Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Салтанат Байқошқарова,«Экомед» Адам ұрпағын өрбіту емханасының ғылыми директоры, биология ғылымдарының докторы
Оқырман қауымға Салтанат Байқошқарованы таныстырып жатудың өзі артық. Қазақы ұғымда «балалы үй базар, баласыз үй қу мазар» екенін еске алсақ, бір перзенттің уіліне зар болған қаншама жанның жүрегіне үміт отын жағып, жүздеріне мейірім үйіруіне себепші болған Салтанат Берденқызының замануи медицина ғылымындағы соңғы жетістіктердің, жаңа ғылыми жаңалықтардың қазақстандық медицинада да кең қанат жаюы үшін зерттеу-емдеу іс-шараларын жүргізіп келе жатқанына да ширек ғасырдан аса уақыт өткен.
Есімі елге белгілі дәрігермен бүгінгі әңгіме қазақ үшін, жалпы адам баласы үшін бастытақырып – ұрпақ жалғастырудағы мәселелер төңірегінде өрбіді...
– Бүгінгі күні халық арасында бедеулікдерті жиі кездесетін болды. Маман ретінде, аурудың осы түрімен елімізде ер-азаматтар немесе әйелдердің қайсысы көбірек сырқаттанатыны жайлы айтып бересіз бе?
– Нақты бір жыныстық бөлінушілік жоқ дер едім. Бүгінгі таңда әйелдерде де, ер-азаматтарда да бедеулік дерті бірдей өскені байқалады. Өйткені, заманауи өмір ағымына сай ер-адамдардың да, әйелдердің де ағзаларында өзгерістер көп.
Түрлі қабыну процестері, инфекция, әсіресе жыныстық инфекциялар әсерінен әйелдердің жатыр түтікшелері бітеліп қалады немесе жұмысы нашарлайды. Дәл осы процестер ер адамдардың ұрық сапасын төмендетеді. Одан бөлек, заманауи қоғамда адамкөптеген антибиотиктер, гормондық дәрілер қабылдайды. Бұл да ұрық сапасының төмендеуіне алып келеді. Сондықтан, бедеулік дертіне ұрынған адамдардың жыныстық бөлінісі елу де елу деп айтуға болады.
Біз мына нәрсені есте ұстауымыз керек. Бедеулік тек Қазақстанның емес, дүниежүзінің дерті. Мен осы салада 1988 жылдан бері, отыз жылға жуық ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып келемін. Байқағаным, еркек ұрығының сапасы осы30 жылда үш есе төмендеген. Оны мен ғана байқаған жоқпын. Дүниежүзінің профессор-урологтары түрлі ғылыми конференцияларда осы мәселені көтеріп, дабыл қағуда. Ресей, Украина, Еуропа елдері, АҚШ-тың осы саладағы дәрігер мамандарының бәрінің айтатын мәселесі осы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ер-азаматтардың ұрығын зерттеу туралы нұсқаулығы бар. Сол нұсқаулықта, отыз жыл бұрыншауһаттыңбір милилитрінде 60 млн аталық ұрық болуы тиіс, оның 60 пайызы белсенді болуы керек деп жататын. Қазіргі кезде шауһаттың бір милилитрінде 20 млн аталық ұрық болса және оның 20 пайызы белсенді болса, қалыпты жағдай деп есептейтін жағдайға жеттік.
– Неліктен олай? Жалпы, бедеуліктің бүгінгі таңдағы негізгі себептері не? Бұл аурулардың алдын алу үшін маман ретінде қандай кеңес берер едіңіз?
– Оның себептерін әркез айтып жүрмін. Біздің өмір сүру салтымыз түгел өзгеріп кетті. Қазір адам тұрмақ, жеміс-жидек, бау-бақшада өсетін дәмнің өзі де өзгерген жоқ па? Біздің бала кезіміздегі иісі танауыңды жаратын, дәмі тіліңді үйіретін қызанақты қазір зорға табасың. Көбі нәрсіз, иіссіз, дәмсіз. Осы күні тұқымы мүлдем өзгеріп кеткен жеміс-жидек жейміз. Адамдар жемісті, көкөністіөсіргенде табиғи жолмен өнім алғысы келмей, химиялық тыңайтқыштарды көбірек қосып, мол өнім алады да, соны сатады. Ақша табу үшін қауын-дарбызды да түрлі қоспалармен үлкейтін, сыртын жылтыратып қоятын болып жүр. Бұл бәрімізге таныс жағдайлар... Ал күнделікті өмірде біз тұтынып жүрген, білмей бірте-бірте уланып жатқан жайымыз қаншама?!
Экологиялық факторларға байланысты, адамның өмір сүру салты мүлдем өзгерді. Табиғаттан қаншалықты алыстаған сайын, бедеулік мәселесі де жылдан-жылғакөбейіп келеді.Табиғи тағамнан алыстап, өндірістік тағамға көштік. Ауа да күннен күнге ластанып барады. Бұрын Астананың ауасы таза деуші едік, қазір Астананың да ауасы ластанған. Алматының ауасы жайлы деректерді өзіңіз де білесіз. Еліміздің өндірістік орталықтары мен ірі қалаларының көбіндегі жағдай мәз емес. Экологиялық жағдай табиғатты ғана емес, адам табиғатын да бұзатынын күллі ғылыми-зерттеулер дәлелдеп қойған.
Тәуелсіздікалған жылдан бері Қытаймен екі ортада шекара ашылды. Олардың тағамдарын айтпағанның өзінде, ойыншықтары да сапасыз. 1990 жылдары туған балалардың көбінде ұрық сапасының төмендеп кетуі де соған байланысты.Ойыншықтардағы химиялық заттар қол терісі арқылы ағзаға өтеді. Ойыншықтардан бөлек, жиһаздарында да зиянды қоспалар жетерлік. Оны әлгі заттардың сапасынан да, иісінен де байқайсыз. Алайда жалтырап тұрған соң, әрі арзан болғандықтан, тұтына бересіз.
Бұл ауруларды қалай айналып өтуге болады?Табиғи тағам жейтін болсақ, үлкен өндіріс орталықтарынан алыс жүрсек, көп қиындықтардан алшақ тұрар ма едік, кім білсін? Себебі, бүгінгі күні адам өзі өз ортасын ластап, улап бітті. Өзі жейтін малды, жемісті түрлі химиялық қоспалар беріп өсіреді. Ауаны да адамның өзі ластап отыр. Қоршаған ортаға да өзі зиянын тигізіп жатыр. Содан өзі зиянын шегіп жатыр. Кейін келіп, «менің бойымдағы бұл ауруға кім кінәлі?» деп себеп іздейді.
Заман өткен сайын адам ақылды бола түсті. Ақылды болған сайын, пайдалы дүниені ойлап тапқан сайын, зиянды заттарды қосамжарласа шығаруда. Біз оң қолымызбен жақсылық жасасақ, сол қолымызбен жамандыққа бейімбіз.
Иә, бәрінен бірдей сақтанып жүру мүмкін емес. Ертеден қара кешке дейін телефон қолымыздан түспейді. Ол дегеніңіз – радиация. Бірде ғылыми конференцияда Ирзаильден келген профессор ер-азаматтардың қалтасына салып жүрген телефонның ұрыққа әсерін зерттегенін айтты. Сонда, телефонның әсерінен хромосомалық ауытқулар көп болып шыққан. Біз де «Телефонды жүрегіңе қарай жақын ұстама, қалтаға салма», – дейміз. Оны тыңдап жатқан кім бар?
– Бедеулікке алып барар жолдың бірі жасанды түсік тастау, яғни аборт екені белгілі ғой. Бұл бедеулікке қаншалықты зиянын тигізеді?
– Өте дұрыс айтасыз. Бізге бедеулікпен келетін әйелдердің 70-80 пайызы кезінде аборт жасаған.Жалпы, бедеулік – табиғи ауру түрінде өте сирек кездеседі.Тұқым қуалап берілетін, генетикалық факторлары бар бедеулік өте аз. Бедеулік көбіне қолдан жасалады. Суық тигізгеннен, жыныстық инфекциялардан, аборттан кейін,арақ ішкеннен, есірткі тартқаннан көпшілігі бедеулікті қолдан жасайды.
Иә, қалай болса солай жыныстық қатынас жасап жүре бер, жүктіліктен сақтан... Ал жүкті болсаң, аборт жасамай бала ту! Ол ұят емес десең, ешқандай мораль қалмайды. Мораль болмаса, ұят жоқ жерде адам адамдық қалпын жоғалтады, хайуанға айналады. Айуан мен адамның айырмашылығы – ұятында. Қытайлар «Беті қызаратын адам ешқашан жамандық жасамайды» дейді екен. Осысөзге толық қосыламын.
Біздің қоғам жасанды түсікті қолдайды. Әйелдер, қыз балалар көбінесе абортты ақымақтықпен жасайды. Абортты жасайтын қоғамда не жетіспейді? Біреулер жыныстық сауаттылық жетпейді деуі мүмкін. Сауаттылықтан бұрын, ең алдымен имандылық жетпейді дер едім. Егер ол болашақ күйеуің болса, бір сәрі?! Бізде қазір күйеуі бола ма, болмай ма, еш алаңсыз өзге біреудің етегінен еріп кете беретін жағдайлар көп. Жеңіл жүрісті қыздар, жауапкершілігі жоқ жігіттер қаншама? Олардың барлығына жыныстық қатынас керек болғанда, соңында бала керек болмай шығады.
Қоғамнан ұяттың кеткеніне, жауапкершіліктің азайғанына, моральдің жоқтығына да өзіміз кінәліміз. Теледидарда, баспасөзде транссексуал, гомосексуалдар жайын ашық жаза беретін жағдайға жеттік. Ол көп айтылған сайын нормаға айналады. Бізді ақпарат құртып жатыр. Зиянды ақпарат көп. Әлеуметтік желіде де зиянды, керек емес ақпарат зымырандық жылдамдықпен таралады. Интернеттегі ақпараттың отыз пайызы пайдалы ақпарат болса, қалған жетпіс пайызы өте зиян. Жаман нәрсені айта берген сайын, адам соған еліккіш болады екен. Психологтар «бала жаман деген нәрсені көруге құмартады» дейді. Қазір біреуді зорлады, қорлады деген ақпарат көп. «Туған ағасы, өгей әкесі зорлапты» дегенді көп жазған сайын, әлгі ақпаратқа етіміз үйренеді де, адам оған жеңіл-желпі қарай бастайды.
Белгілі журналист Серік Аббас-Шахтың бір айтқаны бар еді: «Қоқыстың арасында отыра берсең, оның бәріне мән бермесең, оны тазаламасаң, онда малмен теңсің», – дейді. Сондықтан жаман нәрсені жаман деп айту керек. Жаманға жарнама жасай бермеу қажет. Бұл – мәселенің бір ұшы ғана.
Қазір әлеуметтік бедеулік деген ұғым пайда болды. Бұрын қыздарымыз ұзақ уақыт бойы тұрмыс құрмайды деуші едік, жігіттер де үйленбейтін болды. Табиғаттың берген мүмкіндіктерін қолданбай, уақытында әке, ана атанбай, кейінге қалдыра берсең, ертеңгі күні аталық және аналық ұрықтың сапасы төмендейді. Сенің уақытың болғанда, табиғаттың саған берген мүмкіндігі азаяды. Ал, баланы ақшаға сатып ала алмайсың.
Адамның биологиялық және әлеуметтік қалыбы бар. Ол үйлесімді болмаса, сәтсіздік содан шығады. Бетіңді қайта жасартуға болар. Әйел адамның ағзасында ең бірінші аналық бездері қартаяды. Басқа органдарыңмен жүз жыл өмір сүруге болады. Миың, асқазаның, бауырың – жұмыс істеп тұруы әбден мүмкін. Бірақ әйелдің титтей қана екі аналық безі – ең бірінші істен шығады. Оны медицина тілімен климакс деп атайды.
– Оны жасартуға болмай ма?
– Жоқ, болмайды. Жатырды өйтіп-бүйтіп қалыпқа келтіруге болар. Климакс жасындағы әйел, егер қаласа, медицина мен ғылымның көмегімен бала көтере алады.Бірақ, тек қана бөтен әйелдің ұрығы арқылы. Ұрықты жасарту, көбейту еш мүмкін емес.
– Халықтық медицинада бедеулікті емдеудің неше түрлі жолын айтады. Одан бөлек, халық емшілерініңалақанының биотогы арқылы емделу, көп бала тапқан әйелдің іш киімін ауыстырып кию деген сияқты наным-сенімдер де жетіп-артылады. Өз саласының маманы ретінде емдеудің мұндай әдістеріне қалай қарайсыз?
– Ондай біраз емшілердің әңгімесін мен де тыңдап көрдім. Жұрт сияқты аузым аңқиып отырмадым. Сөзінің қай жері өтірік, қай жері шын деп сараптап, талдадым. Әрине, ғылым арқылы емші сөзін елеп-екшеп отырған соң, емші сөзі әсер етпеді.
Бірде ауылға барған кезімде бір үлкен әпкем қоймай тізеден келетін үлкен ішкиім кигізді. Ол кезде өзім жіп-жіңішкемін. «Он бала туған әйелдің жібек ішиімі еді. Осыдан көтеріп кетерсің», – деп қиылған соң, көңілім сенбесе де, бір-екі күн киіп жүрдім. Тіпті, ол ырымға сенсем де, бала көтермейтін едім. Себебі мендегі жағдай олай емделетін дерт емес еді.
Халықтың емі кейбір жағдайларда көмектесуі мүмкін. Бірақ, барлық жағдайда емес. Егер халық емі бедеуліктің емін түбегейлі тапса, онда бүгінгі заман ғалымдары жаңа емдеу әдісін ойлап табамыз деп бас қатырмас еді. Емші де, дәрігер де адамға сенім береді. Емшінің емшілік қасиетінен гөрі адамға сенім сыйлайтын ерекшелігі үлкен рөл атқарады деп ойлаймын. Себебі, әр адамда да энергия бар. Бір адамдардың қасына отырсаң, ішің пысып кетеді. Енді бір адамдарда энергия асып-тасып жатады. Сол сияқты, емшінің көбі сөзбен емдейді. Сол адамнан күш-қуат, энергия, әсер алсаң, әулиеге барып түнеген сияқты, «емнен кейін көтеріп кетем» деп жақсы бір сеніммен барсаң, иә, бала көтеруің мүмкін. Оның өзінде, жатыр түтікшелер қалыпты жұмыс істесе, денсаулығыңыз дұрыс болса. Ал егер, аналық без жұмысы тоқтаса,немесе еркек пен әйел ұрығы нәрсіз болса, қанша емшіге бар, еш нәтиже болмайды. Ондай кезде қазір біз жасап отырған технология ғана көмектеседі. Сондықтан, ең күрделі жағдайда ғылымға жүгінесің.
Бедеулік – ықылым заманнан, адаммен бірге жасап келе жатқан аурулардың бірі. Бұрын мұндай заманауи технологиялар болмады. Денеден тыс ұрықтандыру –Экстракорпоралдық ұрықтандыру (ЭКҰ) соңғы 30-40 жылдың ішінде дамып келеді.
Қазір сауатты елде, сауатты заманда өмір сүріп жүрміз. Әр саланың өз маманы бар. Тіпті, гинекологтың бәрі бірдейбедеулікті емдей алмайды. Гинеколог бедеуліктің біраз жағдайларында көмектесе алады. Кейбіреулері отамен, кейбірі дәрімен көмектеседі. Ал тіпті болмағанда репродуктолог деген маман бар. Репродуктолог – гинекологтан шыққан, бедеулікті тереңірек зерттеп білген мамандар. Бедеулікті негізінен солар емдейді. Гормонды дәрілер, стимуляция, ультрадыбысты зерттеумен үйлестіріп, болмаса жатырішілк инсеминация, тіпті болмаған жағдай ЭКҰ-ның түр-түрімен ем-шаралар жүргізеді.
– ЭКҰ арқылы дүниеге келген ұл балалар көп пе, әлде қыз балалар көбірек пе?
– Осы сала жұмысын бастағалы отыз жылға жуық уақыт өтті. Қазақстанда біз дайындаған мамандар легі қалыптасты. Мыңдаған балалар ЭКҰ әдісімен дүниеге келді. Оның тең жартысы – ұл, тең жартысы – қыз. Себебі,осы технология арқылы дүниеге келген сәбилер арасында ұл артық, не қыз артық деуге келмейді. Жалпы, медицинада дәлелденген нәрсе, о бастан ұлдар саны қыздарға қарағанда 10 пайыз артық дүниеге келеді. Ұлдар арасында өлім-жітім көбірек. Кейін бала 25-30 жасқа келгенде, ұл мен қыздың арасы теңеседі. ЭКҰ әдісінің табиғи жолмен дүниеге келетін балалармен салыстыра қарағанда да, бұл тұрғыда еш айырмашылық жоқ.
– Жасанды жолмен ұрықтандыру әдісі бойынша мемлекеттік квота бөліне ме? Бөлінсе, бұл квотаға кімдер ілінеді?
– Бір квотаға мемлекеттен 800 мың теңге бөлінеді. Құнсыздануға дейінгі баға сондай еді. Одан кейін көбейткен жоқ. Құнсыздануға дейін ол ақша ЭКҰ-ға, дәрімен қоса алғанда, толық жететін. Қазіргі кезде бұл ақша аздық етеді. Сондықтан, мемлекеттен квота бөлінген күннің өзінде, соның ішінде 500-600 мыңтеңге дәріге қажет. Квота кімдерге бөлінеді? Мемлекет ақшасын оңды-солды шашпайды. Сондықтан, квотаны тек нәтижелілігі жоғары болатын жұбайларға бөледі. Бұл ұғым әйелдің де, ер-азаматтың да ұрығы сапалы болуы керек дегенді білдіреді. Яғни, жасы қырықтан асқан, ұрығы жоқ, аналық безі жоқ жұптарға квота бөлінбейді.
– ЭКҰ – дүниежүзінде қымбат тұратын технология. Елімізде бұл әдіске жүгінгісі келетіндер қанша қаржы жұмсайды?
– Қымбат дейін десең, ол біреуге қымбат, біреуге арзан. Дүниежүзімен салыстырсаңыз, Қазақстанда ЭКҰ әлдеқайда арзан. Бірақ, біздің елде дәрі қымбат. Себебі, дәрінің бағасын біз бақылай алмаймыз, ол валютаға байланысты. Дәрілер шетелдерден келеді, дәріханалар шетелдерден келген бағамен қояды. Ал, ЭКҰ-ның негізгі әдісінің өзі теңгеге шаққанда әлі сол бағада тұр, 250-350 мыңдай. Одан бөлек, түрлі дәрілер сатып алуыңыз керек. Ал егер жұбайлардың жасы ұлғайып кетсе, аналық ұрығы жоқ болса, басқа әйелдің ұрығына жүгінсе, онда жалпы алғанда, дәрісіне, тексеруге, ол әйелге төлейтін ақшаңызды есептейтін болсаңыз, онда 1,5 млн шамасында қаржы жұмсалады.Оның ішінде клиникағашамамен төлейтіні үштен бірі, қалғаны дәріханаға, әртүрлі емхана-зертханаларға. Сондықтан, жастау кезде емделген жөн.
Иә, бізге кейде «жеңілдік жасаңызшы, ақшамыз жоқ еді» деген өтініштермен келетіндер де бар. Бұл саланың құрал-сайманы шетелде шығады. Оны шетелден аласың, технологияны бізге ешкім арзанға бермейді. Әрине, барынша үнемдеуге тырысамыз. Мәселен, түрлі анализдерді өзіңіз тіркелген мекемеден тегін жасап келіңіз дейміз, басқа біреуіне басқадай қаражатқа үнемді болатындай кеңес береміз.
Кейбір пациенттер бізді бала сататын орталық деп ойлайтын болуы керек, кәдімгідей саудаласқысы келеді. Бір миллион теңгеге бала сатып алғысы келеді. Ол дұрыс емес. Сіздің шығыныңыз болса, ол зат емес, қуыршақ емес, ол – тірі жан. Адам осыны жете түсінбейінше, ЭКҰ әдісіне жүгінуінің өзі дұрыс емес деп ойлаймын.
Біз Жаратушының берген мүмкіндігін ғана қолданамыз. Табиғаттың өзі кепілдік бермеген жанға біз 100 пайыз кепіл бола алмаймыз. Бұл өзі жұмбағы көп дүние. Бедеулік мәселесін 100 пайыз кепілдікпен ешкім шешпейді.
Бізде бір емделушілер бірінші мүмкіндіктен бала көтермесе түңіліп кетеді. Олай істеуге де болмайды. 2013 жылы АҚШ дәрігерлерімен кездескенімде,емделушімен қалай келісім жүргізетіндерін сұрап білдім. Оларда қандай да бір орталыққа бардың ба, бір емес, бірден алты мүмкіндікке келісімшарт жасасады екен. Иә, ЭКҰ біреулер үшін соңғы мүмкіндік. Бірақ, оны бір-ақ рет жасау шарт емес. Күйеуге шыққан келіншек бір айдан соң жүкті болмаса,оны ешкім «бала көтермедің!» деп бетіне баспайды ғой.
Жалпы жиырма жастағы келіншектің өзінің бір айда бала көтеру мүмкіндігі табиғи жағдайда 15-20 пайыз. Отыз жастан асқанда – 10 пайыз, қырықтан асқанда 5-ақ пайыз болмақ. Денсаулығы жақсы адамның өзінде сондай. Ал біз,көпшілік ЭКҰ-ға келген келіншек бір айда бала көтермеді деп түңіліп кетеміз.
Мәселен, Израильда ЭКҰ-ның мүмкіндігін қырық рет жасаймын десең де болады. Өткенде ресейлік бір әріптесіміз алдарына 43 рет ЭКҰ жасатқан әйелдің келгенін ғылыми журналда жазды. Қырық бесінші мүмкіндіктен кейін егіз бала көтеріп,аман-есен туып алған. Яғни, қырық бес ай (егер ай сайын жасатса, ал ай сайын жасатпаса, одан да көп мезгіл) ЭКҰ-дан үміт үзбей, бар мүмкіндікті пайдаланған.Біз оқып, қатты таң қалдық.
– Бізде ең көп дегенде ЭКҰ-ны қанша рет жасайды?
– Бізде әдетте бір-екі рет жасағаннан кейін көңілі түсіп, жеңіле бастайды. Бір жасағанда бала көтерсе, «Құдай берді» дейді. Ал бала көтермесе, «дәрігерлер жаман, дұрыс емдемеді» деп шығады. Сөйтеді де басқа бір орталыққа, басқа дәрігерге, емшіге жүгіреді. Бірақ, шыдамды, түсінігі мол пациенттер де бар. Оншақты рет жасап көтергендері де бар, оларға қатты қуанамыз, риза боламыз.
– ЭКҰ әдісіне үрке қарайтындар баршылық. Әсіресе, жасанды ұрықтандыру арқылы дүниеге келген балалар ертеңгі күні балалы бола алмайды екен деген бір алаңкөңіл бар. Бұған не дейсіз?
– ЭКҰ әдісімен осы күнге дейін 6 млн-ға жуық бала дүниеге келген. 1978 жылы осы әдіспен Англияда тұңғыш қыз Луиза Браун дүниеге келді. Келесі жылы ол қырық жасқа толады. 1978 жылдан ЭКҰ арқылы дүниеге келген балалардың алғашқы толқыны үй болып, өздері табиғи жолмен бала сүйіп отыр. Физиолог профессор Роберт Эдвардс осы еңбегі үшін арада 32 жыл өткенде барып, 2010 жылы Нобель сыйлығын иеленді. Нобель сыйлығы кез келген ғалымға берілмейтінін білесіз. Отыз екі жыл бойы ЭКҰ арқылы дүниеге келген балаларды зерттеп қарағаннан кейін Нобель сыйлығын беруі – медицина ғылымындағы бұл жаңалықтың шынымен де адамзатқа елеулі өзгеріс әкелгенін дүниежүзілік ғылыми қауымдастықтың мойындағаны деп білеміз.
–ЭКҰ әдісімен дүниеге келіп, сіздің құрметіңізге Салтанат аталған қыздар көп болар?
– Әрине. Бірақ олардың санын білмеймін. Біздің клиниканың өзінде екі маман – біз ана болуға көмектескен психолог және медбикеміздің қыздарының есімдері – Салтанат. Осы жаңаша әдіс арқылы дүниеге сәби әкеліп, қазір мықты маман болып, енді өздері көмек сұрап келген емделушілерге маман ретінде ақыл-кеңестерін айтып жүр.
– Әңгімеңізге көп рахмет!
Әңгімелескен Қарагөз СІМӘДІЛ