Нұргүл Тоқсанбаева: «Психолог – дәрігер емес»
Нұргүл Тоқсанбаева, Психология ғылымының докторы, профессор
– Тән ауырса, дәрігерге барып дертіңе дауа іздейсің. Жан ауырса ше? Бүгінгі жер тұрғындарының ең басты мәселесіне айналған жан ауруының дауасымен кімдер айналысып жүр?
– Бүгінгі әлем де, адамзат та бұрынғыдан өзгерек екені жаңалық емес. Адам жан-дүниесіндегі өзгеріс қоғамдық-әлеуметтік жағдайларға қалай әсер ететінін біздің де білгіміз келеді. Халықтың бүгінгі мінезі, жаны, талабы қандай болғанын да таразылап тұрудың еш артықтығы жоқ қой. Бүгінгі қазақ қоғамының жай-күйін түрлі қоғамдық ғылымдар призмасы арқылы сараптап көруге ұмтылып жүрген бір ғылыми топ бар, олар психологтар деп аталады. «Басқаның психологиясын түсіну өте қиын. Тіптен, өзгені түсінемін деп бас ауыртпай-ақ қойыңыз. Алдымен өзіңізді түсініп алыңыз», – дейді бізбен әңгімеде психолог маман. Біз жүрегімізге қаншалықты үңіліп жүрміз? Жанымыздың дертті екенін, әлде сау екенін кімдерге көрсетіп, тексеріп алуымыз керек? Бұл сұрақты қоюдағы басты мақсат бүгінгі таңда еліміздегі жасөспірімдердің өзіне-өзі қол салу көрсеткішінің көбейіп кеткендігінде болып тұр. Демек, жасөспірімдердің жанын емдеу мен сауықтыру шаралары біздің елге керек-ақ. Осы орайда, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Жалпы және қолданбалы психология кафедрасының профессоры Нұргүл ТОҚСАНБАЕВА пікірін төмендегідей білдіреді.
– Жасөспірімдері өзіне-өзі қол салатын елдердің алдыңғы қатарынан көрініп жүруіміздің себебі неде деп ойлайсыз? Жасөспірімдердің күйзеліске ұшырауының қандай рухани-психологиялық себептері бар?
– Қоғамда ақпарат алатын жолдар көбейіп кетті. Және ақпараттар тасқыны өте көп. Оның ішінде жақсысы да, жаманы да болады. Біреу-біреуді өлтіріп кетті немесе өз-өзіне қол салыпты деген хабарларды ата-аналары кешкі шәй үстінде тілі енді шығып келе жатқан сәбимен, күллі бала-шағасымен бірге отырып көре береді. Ол ақпарат бала санасында қалып қоятыны ешкімнің қаперіне кіріп те шықпайды. Бала психикасы өте нәзік. Ол көп нәрсені қабылдай береді, бірақ талдап-таразылай алмай қалады. Кейін келе бала сәл-пәл күйзеліске ұшыраса, жадында бұры-нырақта естіген өлім-жітім оқиғалары бірден жаңғырып шыға келеді.
Ал жастардың өз-өзіне қол сұғу мәселесіне келсек, қазір қоғам ала-құла. Біреу – бай, біреу – кедей. Біздер, өмір көрген үлкендер байлықтың бақыт емес екенін саралай аламыз. Жатақханада тұрып-ақ өмірдің қызықты болатынын жастарға түсіндіру керек. Бақыт – жарасым мен сыйластықта, махаббатта екенін білгені дұрыс. Әрине, қоғамға, ортаға қарсылық ретінде өзіне-өзі қол жұмсайтындар да кездеседі. Бұл қар-сылықтың да бітеу жарасын емдеп жазуға болады. Ол үшін жүрегін жегідей жеген дерті өзім жазам деп арпалыспай, арнайы маманға келіп, іштегі шерін тарқату мәдениетін қалыптастыруымыз керек.
– Студенттердің, жастардың үлкен өмірге деген психологиялық дайындығы мен бейімделуі туралы арнайы психологиялық зерттеулер бар ма? Бар болса, олардың нәтижесі қандай?
– Жар таңдау мен мамандық таңдаудан жаңылыспау керек дейді ғой. Мамандық – біздің бүкіл психологиямызды өзгертеді. Мәселен, жиырма жыл жұмыс істеген мұғалім мен жиырма жыл театрда қызмет еткен артисті салыстырыңыз. Екеуі екі түрлі адам. Бірақ басында екеуі бірдей еді, бір мектепті бітірген болатын. Мамандық таңдауда шатаспауыңыз керек дегеніміз – осы. Ол сіздің кейінгі ғұмырыңыздың бағыт-бағдарын анықтап береді. Психологияда қабілетті анықтайтын аппараттар бар. Сондай құрылғылар арқылы баланың бейімділігін ерте жастан анықтауға болады. Иә, кейбір бала кішкентайынан «осы мамандықты таңдаймын» деп та-бандап тұрып алады. Ол баланың арманын ұштау керек.
– «Заман өзгерді, қоғам өзгерді» деген сөз бұрын да айтылатын, қазір осы мәселе көбірек қозғалатындай. «Біз өзгердік пе, өзгерсек бұрын қандай едік, қазір қандаймыз?» деген сауалға қалай жауап беруге болады?
– Әрине, қоғам да, біз де өзгердік. Біздің буын екі қоғамды бастан кешті. Біз көрген тәрбие мүлдем басқаша болды. Үлкенге қарсы сөйлемейтін, қонақ келсе үлкендермен бірге отырып шәй ішпейтін, үлкеннің айтқаны дұрыс болса да, бұрыс болса да қарсы келу тәрбиесіздік болып саналатын ортада өскен аға ұрпақтың мінезінде жақсы да, жаман да жағы көп еді.
Қазіргі қоғам жастарға басқаша тәрбие беруде. Бұрын біз ересектердің көңіліне қарайтынбыз. Қазір балаларымыздың көңіліне қарап жүрміз. Бүгінгі бала ертең қандай болып ержетеді, мәселе осында. Баланы бүгін молшылықта өсіріп алып, кейін алдынан неше түрлі кедергілер кездессе, ол адам қоғамға қалай бейімделеді? Бізді қоғамға да, қиыншылыққа да дайындап өсірді. Қандай қиыншылық болса да, кө-тереміз, қандай орта болса да сіңісіп кете аламыз. Мәселен, Алматыға оқуға жалғыз жібере салатын. Қазір Алматыға оқуға талапкермен бірге бірнеше адам ере келеді.
Заманда ғана емес, ғылымда да өзгеріс көп. Магистратураны екі жыл оқып, Ұлттық кітапханаға бармайтын түлектер бар. Кітапханада тапжылмай отырып ешкім кітап оқымайтын болып алды. Ертең ол бала қандай маман болады? Тіптен, докторантураға түсуі де мүмкін ғой. Мүмкін, оның ұйымдастырушылық қабілеті жақсы болар, бәлкім, спортта, өнерде мықты шығар. Бірақ ол ғылымның адамы емес қой. Белсенді адамдар күндердің бір күнінде ғылым магистрі, ғылым докторы атанғысы келіп тұратын мінез пайда болды. Олар ғылымның тамшылап төгілген тер-мен жүріп өтетін ауыр жол екенін түсінгісі де келмейді.
– Арнайы аппарат арқылы баланың қабілетін анықтауға болады. «Баламның мінезінде осындай өзгерістер бар еді» деп, жалпы қазіргі халық баласын психологқа апара ма?
– Психолог – дәрігер емес. Оған әбден дерті асқынғандар емес, кәдімгі қалыптағы адамдар да баруы керек. Ал бізде, адам күйзеліске түсе ме, ол әбден шегіне жеткенде бір-ақ барады. Отбасынан ажырасып кеткеннен кейін ғана психологқа келіп тұрады. Ол отбасынан ажырасқысы келмеді ме, ерлі-зайыпты адамдардың арасында сызат түсе бастағанда-ақ психологқа жазылулары керек еді. Жоқ, болар іс болып қойғаннан кейін психологтан көмек сұрайды. Әрине, осы күні психологиялық түрлі орталықтар қарапайым халық үшін қолжетімсіз. Қазір психологтың дережесі де анықталмаған. Психологқа бармасаң да өмір сүруге болады деп ойлайды. Ал ол психологқа ақшамен бару керек болса, тіптен, жолағысы келмейді. Сондықтан халыққа тегін ем беретін дәрігерлер сияқты тегін қабылдайтын психологтар да болуы керек.
Отбасы дәрігері сияқты, отбасы психологы да болғаны дұрыс. Сіз қанша жерден психолог болса да, бөтен адамға сырыңызды жайып сала алмайсыз ғой. Ол адамға сену үшін әбден сыралғы болуыңыз керек. Яғни ол психологпен ұзақ жылдар бойы ақылдасып, кеңесіп отыруы тиіс.
– Қазіргі таңда күйзеліс – көптеген адамдар ұшырайтын дерт ретінде аталып жүр. Мұның алдын алуға немесе бұл дертті айналып өтуге бола ма? Психолог маман ретінде бұл дерттің біздің елге қандай қауіп-қатері барын айтып берсеңіз.
– Күйзелістің себебі көп. Қоғамдық көлікте көп адамдардың ортасында сіресіп тұрсаң да стресс аласың. Мұздасаң да, ыстықтасаң да көңіл-күйіңді жоғалтасың. Біреуді көбірек күтіп қалсаң да жүйкең жұқарады. Жұмыста да, көшеде де, үйде де естіген жағымсыз әңгімелер жаныңды жаралайды. Күйзеліс – осындай болмашы ғана болып көрінген түрлі стрестердің жиынтығы. Біреудің қайғысы аздай, қазір көптеген қыз-келіншектер сериал көріп, өзге біреу үшін жүйкесін тоздырып отырады. Теледидарға телміріп отырып екі-үш сағатының қалай өтіп кеткенін білмейді. Сосын ештеңеге үлгере алмағанын айтып шағынады. Үлгермеу демекші, қазіргі өмір салтында адамға тәулігіне жиырма төрт сағат уақыт тапшы. Халықта ұлы шаршау да бар. Сондықтан, күйзеліске ұшырамайтын адам кемде-кем. Кез келген адам осы қалпында психолог маманға барса, арнайы әдіспен оның күйзеліс деңгейінің қандай формада екенін ажыратып бере алады.
Тіптен, психологқа көрінгісі келмесе, бассейн, өзен-көлге шомылсын, ағын суға қарсы жүріп, тынықсын. Күніне бір-екі сағат таза ауада серуендесін, тауға шықсын, қарағайға, көкжиекке көз талдыра қарасын...
Басқасы басқа, қазақ әйелдері демалыс мәселесінде өзін қоғамның, ортасының, отбасының құрбаны қылып жіберген. «Жұмысы ауыр, балалармен күні бойы жұмыс істейді, сондықтан көбірек демалуы керек» деп мұғалімдерді мемлекет үш айға еңбек демалысына жібереді. Сол үш айға алған ақысына әлгі әйелдердің көпшілігі үйін жөндеп, үйін әктеп, қонақ күтіп, т.с.с. ешқайда демалмай-ақ қайтып келеді. Әрине, кейбірі бұл жұмыстардың өзін демалыс көруі мүмкін. Бірақ тынықпаған тән мен жан күндердің күнінде күйзеліске ұшыратары анық.
– Бәлкім, жастарға осыны психологиялық тұрғыда түсіндіріп беру керек шығар?
– Психолог – психология мамандығы бойынша кәсіби білім алған, дипломы мен арнайы теориялық білімі және практикалық тәжірибесі бар адам. Психологтар негізінен дені сау, бірақ қарым-қатынаста, өзіндік күйзелістері мен қолдау мен түсінуді қажет ететін адамдармен жұмыс істейді (егер де адамда психикалық ауытқулар білінсе психолог оны психиаторға жібереді). Психология мамандығы көп салалы мамандық, әр психолог өзі таңдаған саласы бойынша жұмысын атқарады. Мысалы, балалар психологиясы, отбасы психологиясы, клиникалық психология, заң психологиясы және т.б. Қазақ Ұлттық мемлекеттік университетінің философия және саясаттану факультетіндегі жалпы және қолданбалы психология кафедрасында, кәсіби психолог маман даярлаудағы жетекші мекеме болып табылады. Бұл жерде көптеген кәсіби психологтар мен психология ғылымының PhD докторлары арқасында жыл сайын болашақта түрлі психология саласында жұмыс істейтін кәсіби мамандар шығарылады.Сондықтан жастар көбінесе қандай жағдайға кездессе де, психолог маманның кеңесін алуға дағдылануы керек.
– Әңгімеңізге көп рахмет!
Әңгімелескен Қарагөз СЕРІКҚЫЗЫ