс дәрігерінің көмегіне жүгінемін. Өйткені, тіс –денсаулығымыздың кепілі. Менің жұмысымда тісімнің сау болуы – басты талаптардың бірі. Өйткені сіздің тісіңіз сау болмаса, онда сөйлеу мәнеріңіз бұзылады. 

Одан бөлек, тісіңіз сау болмаса, ол асқазаныңызды қоса ауыртады. Асқазаныңыз ауырғаннан кейін ішек жолдарының жұмысы құриды. Ішектің жұмысы бұзылса, бүкіл ағзадағы барлық заталмасу процестеріне зақым келеді. Сондықтан әрдайым тісіме ерекше көңіл бөлемін. 

– Салауатты өмір салтын белсенді насихаттап, еліміздің ірі қалаларынан фитнес орталықтар ашып, оған көпшілікке танымал тұлғалардың көптеп барып жүргенінен хабардармыз. Жалпы, фитнес орталықтар – дене сымбатын сұлуландыра түсетін замануи тәсілдердің бірі десек, оған халықтың ықыласы қандай деңгейде екен?

– FitnessBlitz – жолдасымның жобасы. Сол кісінің кәсібі. Мен жұбайыма жарнама жағынан көмектесемін. Халыққа үлгі болсын деп бірқатар жұлдыздарды шақырып, жарнамалық акциялар өткіздік. Ал жалпы халықтың фитнес орталықтарға көптеп келуі үшін жиі-жиі түрлі акциялар өткіземіз. Жеңілдіктер жасаймыз. Халықтың спортқа деген құлшынысы, спортқа деген махаббаты жылдан жылға артып келеді. Бүгінгі таңда денсаулығына ерекше көңіл бөліп, саламатты өмір салтын ұстануға тырысатын халық саны күннен-күнге артып келе жатқаны қуантады. 

– Экраннан сізді көріп, сымбатты әрі сүйкімді болғысы келетін сіңлілеріңе қандай ақыл-кеңес берер едіңіз? 

 – Әдемі, сымбатты болу үшін, ең бірінші адам өзін жақсы көруі керек. Күн сайын: «Мен сені жақсы көрем, сен ең жақсы адамсың, сен ең мықты жансың», – деп, өзін жігерлендіру керек. Өмір болған соң, оның бұралаң, бұлтарысы көп. Сондай қиын сәттерде сүрінсең де, құласаң да, жатып қалуға болмайды. Қайта тұрған дұрыс. Ештеңеге мойымау керек. Бастан өткерген әрбір сынақ жігеріңді қайрасын. Әрбір құлаған сайын қайта тұрып, қайта гүлден. Ал ол үшін адамға мінез қажет. Мінез болуың үшін, өзіңді сүюді, өзіңді құрметтеуді үйрен. 

Егер сіздің көңіл-күйіңіз жақсы болса, жаныңыз сау болса, тәніңіз әдемі болса, айналаңыздағылардың бәріне шуақ шашып тұрасыз. Сондықтан барлық әпке-сіңлілеріме ең алдымен өзіңді сүйіп, өзіңізді құрметтеңіздер дегім келеді. 

– Әңгімеңізге рахмет! 

Әңгімелескен Қарагөз Серікқызы

Салтанат Байқошқарова: «Бедеулік көбіне қолдан жасалады»
Мәдина Ермаханбетова: «Бізге қателесуге болмайды»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу