Айжан Тәженова: «Талантты мен талантсызды ажырата алмайтын дәрежеге жеттік»

Oinet.kz 14-03-2013 1196

- Айжан Рахымғалиқызы, әңгімемізді жеке шығармашылығыңызда нендей жаңалықтар барын білуден бастасақ?

- Қаншама жылдан бері облыстық филармонияда қызмет істеп келемін. Ондағы әншілердің жетекшісі болу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Одан кейін филармонияның әншілеріне бүгінде сұраныс өте жоғары. Аудан, қалаларда ұйымдастырылып жатқан концерттер өте көп. Соған жас өнерпаздардың жоғарғы деңгейде өнер көрсетіп шығуы үшін жақсылап дайындалуы қажет. Оларға бар тәжірибемді, ақылымды айтумен күн өтеді. Шынымды айтсам жеке шығармашылықпен айналысуға уақыт тапшы болып жатыр. Бірақ шығармашылығымды шетке ысырып қойған жоқпын. Өнер адамдары ырымшыл келеді ғой. Жоспарымды алдын ала жар салып айтқым келмейді. Кезі келгенде  өнерімді халықпен бөлісіп, нәтижесін көрсетермін.

image.png

Айжан Рахымғалиқызы  

- Жас әншілердің өнерін өрістетуге  көп  күш жұмсаймын дедіңіз.  Жалпы қазақ эстрадасына қосылып жатқан жас өнерпаздардың талғамына, өнеріне қатысты қандай пікір айтасыз?  

- Қазір талғамсыз, сапасыз әншілердің сахнаға шығуы көбейді. Ондайлардың қаптағандары соншалық, дарынды әншілерді тасада қалдыра бастады. Тіпті қазір талантты мен талантсызды ажырата алмайтындай деңгейге жеттік. Бір сөзбен айтқанда бүгінде сапалысы-сапасызы болсын, барлық әншінің дәрежесі теңесіп барады. Бұған ақпарат құралдарының  да қосып отырған үлесі қомақты. Телеарна, газет-журналдарда да ақиқат жоғалып кеткен бе, қай-қайдағы біреуді аса дәріптеп, лайықты адамды көзге ілмей жатады. Ондай кезде «Мынадай дарынды  әншіні немесе біздің әндерімізді неге насихаттамайсыңдар?» деп ренжімейміз. Егер солай айтсақ, көре алмаушылық танытқандай  болып қаламыз. Бұдан бірінші кезекте жапа шегетін халық, оның рухани деңгейі. Филармонияда осындай олқылықтарға жол берілмеуі үшін әншілерімізге  қатал талап қоямыз. Сол себепті ең алдымен жанды дауыста ән салуды қолға алдық. Фонограмма дегеннен бас тартып, барлық жерде тірі дауыста ән салуды біздің филармонияның әншілері бастады деп айтсақ та болады. Ән таңдау, лайықты костюм, сахнада өзін-өзі ұстау секілді ережелердің барлығына үйрететін мамандар жеткілікті. Егерде әр әнші өзіне, әр мекеме өнерпаздарына осындай қатал талаптар қоя білсе, өнерді қорлап  жүрген дарынсыздар аяқ тартар еді.    

- Сіздіңше әйел бақыты деген не?

- Әйелдің бақыты отбасында.  Оның туған-туысы, бала-шағасы, асыл жары. «Әйел бақытты болса, әлем бақытты» деген сөз бар. Әйел бақытты болса жан-жағын нұрға бөлеп, шуағын шашып жүреді. Мен өзімді бақытты әйелмін деп есептеймін. Себебі бұл  дүниедегі мен үшін  ең қымбат екі қазынам әрдайым жанымда. Ол отбасым мен өнерім.  Өнер жолына жастайымнан келдім. Сөйтіп  Оңтүстікке келін болып  түстім. Сол кезде бірінші менің ойлағаным «әншілігім енді далада қалмас па екен» дедім. Анам да үлкен енеме келіп «қызым ән айтуын тоқтатпасын, талантын тұншықтырып қоймасаңыздар екен» деп сұранған болатын. Бағыма қарай ата-енем маған ән салуға ешқандай тыйым салған емес, керісінше менің дауысыма, өнеріме тәнті болды.  Осылайша халықтың алдында ән сала жүріп, ұл-қыздарымды әрдайым бақылауда ұстап, тәрбиелеп, ата-енемнің де бабын таба білдім. Таразының екі басын да  тең ұстап келемін десем де болады. 

image.png

- Ата-енем «әнші келін» болғаныма ешқандай қарсылық білдірген жоқ дедіңіз. Ал күйеуіңіз қызғаншақ емес пе?

- Жоқ, мүлдем. Осы жасқа келгенге дейін күйеуім әрдайым маған демеу болып келеді. Ешқашанда ұрысып, қабақ шытып, дауыс көтеріп көрген емес. Менің риза болатыным, ән айтқанымды күнделікті жұмыс, қызметім ретінде қарайды. Отау құрғанымызда өнер мен отбасының тірішілігін--екеуін де қатар алып жүруге бел буғанмын. Соны қазір дәлелдедім деп ойлаймын. Өйткені үй шаруасына да, бала тәрбиесіне де үлгеріп жүрмін. Үйде ешқашан бала күтуші, үй қызметшісі болған емес. Қанша шаршап келсем де, өз қолыммен ас әзірлеп қоямын. Себебі жарым Наурызбай менің қолыммен жайылған қамырды жегісі келеді. Ұлым Марлен мен қызым Аида да кезінде үлгере алмай жатқан шаруаларыма көмектесіп жүреді. Қазір әрине балалар есейді. Ұлым, келінім, Алуа атты немерем Елордада тұрады. Менің үлкен қуанышым, жетістігім солар. Анасын тыңдамаған патша жоқ дейді ғой.  Олар қанша есейсе де әлі күнге дейін менен ақыл-кеңес сұрайды. Мен де кеңес айтудан жалыққан емеспін. Яғни қанша гастроль, концерт болсада ең бірінші отбасымның көңілін табумен келемін. 

- Ең қымбат деп бағалайтын сыйлығыңыз?

- Шын жүрекпен берілген сыйдың барлығы қымбат. Қыз-келіншектер әрине гүлден бас тарта алмайды. Мен үшін де гүлден асқан сый жоқ деп білемін. Бірақ келінімнің маған жасаған сыйлығына әлі тамсанумен келемін. Мереке сайын менің жаныма жақын, ұнататын иіссуларды сыйлайды. Оның талғамы мен менің талғамым сай келетіндіктен шығар, киім алса да тура менің ойымдағы киімдерді таңдайды. 

- Продюссеріңіз...

- Біздің заманымызда продюссер деген болмаған. Оның орнын ұстаздарымыз, өнерде жүрген аға-әпкелеріміз алмастырды. Қазір ойлап қарасам, менің продюссерім өзімнің анам болған екен ғой. Ол кісі ұзақ жылдар театр әртісі болған. Саханада тұру, жүру, сөйлеудің барлығын сол анамнан үйренгенмін. Студент кезімде демалыс кездері үйге барғанымда, көршілеріме мені арнайы дайындайтын. Шашымды түзеп, әдемі көйлек кигізіп, тыранғымды бояп және тіке отырғызатын. Ол кезде теледидардан енді ғана шығып жүрген едім. Анам: «Сен теледидардан қалай көрінсең, шынайы өмірде де солай көрінуің керек. Ешқашанда жұрттың көзіне алба-жұлба киіммен, таралмаған шашпен көрінбе» деп ақылын айтып отыратын. Сол кезде мұның барлығын түсінбеппін. Қазір анам  өмірден өткен соң   айтқан ақылдарының барлығы  біртіндеп ойыма оралуда, оны жиі есіме алып отырамын. Ол мені сахнаға, өнерге мықтап дайындап кеткен екен ғой. Өз басым қазақтың бұлбұлы Бибігүл Төлегенованың сахнадағы образына өте ризамын. Жасы келсе де боянғаны, шашы, киімі, сөйлегені, бәрі-бәрі өзіне сондай жарасымды. Мен де сол кісі секілді әдемі қартайсам деген арманым бар.

Шамсат Исабеков: «Жұрттың таэквондоға қызығушылығын ояту үшін үлкен жеңістер керек»
Сұңқар Мұқашқызы: «Алапесті толық емдеп жазуға мүмкіндігіміз бар»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу