Төрегелді Шарманов: «Ауру астан»

Oinet.kz 11-12-2017 1395

Screenshot_4.jpg

Төрегелді Шарманов, ғалым, қоғам қайраткері

Ұлт болашағы – ой-өрісі терең, интеллектуалды деңгейі жоғары ұрпақтың қолында десек, сол ұрпақтың ең алдымен сау болмағы – бүгінгі заман талабы. Болашақ толқын ауру-сырқаудан көз ашпаса, ел келешегі жайлы айтудың реті де жоқ. Өйткені, ой саулығы – жан саулығына, жан саулығы – тән саулығына тікелей қатысты. Ал, тән саулығы күнделікті ішіп-жейтін асымызға, өмір салтымызға байланысты екені баршаға мәлім. Екіншіден, біздің қоғамда осы күні бәрі өзерген, ендеше, өмір салтына да айтулы өзгерістер қажет-ақ. Ол өзгерістер қандай болмақ? Бұл да ойланарлық мәселе. Осы сұрақтар төңірегінде елімізге белгілі ғалым, медицина ғылымының докторы, Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді ШАРМАНОВ ой-пікірлерімен бөліседі. 

Жақсыда жаттық жоқ

– «..Адам деген даңқым бар», – дейді Абай. Әрқайсысымыздың да осы даңқты көтеріп жүрудегі ұстаным, көзқарастарымыз ерекше десек, сіздегі сол ерекшеліктің сырын білгіміз келеді. Адам адам болып дүниеге келгеннен кейінгі негізгі ұстанымы, ойы, пікірі қандай болмақ керек деген пікірдесіз?  

– Адамның негізгі мақсаты – жақсылық жасау дер едім. Кек сақтамау керек. Жалпы, «Адамда үш емделмейтін ауру бар: шаш түсу, тұмау, содан соң қызғаныш» деген сөз бар. Қызғаншақ адам өзін-өзі өртейді, адамдық қасиетін жоғалтады. Ортада жүргенде тек жақсылық ойласаң, жаның да таза, тәнің де сау. Анау анаған неге сонша көп жақсылық жасайды деп ойлағанша, сен де сондай жақсы адам болуға ұмтыл. Күндеп өмір сүруге еш болмайды. Осы күні адамның орта жасы 45 жас деп айтылады. Дегенмен, адам өзінің қабілетіне байланысты өмір сүреді. Адами қасиеттер, жақсылық ойлау, еңбек ету, барлығы жиналып келіп адамның өмір сүру дағдысын  қалыптастырады. Бүгінгі заман адамының ойы, пікірі қысқаша сөзбен айтқанда, жақсылыққа ұмтылу болуы керек деп ойлаймын. 

– Сіздің той-думанды дүркіретіп атап өтуге қарсы екеніңізді білеміз. Неліктен? 

– Жұрттың аста төк той жасауы – ұлтты үлкен қатерге ұрындыратын дерт. Қанаша адам тойып тамақ іше алмай, жарытып киім кие алмай, қаншама дарынды бала қаржы қолбайлау болып тиісті білім ала алмай жүргенде, біз той деп ақша шашамыз. Жетпіске келгенде «Маған деген құрметтеріңізге ризамын. Мерейтойға берем деген қаражаттарыңызды ақ қан ауруымен ауырған балаларды емдеу үшін ашылған қордың есепшотына аударсаңыздар, риза боламын», – деп газетке арнайы хабарландыру жаздым. 2003 жылы Тарлан сыйлығын алдым. 10 мың доолар сыйақыны республикадағы төрт медициналық жоғарғы оқу орындарында оқитын жиырма студентке, жетім балаларға стипендия қылып таратып бердім. Мемлекеттік сыйлықтың сыйақысын да жетім балаларға үлестірдім. Мұның бәрі сол аста төк тойға кеткен қаржының орнына ең болмаса, санаулы балаға лайықты көмек көрсете алсам деген ойдан туған дүние. Жалпы, кез келген мәселеде, адам ол қадамының соңы неге апаратынын ойлап барып, шешім қабылдауы тиіс қой деп ойлаймын. Той жасаудағы негізгі ойы – өткенге көз жүгірту болса, онда нақты адамдарға көмек қолын соза отырып, өткенге құрмет көрсетуге де болатынын айтқым келеді. 

– Бұл адам ретінде жасаған игі қадамдарыңыз деп есептесек, ғалым ретінде, медицина ғылымының докторы саласында лауазымды қызметтер атқарған қоғам қайраткері ретінде нендей із қалдырдыңыз?   

– 1978 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен ЮНИСЕФ-тің бірлескен жұмысының нәтижесінде алғашқы медициналық жәрдем тақырыбында атақты Алматы конференциясы өтті. Конференцияның мақсаты мен философиясы – дүниежүзінің барлық жеріндегі адамдарға алғашқы медициналық жәрдем беру, оның құқықтық негізін қалау. Міне, осы конференцияның қорытындысы ретінде декларация қабылданып, дүниежүзі мемлекеттері осы декларацияның арқасында адамдарға алғашқы медициналық жәрдем беру құқына ие болды. Бұл күллі әлемдегі медицина саласында жеткен ұлы жетістік еді. Сондықтан бұл декларация адамзат тарихында медицина саласының ұлы хартиясы аталып кетті. Шындығында да аталған декларацияның маңызы зор болды. Бала өлімі азайды, орта жастың деңгейі ұлғайды, адамдардың денсаулығы жақсарды. Бастапқыда бұл конференцияны Ташкентте өткізу жоспарланған еді. Кейіннен мен оның Алматыда өтуіне бар күшімді салдым. Мұның соңы аздап қиындықтарға ұласты. Себебі, конференцияның өтуіне дүниежүзі дәрігерлері көз тігіп отырған еді. Конференция нәтижелі өтті. Қазақстанды әлемдік қауымдастық мықты, әлеуетті ел ретінде таныды. Алғашқы медициналық жәрдем тақырыбында алғашқы конференция өткізу арманым еді. Арманыма жеттім деп есептеймін. 

Он бір жыл бойы Денсаулық сақтау министрлігінде қызмет еттім. Осы жылдары елімізде медициналық оқу орындарының көптеп ашылуына үлесімді қостым. 

– Арманыма жеттім деп қалдыңыз ғой. Жалпы, бүгінде көпті көрген ақсақал, қоғамға сыйлы тұлға ретінде қарттық, әдемі қартаю деген ұғымға бір сөзбен анықтама бере аласыз ба?

– Әдемі қартаю деген рухани көрініс. Адам айналаға жылу, мейірім шашып жүру керек. Адамға деген жақсылық сезімі болуы тиіс. Біреу туралы керітартпа ой, көреалмаушылық сезімі пайда болса, ол адамның өмірі жақсы емес. Демек, жақсы қартайған жоқ. Өзіңді физикалық жағынан қанша күтсең, шынықсаң, адамға деген жақсы, жылы ойың да соншалықты күтімді қажет ететінін ұмытпаған жөн. Бұл адамның бет-бейнесіне бірден әсер етеді. Неге қартайған шақта да кейбіреулердің жүзінен нұры төгіліп тұрады? Бұл оның жүрегінің тазалығынан. Жүрегін кірлетпегендігінен. Жақсы қартаю дегеніміз қанша жасқа келсең де, жүрегіңнің таза қалпында сақтала білуі дер едім. 

Ауру – астан

Тағамтану әдебі туралы білгіміз келеді. Маман ретінде тамақтану мәселесінде халықтың басты ұстанымы қандай болуы керек екенін айтып берсеңіз?

– Қазақ тағамтану академиясы қазақстандықтар не жейді деген тақырыпта жалпыхалықтық зерттеу жүргізген еді. Қазақстан жүрек-қан тамырлары ауруларынан өлім құшатын елдердің алдыңғы сапында тұр. Дұрыс тамақтану арқылы осы өлімнің әрбір екіншісінің алдын алуға болар еді. Майларды жеу әдетін тоқтату арқылы қауіпті ісік дертінің 40 пайыздайының алдын алуға болатынын да айтқым келеді. Халық денсаулығының деңгейін анықтайтын негізгі фактор тағам проблемаларымен астасып жатыр. Мысалы, осы қазір белең алып кеткен жүрек-қан тамырлары аурулары дұрыс тамақтанбаудың салдарынан өршіп келеді. Сүйек сынғыштық, қант диабеті аурулары да асымызға байланысты. Қазақстандағы балалардың 22 пайызы, ал ересектердің 55 пайызы (соның ішінде әйелдер 58 пайыз, ерлер 53 пайыз) артық салмақ жинаған немесе семіздік дертіне шалдыққан. Артық салмақ пен семіздіктің 90 пайызы дұрыс тамақтанбау салдарынан болады. 

АҚШ темекі тартудың әсерінен болатын аурумен күресу үшін жылына 47 миллиард доллар ақша жұмсайды екен. Ал семіздіктен тарайтын ауруларға қарсы жылына 100 миллиард доллар бөледі. Бұл өте көп қаржы. Мұның алдын-алу үшін дұрыс тамақтану мәдениетін сіңіру керек. Біз барлық қалада, аудан орталықтарында салауатты тамақтанудың орталықтарын ашып жатырмыз. 

– Тек Қазақстанда ғана емес, дүниежүзінде тағамға қатысты ұстаным, тамақтану дағдылары өзгеріске ұшырады. Әсіресе жылдам тағам желілері пайда болғалы мұның зиян екенін біле тұра, халық жылдам тағамға құмар болып алды. Мұның соңы неге апарады?

– Тамақ адамның мінезіне, генофондына әсер етеді. Мысалы, сырт елдің кока-кола, пепси-кола сияқты фасфудтарымен тамақтансақ, геніміз жақсармайды. Бұрындары шетелге барғанымда «бұл қандай тағам, біздің елде неге жоқ?» деп қызығып, ондай өнімдерді жеп көргенім рас. Кейін оның зиянын білген соң, мұндай тағамдарға жоламайтын болдым. Жалпы, сырттан келетін өнімдердің халық денсаулығына келтірер кеселі өте көп. Мәселен, біз қымыз, шұбат, қымыран, бауырсақ, ірімшік, ет сияқты ұлттық тағамдарымызды жеуге тыйым салмаймыз. Себебі оның адам денсаулығына пайдалылығы баяғыда-ақ дәлелденіп қойған. Оларды тексеруден өткізбей-ақ тұтына беруге болады. 

Ал, энергетикалық сусынға түбегейлі қарсымын. Оның ағзаға пайдасы бар деген пікірмен келіспеймін. Себебі адамның орталық жүйке жүйесін белсендендіріп, жұмыс істеу қабілетін арттыруға бағытталған бұл сусындардың құрамында кофеин, таурин сияқты қоспалар бар. Оларды белгілі мөлшерден көп қолданса, адамның энергиясы немесе бұрын байқалмаған қандай да бір ауруы қозады. Қозудың әсерінен адам әлсірейді. Ол бірден байқалмағанымен, уақыт өте келе тұрақты тұтынушының денсаулығы күрт нашарлауы мүмкін. Өнім адамға қосымша қуат береді деу – қате пікір. Аты «энергетик» болғанымен, заты оған сай емес. Керісінше, бойдағы бар энергияны артығымен жұмсап, түгелімен шығарады. Былайша айтқанда, адамның энергиясын өзінен «қарызға алады». Денсаулық сақтау мамандарының мәлімдеуінше энергетикалық сусындарды жүйелі түрде қолдану жүрек-қан тамырлары жүйесі қызметінің бұзылуына, ұйқысыздық дертіне, адам ағзасының уақытынан бұрын әлсіреуіне, қан қысымының көтерілуіне әкеліп соғады. Оны жүйкесі сыр берген, гипертония, глаукомамен ауыратын адамдарға және аяғы ауыр әйелдер мен 18 жасқа дейінгі жастарға қолдануға болмайды. Франция мен Германияда энергетикалық сусындарды өндіруге мүлдем тыйым салынған. Энергетикалық сусынның адам өліміне әкеліп соқтырған алғашқы дерегі 2009 жылдың қазан айында тіркелді. Аталған өнімді мөлшерден тыс көп қолданған Пенза қаласының студенті ұйқы безіне қан құйылып кетуі салдарынан көз жұмды. Бұндай деректер қатары күн өткен сайын көбейіп келеді. Сондықтан, мұндай ас-ауқатты сырт айналып жүрген дұрыс.   

– Ұлттық тағам өнімдеріміз туралы айтып өттіңіз ғой. Дұрыс айтасыз, қымыз, құрт, ірімшіктің пайдалы екенін осы күні ешбір дәлелсіз, әркім біледі. Бірақ, ет жеуден бас тартқандардың қатары көбейіп келеді. Жалпы, ет өнімдерінен түбегейлі бас тарту ағзаға зиян емес пе? 

– Біз күні кешеге дейін халықты тамақтандырудың ұлттық ерекшеліктеріне көз жұма қарап келдік. Мәселен, ұзақ жылдар бойы дастарханымызда еуропалық тағам түрлерінің шектен тыс басым болғаны белгілі. Қазақтардың, көрші көшпенді елдердің дастарханының негізгі ас мәзірінде ет болғанын білсек те, білмегенсідік. Халықтың өз болмысындағы осы бір дәстүрдің сақталмауынан адамдардың бойында биологиялық ауытқушылықтардың да ұдайы болатынын ғылым дәлелдеді. Екіншіден, салыстырмалы түрде бұрын ет, қымыз, құрт, ірімшік, май, т.б. тағам түрлері жеткілікті еді. Қазір бұл тағамдарды тұтыну қымбатқа түседі. Көпшіліктің қолы жете бермейді. Сондықтан қолы жеткен асқа қанағат етеді. Сондықтан халық ет өнімдерінен бас тарты ма, жоқ па – ол жеке тақырып болуы керек деп ойлаймын.   

Әрқашан ұлттық тағам бірінші тұруы және насихатталуы тиіс. Қымыз, шұбат, айран, ірімшік, құрт, бауырсақ, ет секілді қазақтың қанында бар ұлттық тағаммен азықтану рухани байлықты бойға жинау мен денсаулықты мықты етуге көмектеседі. Қарап отырсаңыз, қазіргі таңда жастардың көбі әлжуаз. Себебі, ұлттық тағамнан алыстап кеткен. Ал, бұрын бабаларымыз бойшаң, ойшаң, ірі болатын. Мұның сыры ұлттық тамақта деген пікірдемін. 

– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ауру мен өлім-жітімге бастап алып барар дерттердің 50 пайыздан астамы дұрыс тамақтанбаудан пайда болғанын айтады. Жұқпалы емес ауру түрлері – диабет, семіздік, анемия, зоб сияқты аурулардың көбейіп кетуі де дұрыс тамақтанбаға байланысты ма?

– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, түрлі аурулардан болған адам өлімінің 60 пайызы дұрыс тамақтанбаудан туындайтын көрінеді. Бүгінде белең алған жүрек-қан тамырлары ауруларының көрсеткіші осы тамақтану режимін бұзу салдарынан өсіп келеді. Қант диабеті, туберкулез, остеопороз сияқты дерттердің бәрі дұрыс тамақтанбаудан туындайтын аурулар. Бұл дерттерді дұрыс тамақтану арқылы жоюға болады. Осы олқылықтарды ретке келтіру мақсатында Қазақ тағамтану академиясының бастамасымен дұрыс тамақтанудың ұзақмерзімді мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Соған сәйкес республиканың ірі қалалары мен облыс орталықтарында салауатты тамақтану орталықтары ашылып жатыр. Онда арнайы мамандар халықтың дұрыс тамақтануын, нақты айтқанда, қоспасыз өнім тұтынуын қадағалап отырады. Әрі тұрғындар арасында салауатты тамақтану бойынша насихат жұмыстарын жүргізеді. Қазіргі уақытта мұндай мекемелер Астана мен Ақтөбе қалаларында жұмыс істеуде. 

Жақын уақытта еліміздің өзге өңірлерінде де іске қосуды көздеп отырмыз. Қазақстандықтардың денсаулығын күшейтуге бағытталған жұмыстардың тағы бірі – тұзды йодпен және ұнды темірмен байыту. Бүгінде тұзды йодпен байыту елімізде жаппай қолға алынды. Соның арқасында таяу жылдары елімізде йод жетіспеушілігінен туындайтын аурулар саны күрт азаяды. Адамдардың ой-өрісінің нашарлап кетуі, балалардың бойының өспей қалуы сияқты кемшіліктерден құтыламыз. Азия даму банкі және ЮНИСЕФ ұйымымен бірлескен ұнды темірмен байыту жобасы да қазір кеңінен қолға алынуда. Ол үшін Парламентте арнайы заң да қабылданды. 

Сол сияқты тағамтану академиясы ғарышкерлер мен балалар тағамдарына да көп көңіл бөліп отыр. Әсіресе дені сау ұрпақ өсіру мақсатында балалар өнімдерін түрлі дәрумендермен байыту мәселесі мықтап қолға алынып отыр. Мәселен, биыл Алматы облысына қарасты Талғар ауданында түрлі дәрумендермен байытылған балалар тағамдарын шығара тын зауыт іске қосылады. Бұл Орта Азия мемлекеттері ішінде алғаш болып біздің елде ашылғалы отыр. 

Жоспар бойынша «Амиран» кәсіпорнында тәулігіне 15 тонна сүт өнімдері негізінде жасалған балалар тағамдары шығарылады. Мұндағы өнімдер Қазақ тағамтану академиясының ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде жасалған рецептура бойынша шығарылады. Олардың жаңа туған нәрестеден 18 жасқа дейінгі балалардың арасындағы ауруларды болдырмауға ғана емес, түрлі дертті емдеуге де септігі тиеді. Осы жұмыстар ойдағыдай орындалса, халық денсаулығы едәуір жақсарады әрі түрлі аурулардан ада, дені сау ұрпақ тәрбиелей аламыз.

Қазір дүниежүзіндегі балалардың тағамы сиыр сүтінің негізінде өндіріліп жатыр. Сиыр сүтінің қасиетін бие сүтімен салыстыруға да келмейді. Мысалы, сиырдың сүтін қайнатпасаң, бұзылады. Сосын құрамындағы май қышқылы өзгеріп, азғантай аскорбин қышқылы өледі. Сонымен қатар, көптеген пайдалы бактериялар да, ферменттер де жойылып кетеді. Ал биенің сүтін қайнатуға болмайды. Қазір Тағамтану академиясының зауыты мектеп жасындағы балалар тұтынатын тағамдар сапасын жақсарту бағытында жұмыстар атқарып жатыр. Бізге тағамдар негізінен сырттан тасымалданады. Әсіресе, балалар тағамының басым бөлігі – шетелдікі. Оның пайдасы аз. Себебі, біздің ағзамыз шетелдік тағамдарды дұрыс қабылдай алмайды. 

Ұзақ өмір сүру

– Сұрақтар легін ұлт саулығы тақырыбында жалғасақ. Бүгінгі таңдағы халықтың денсаулығы қандай? Орта жас, өмір сүру деңгейі, өлім-жітім мәселелері қаншалықты көңіл көншітеді?

– Ұлтымыздың денсаулығы, өкінішке қарай, мәз емес. Өркениетті елдерден бұл жағынан артта келеміз. Елімізде әлі күнге өлім-жітім деңгейі көп, балалардың өлімі жоғары күйде, орта жас деңгейі әлі төмен дәрежеде. Дамыған өркениетті елдер адамның орташа жасын 70-тен 80 жасқа жеткізді. Олар бұл көрсеткішке 2000 жылдары-ақ жеткен. Біздің халықтың орта жас деңгейін асыруға мүмкіндігіміз зор.

– Ал қарттық ше? Жалпы қартаю үрдісі бойынша біздің елдегі жағдай қандай? 

– Қартаю тетіктерінің жалпылығына қарамастан, оның өз ерекшеліктері, яғни қартаюдың үдемелі (мезгілінен бұрын) және бәсең синдромдары бар. Үдемелі қартаю жасқа байланысты дерттердің ерте дамуына, бәсең түрі ұзақ жасауға ықпал етеді. ДДҰ-ның 2015 жылғы дүниежүзілік баяндамасында атап көрсетілгендей, кәрілікке байланысты қабілеттерді жоғалту адамның нақты жасына тәуелсіз және егде адамның қалыптасқан нақты бейнесі жоқ. Көптеген адамдардыңбьд анағұрлым жас шағында қабілеттері төмендеуі мүмкін. Мысалы, кейбір адамдар 60 жасында негізгі әрекеттерді орындауда қосалқы жәрдемге мұқтаж болуы мүмкін. Мәселен, еңкейіп, жүрісі кірбің шалған немесе таяққа сүйенген, оның үстіне нашар еститін адамдарды жиі кездестіруге болады. Олар алдындағы бойын тік ұстап, аяғын нық басып, құшағын айқара ашқан жанды байқамауы да мүмкін. Алдыңғы адамның жуырда 60 жылдығын атап өткенін, ал екіншісінің 80 сеңгіріне шыққандығын білгенде, сенгің келмей, қайран қаласың.

Америкалықтарда «Жүз жасап, жас күйімде көз жұмғым келеді» деген ұран бар. ДДҰ-ның 2015 жылғы дүниежүзілік баяндамасында көрсетілгендей, ұзақ ғұмыр – теңдессіз құнды ресурс және адамның егде жасында өзін қалай көрсете алуымен қатар, барлық өміріміздің қалай өтетіндігін саралап, қайта түсінуге мүмкіндік береді. Дұрыс саясат ұстануда және көрсетілетін қосымша қызмет түрлері болуында халықтың қартаюын жеке адамдармен қатар бүкіл қоғам үшін құнды жаңа мүмкіндік ретінде қарастыруға болады.

ДДҰ-ның 2015 жылғы келтірілген деректеріне сүйенсек, кейбір 80 жастағы жандардың денелік және ақыл-ой қабілеті 20 жастағылардың қабілетімен салыстырарлық. 2011 жылы Англияда жүргізілген есептеуге сай салықтар және тұтынушылық шығындар түрінде егде жастағы адам-дардың ел экономикасына қосатын таза үлесі зейнеткерлік және әлеуметтік қамсыздандыру шығындарынан асады және 40 миллион стерлингті құрайды, бұл 2030 жылға қарай 77 миллионға жетпек. Бұл орайда олардың жастарға күйзеліс кезеңінде көрсететін демеуі, күрделі міндеттерді шешудегі беретін кеңестері ескерілмеген.

– Сонда ұзақ өмір сүрудің құпиясы ақыл-ойға тікелей байланысты болып тұр ма?

– Адам адам болғалы ұзақ өмір сүру мәнін іздеумен келеді ғой. Ұзақ өмір сүрудың құпиясы мидың дамылсыз жұмысы дер едім. Миды дамылсыз жұмыс істетіп тұру мақсатында ылғи лекция оқимын, ғылыми сараптамалар жасаймын, эссе жазамын…

Адамның миы белсендірек жұмыс істеген сайын оның қартаюы бәсеңдей түседі. Француз геронтологтарының мәліметтері бойынша 45 жастан асқан адамдар жаңа шет тілін, жаңа мамандықты үйрене бастаса немесе зерделік хоббимен шұғылданса, олардың қартаюы едәуір бәсеңдейтін болған. Ешнәрсемен шұғылданбайтын құрдастарына қарағанда, олардың организмінде бос радикалдардың (қартаю жасушалары) түзілуі едәуір азайған.

Адам қартаймай өмір сүруі керек. Шау тартып, шал болмауы керек. Қазір мен осы туралы жобаны бастадым. Арманым – осы еңбегімнің жүзеге асуы. Қартаймай өмір сүруге болады. Адамның бақыты – қай уақытта өлетінін білмеуі. Ал, қартаймаудың көзі – дұрыс тамақтануда. Содан кейін дене шынықтыруда. 

– Ұзақ жасаған адамның бойында қандай сезімдер алға жетелейді деп ойлайсыз?

– Әрине. Адамның ұйқысы неге бұзылады? Бірінің отбасы жағдайы келіспейді, екіншісін баласының жүріс-тұрысын алаңдатады. Бірақ кейбір адамдар, бәрі жақсы бола тұра, әкетіп бара жатқан ауру-сырқауы болса да, ұйықтай алмайды. Неге? Себебі олардың ары таза емес. Қай жерде не бүлдірдім, қай жерде біреудің ала жібін аттадым дегендер. 

Өзімді бай адам сезінемін. Неге? Шын байлық ақшамен өлшенбесе керек. Байлық – тамағың тоқ, көйлегің көк болса. Басыңда баспанаң, төңірегіңде бала-шағаң шулап жүрсе, ортаңда қадірің қашпаса – сол байлық. 

Өмірдің өзегі, оның ары қарай жалғасуы Құдай қосқан қосағыңа да байланысты. «Жақсы әйел – еркектің бағы» деп бекер айтпаса керек. 

Жақсы қартаю бір бақыт десек, сол бақыттың көзі – түсіністік пен сенімде дер едім. Түсіністік, сенім болмаған жерге бақыт жоламайды. Кешірім де болмайды. 

Кешегі күннің қошеметіне шынайы түрде лайық болсаң, бүгін де елдің назарынан тыс қалмайсың. Жастарға үлгі-өнеге көрсетіп, дұрыс жолға бағыттап, өмірдегі көргенін, салмақты ақылын айтып, ұлағатты батасын беріп, айналасына шапағатын таратып, ізгілік шашуымен қатар бүгінгі өмірде алатын орны бар, қоғам өміріне белсене араласып, елдің қамын ойлайтын жанды ақсақал деп құрметтеуге әбден лайық. Кейде 40 немесе 60 жастағы адамның бо¬йында да ақсақалдыққа сай пайымдылық кездеседі. Ал кейде 80 немесе 90-дағы ақсақалдың бойынан жасқа тән қуатты көрем. Жалпы, ақсақалдық ұзақ жасау барысында ұмтылатын үлгі-тірегіміз болуы қажет. 

– Әңгімеңізге рахмет! 

Әңгімелескен Қарагөз Серікқызы.

Сымбат Қожабекова: «Бет терісінің саулығы – дұрыс тамақтануға тәуелді»
Айсұлу Тұрсынбайқызы: «Кедейшілік деңгейі жоғары аймақтарды зерттеу керек»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу