Шамсат Исабеков: «Жұрттың таэквондоға қызығушылығын ояту үшін үлкен жеңістер керек»

Oinet.kz 12-12-2014 1347

Таяуда Шымкент қаласында таэквондодан ел біріншілігі аяқталды. Полат Қырықбаев тізгінін ұстаған спорт және дене тәрбиесі  басқармасы мен Нұрсадық Ергешбек басқаратын облыстық таэквондо федерациясының ұтымды ұйымдастыруымен біріншілік жоғары дәрежеде дүркіреп өтті. Екі күн бойы елдің құмары қанып тамашалаған тартысқа толы бәсекеде Оңтүстік Қазақстан облысы командалық есеп бойынша бірінші орынды иеленсе, екінші орын Алматы қаласының еншісіне  бұйырды. Бабы келісіп, бағы жанып өз салмағына сәйкес жеңімпаз атанғандар ұлттық құрама сапына қабылданып, келесі жылы Мексикада өтетін әлем біріншілігінде еліміздің намысын қорғамақ. Бүгінде жаңа Олимпиадалық кезең басталғандықтан бұл жолғы ел біріншілігінің маңызы ерекше екені талас тудырмайды. 2016 жылы жалауы көтерілетін Рио-де Жанейродағы Олимпиада ойындарына қызу дайындыққа қазірден бастап кірісу күн тәртібіндегі майшаммен  қарайтын мәселе.  Республикалық таэквондо федерациясының президенті  Шамсат Исабековпен арадағы сұхбат  та дәл осы тұстан өрбіді.

image.png

Шамсат Исабеков, республикалық таэквондо федерциясының президенті

- Шамсат Жақсылықұлы, таэквондо федерациясының қазіргі жүрек қағысы қалай?

- Таэквондо федерациясында бүгінде өте маңызды әрі  көптен күткен өзгерістер жүзеге асып жатыр. Оның ең бастысы, жақында ғана  «Самұрық-Қазына» Ұлттық  әл-ауқат қорының жанынан спорттық жекпе-жек түрлері конфедерациясы құрылды. Бұл конфедерацияның құрамына  бокс, күрес, дзюдомен қатар таэквондо да қосылды. Жаңа құрылымның пайда болуы біз үшін бірқатар күрделі мәселелерді шешіп бермек. Бұған дейін қаражат жетіспеушілігі салдарынан халықаралық деңгейдегі байрақты бәсекелерге ұлттық құраманы толық қатыстыра алмай жүрдік. Енді жағдай оңынан өзгереді деп ойлаймын. Шетелде өтіп жатқан турнирлерге ең үздік спортшыларымызды апарып, сонымен қатар әлемнің ең мықты таэквондо  мектептерінде  оқу-жаттығуға жиындарына жіберу арқылы олардың шеберлігін шыңдауға толық мүмкіндік тумақ.

- Отандық таэквондоның әлемдегі орны қандай?

- Арман Шілманов Бейжіңде қола медаль иеленгенде біз дүниежүзіндегі таэквондодан үздік саналатын 20 мемлекеттің  тізіміне кірген едік. Соңғы Олимпиада ойындарында жүлдесіз қалғандықтан рейтингте аздап төменге сырғыдық. Үздіктер тізіміне ену үшін әлем және құрлық біріншіліктерінің де нәтижелері ескеріледі. Қазір дүниежүзілік таэквондо федерациясына мүше 208 мемлекеттік арасында 27-орындамыз. Шүкіршілік дейік, қазіргі уақытта Қазақстанның  таэквондошыларының беделі өте жоғары. Айталық, ТМД кеңістігінде Олимпиада жүлдесін  жеңіп алу  бақыты  тек ресейлік және қазақстандық таэквондошыларға бұйырған.  Спорттың Олимпиадалық түріне енгізілген соң таэквондоның ережелеріне бірқатар шектеулер  қойылды. Спортшылардың киімі бұған дейін тек қорғаныс мақсатында  пайдаланылып келсе, енді оны электронды чиптармен толықтырды. Яғни, соққының нысанаға дәл тиген-тимегенін бұрынғыдай төрешілер емес, компьютер анықтайды. Бұл үлкен жетістік. Себебі, даулы мәселелер, наразылықтар  алдыңғы жылдарда жиі кездесетін. Кейде төрешілер тетікті қателесіп немесе әдейі байқамағансып басып қойса, спортшыға ұпай жазыла беретін. Мұндай келеңсіздіктен құтылудың амалы табылғанына қуаныштымыз.

- Таэквондоның өзге жекпе-жек түрлерінен қандай ерекшелігі бар?

- Баланы таэквондоға бес жасынан бастап қатыстыруға болады. Жаттығулар мен жарысқа ата-анасы да бірге келеді. Олар  баласының өнерін тамашалап отыруына мүмкіндік қарастырылған. Таэквондо баланы шыдамдылыққа, тәртіпке үйретеді. Өмірдің өзі  күрес қой, спортпен шыңдалған адам қиындықтарға мойымайтын төзімтал келеді. 

- Мұстафа Өзтүрік, Бексейіт Түлкиев жасындай жарқылдаған жылдары қазақ елінде таэквондоға деген ерекше құштарлық пайда болып, мыңдаған балалардың ақ кимоно киіп, спортпен шұғылданып жатқаны әлі есімізде. Қазір ондай үрдістің азайғаны көрініп тұр. Әлде таэквондоға жарнама жетіспей ме?

- Еліміздің таэквондо федерациясы құрылғанына 20 жыл толды. Мұстафа Өзтүрік, Бексейіт Түлкиев секілді саңлақтардың бастамасымен негізі қаланған жаңа федерация қазақ үшін таңсық спорт түрінің елімізде кең қанат жаюына септігін тигізіп келеді. Таэквондоны жан-жақты жарнамалау жағы  қазір шынында да кемшін соғып жүргені рас. Әйтпесе, куимр санауға тұрарлық тұлғалар жетіп жатыр ғой. Атақты Брюс Ли, Джеки Чан, Чак Норрис сияқты киножұлдыздар таэквондоның көптеген элементтерін кәдеге жаратқан.  Бүгінде  ең үлкен жарнама – белгілі бір спортшының үлкен жетістікке жетуі. Бекзат Саттарханов, Ермахан Ыбырайымов, Мұқтархан Ділдәбеков, Бақтияр Артаев бағындырған биіктер, Серік Сәпиевтің соңғы жылдардағы толғай табыстарының бәрі елдің ішінде  боксқа деген алабөтен қызығушылықтың туындауына тікелей түрткі болды. Кезінде Мұстафа Өзтүрік пен  Бексейіт Түлкиевтің  жеткен жетістіктері, бағындырған биіктері  жан-жақты жазылып, насихатталғандықтан  сол тұста  таэквондоға деген қызығушылық та күрт өсті. Бірақ, содан бері қанша уақыт өтті. Мұстафа да, Бексейіт те бақилыққа аттанды. Дәл қазір бұрынғыдай емес, таэквондода жарқын тұлғалар аздау болып тұр. Бейжің Олимпиадасында Арман Шілмановтың қола медаль олжалауы   көпшіліктің осы спорт түріне сүйіспеншілігін аз да болса оятқанымен, жоғары дәрежеге көтерілу үшін бұл жеткіліксіз. Қазіргі уақытта елімізде таэквондомен шұғылданатындардың саны 15 мыңның шамасында. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда біршама азайған. Облыстар арасында Оңтүстік Қазақстан, Атырау, Жамбыл және Алматы облыстары көш бастап тұр. Жұрттың таэквондаға қызығушылығын ояту үшін үлкен жеңістер керек. Кореяда өткен әлем біріншілігінде бізді мына жайт қатты таңқалдырды: 4-5 жастағы кішкентай бүлдіршіндерді топ-тобымен әкеліп біріншілікті тамашалатты. Демек, таэквондоға деген махаббат пен қызығушылық кішкентайынан пайда болады. Таэквондомен миллиондаған  адам шұғылданғандықтан қандай мықты спортшылардың іріктелетінін шамалай беріңіз.

Жалпы, таэквондо – спорттың қиын түрі. Оған екінің бірі төзе бермейді. Кореяға барып жаттыққан спортшыларымыз шошып келді. Сөйтсек, Кореяның жаттықтырушылары шәкірттерін таяқпен ұрып тәрбиелейді екен. Тәсілді дұрыс қолданбаса, ағат қимылдаса таяқпен соққы алады. Бізде мұндай қатал әдіс жоқ, соның өзінде жаттығуларға шыдай алмайтындар жиі кездеседі.

-Таэквондодан ел біріншілігін өткізуге Астана, Алматы емес, не үшін Шымкент қаласына таңдау түскенін түсіндіре кетсеңіз.

- Отандық таэквондоны тілге тиек еткенде  Оңтүстік Қазақстан облысы спортшыларының толағай табыстары алдымен ауызға ілігеді. Талай талантты жасты тауып, тәрбилеп жүрген білікті бапкер Шадияр Қондыбаевтың шәкірті, оңтүстікқазақстандық таэквондошы Әділхан Сағындықов Олимпиада ойындарында бақ сынаған тұңғыш қазақ ретінде тарихтың таза парағына қолтаңба қалдыруының өзі неге тұрады? Ол Афины Олимпиадасында үздік бестікке ілікті. Ал биылғы Лондон Олимпиадасында еліміздің намысын қорғаған үш таэквондошының екеуі оңтүстікқазақстандық екеніне өзгелер  қызыға да қызғана қарады. Өйткені Олимпиада  ойынына екі бірдей таэквондошы апару басқа облыстар түгілі қаншама мықтымыз дейтін мемлекеттердің қолынан келмеген ерлік. Олимпиада ойынынан олжасыз оралғанымен келешегінен үлкен үміт күттіретін оңтүстікқазақстандық қос спортшы - Нұрсұлтан Мамаев пен Феруза Ергешованың да  бапкері Бауыржан Аманқұлов. Ел біріншілігі басталардан бір күн өткен федарацияның  жиынында үш үміткердің арасында басым дауысқа ие болған осы Бауыржан Аманқұлов Қайрат Қырғызбаевтың орнына ұлттық құраманың бас бапкерлігіне сайланды. Жалпы, таэквондода Олимпиада жолдамасын  сарапқа салу кезінде шектеу бар. Бір мемлекет мықтағанда Олимпиадаға төрт лицензияны олжалай алады. Ал біздің елден Афины Олимпиадасына бір таэквондошымыз барса, Бейжіңде қос бірдей спортшымыз өнер көрсетті. Биылғыдай Олимпиада ойындарына таэквондодан үш лицензия жеңіп алу ел тарихында  бұрын-соңды болмаған  жетістік.

Мұрағаттан, 13.12.2012 ж

Шерхан Мұртазаның әңгімесі. «Соңғы нәсіп»
Айжан Тәженова: «Талантты мен талантсызды ажырата алмайтын дәрежеге жеттік»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу