Сымбат Қожабекова: «Бет терісінің саулығы – дұрыс тамақтануға тәуелді»
Бір қарағанда, сұлулық индустриясы біздің елде аз қамтылған салалардың бірі болып көрінуі мүмкін. Бір қарағанда ғана. Шынайы өмірде сұлулық индустриясы бүгінгі таңда Қазақстанда қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі болып саналады. Мамандардың зерттеуінше, косметикалық және гигиеналық құралдарды айтпағанның өзінде, еліміздегі әйел заты орта есеппен айына 15 мың теңгесін бет-бейнесін әрлеуге жұмсайтын көрінеді. Бүгінгі таңда сұлулық туралы ұғым күн санап өзгеруде. Сондықтан болар, осы салаға деген тұтынушы талабы да жедел өзгеріске ұшырап жатады. Сұлулыққа ұмтылу арқылы көптеген косметикалық ем-шараларды тұтынуға бейіл елдердің алдыңғы қатарында шығыс елдері – Корея, Қытай, Жапония аталады. Бүгініг таңда Қазақстанда да Оңтүстік Кореядан тасымалданатын косметика, бет күтіміне арналған түрлі майлар күн санап артып келеді. Сұлулық индустриясындағы алдыңғылар қатарында бұрындары Еуропа елдері аталса, қазір Азия елдері көш бастап келеді. Демек, сұлулық индустриясында Қазақстанның да мүддесі бар. Осы орайда, біздің елдегі сұлулыққа іңкәрлік, бет күтімін жасайтын мамандар легін даярлау мәселесі қандай деген сауалдың да туындайтыны заңды. Біздің бүгінгі кейіпкер, косметолог маман Сымбат Қожабекова бет күтімі мен бет терісінің саулығы жайлы терең білетін маман. Ендеше, бет терісінің саулығы жайлы сұхбат төмендегідей өрбіді...
Көрнекі фото
– Бет терісінің күтімін арнайы маманға қаратып, тексерту үшінадам қай жастан косметологқа жүгінуі керек екенін айтып берсеңіз...
– Нақты бір жас мөлшерін кесіп айту қиын. Тым кішкентай бала емес, жасөспірім кезінен бастап әрбір адам косметологқа көрініп қойса артықтық етпейді.Себебі, әр жасқа сәйкес, бет терісінің күтімі жасалады. Мәселен, 13-15 жастағы өтпелі кезеңде жасөспірімдердің терісі ағзадағы гармондық өзгеріске байланысты өзгереді. Бұл жаста безеу көптеп шығатыны сондықтан. 25 жастан бастап теріде қартаюдың алғашқы белгілері білінеді. Көз айналасына ұсақ әжімдер пайда болады. 35 жастан терінің қартаю процесі басталады. Беттен нұр тайып, әжім басады.
– Бет тазалау процедурараларын қаншалықты жиі жасауы керек?
– Әркімге жеке сұраныс бойынша жасалғаны жөн. Мысалы, егер теріде безеу, қара нүктелер бар болса, онда тазалау жұмыстары жиірек жүргізіледі. Тазалаудың да түрі көп. Терең пилинг, жұмсақ пилинг, гиппоаллергенді пилингтер арқылы безеуді, дақты, терідегі басқа да олқылықтарды кетіріп, теріні тазартамыз. Түрлі маскалар, уқалау арқылы бет терісін жұмсартуға, жылтыратуға, нұрландыруға болады.
– Алайда, сіз айтып отырған маска, майларды үйде де қолдануға болмай ма? Үйде жасаған бет күтімі мен косметолог маманның бет күтімі шараларының қандай басты айырмашылықтары бар?
– Не нәрсені де кәсіби маман істегені дұрыс. Бет терісі – өте нәзік. Бет күтіміне қатысты үй жағдайында істеген жұмыстар керемет нәтижеге жеткізбеуі мүмкін. Ал салонда бұл жұмыстарды кәсіби маман кәсіби материалдарымен атқарады. Ол маманыңыз бет терісін күту үшін арнайы білім алған. Кейбір адам өз терісінің табиғатын түсінбеуі де мүмкін. Терінің түрлері көп: құрғақ тері, майлы тері, аралас тері деп жатамыз. Көбі білместікпен құрғақ теріге арналған маскаларды майлы терісіне жағуы мүмкін. Не болмаса беттегі безеуін сығып тастайды. Оның орнында үлкен дақтар қалады. Бет терісінің күтімінің бір түрі – азотты тазалауды үй жағдайында жасау мүлдем мүмкін емес. Сондықтан, бет саулығы жайлы шындап ойлансаңыз, кәсіби маманға жүгінбеске амал жоқ.
– Ендеше, кәсіби маман ретінде айтыңызшы, сұлулықтың, бет денсаулығының негізгі ұстанымы қандайболуы керек?
– Ол ең бірінші адамның ішкі ағзасының саулығына байланысты. Адам әуелі дұрыс тамақтануы керек. Адамның сыртынан көрініп тұрған келбет – ішкі ағзалардың тазалығына, саулығына тәуелді. Ең бірінші қуырылған, майлы астан, көмірсутектерден, тәтті тағамдардан бас тару керек. Безеу – жасқа байланысты шығады дейміз ғой. Ең алғашқы безеу шамамен 13 жаста шығады. Кейбіреулерде 18 бен 25 жаста да безеу пайда бола береді. Себебі, безеу май клеткасы көп бетке үйір. Медициналық тұрғыдан айтқанда, безеу май бездері көбейгендіктен, бауырдың не көк бауырдың жұмысы бұзылғанда шығады. Бетіне безеу көп шығатындар жұмыртқадан, қуырылған тамақтардан, мойонезден, тәтті тағамдардан шектелгені дұрыс.
Екінші, адам өз терісінің қандай тері түріне жататынын білгені дұрыс. Соған лайық күтім жасалсын. Тері күтімі көп еңбекті талап етеді. Тұрақты түрде бет күтіміне көңіл бөлсеңіз, бетіңіз де сізге лайықты жауап қатып, жылтырап, нәрленіп тұрады. Күнделікті айран, зәйтүн майын жағып тұрсаңыз, жүз пайыз болмаса да, бет терісіне 40 пайыз күтім жасадым дей аласыз. Көздің айналасына, бет бұлшықеттеріне арналған жаттығуларды да жасап отыру көп нәтиже береді. Терінің қартайып, өң-түсін жоғалтуы немесе жоғалтпай жас көрінуі – генге де байланысты.
– Бүгінгі таңда кез келген саладаілгерілеу бар. Косметологияда да замануи технология жиі пайдаланады. Ондай инновациялық әдіс-тәсілдерге деген көзқарасыңыз қандай?
– Дұрыс айтасыз, қазір сұлулық индустриясында жаңалық өте көп. Қазір бет терісінде бірдеме ұнамаса түрлі инлере салуға, тіптен пластикалық оталар жасауға мүмкіндік мол. Жеке өзім ондай күрделі өзгерулерге қарсымын.
Адам бетінің саулығын түрлі оталар, инелер арқылы күтуден бұрын, табиғи өнімдер арқылы бет терісін қалыпқа келтіре алады деп ойлаймын.
Мәселен, жас көрінгіңіз келе ме, қазір көпшілік сұлулық салондары қолданып жүрген ұлу терапиясымен емделуге болады. Ол біріншіден, қауіпсіз. Екіншіден, табиғи. Үшіншіден, нәтижесі де зор. Бұл үшін тірі, ірі ұлуларды пайдаланады. Ұлудан шыққансілекей бетке микромассаж жасайды. Микромассаж бетті түгел тазартып шығады. Ұлу жиырылу мен жайылу арқылы қозғалады да, беттің бұлшықеттерін жайып, жиырып, майда әжімдерді тартады. Ол беттің қан айналымын жақсартады. Екіншіден, микроскоппен ғана көруге болатын тері тініндегі қажетсіз заттарды алады. Одан бет жалтырап, сергек күйге енеді. Бұл бір күндік процедура емес. Бір курс алдым деп есептегенде, шамамен бір ай уақытыңыз кетеді. Күнара емшара алған күннің өзінде он бес күн жасалынуы керек. Сонда ғана нәтижесі көзге кәдімгідей байқалады.
– Кез келген әйел заты жас көрінгісі келеді. Бет терісінің салбырап тұрғанын қаламайды. Осы мәселеде қандай көмек қолын созасыздар?
– Әжімге қарсы маскалар өте көп. Олар қысқа мерзімде керемет нәтиже береді. Яғни, масканы бетке жаға сала, біраз уақытқа әжімдерді жаза тұрады. Негізі, қазірбет терісін жиыру үшін фитнестің жаңа түрлері шығып жатыр. Бет терісінің қартаю процесін жаттығулар арқылы ғана тоқтатпаса, косметология бұл істе сәл кенжелеу қалып келеді.Түрлі уколдар салып, әжімді алты, сегіз айға тоқтатып қоюға да болады. Бірақ бұл да әжімді ұзақ мерзімге жоя алмайды.
– Үлкен қалалардағы шаң-тозаң, қолайсыз эклогиялық жағдайдың да бет терісі саулығына кері әсері бар ма?
– Бет терісіне зиян келтіретін факторларды зерттейміз ғой. Мәселен, генетика жеті пайыз, экология төрт пайыз әсер етеді дейміз. Негізгі үлкен әсер – дұрыс тамақтанбаудан пайда болады. Беттің таза болуы – 85% дұрыс тамақтануға байланысты. Ұйқының дұрыс болмауы да бетке әсер етеді.Бетке дақ шығуының бірнеше себебі бар. Дақ қан аздықтан да болады. Қара дақ беттің құрғақтығынан да шығады. Ет пен терінің арасында су құрамы аз болса, дақ пайда болады. Сондай-ақ ағзаға қандай да бір дәрумендер жетіспегеннен де дақ шығады. Кейде адам күн көзінде көп жүрсе, содан пайда болуы мүмкін. Бетіне дақ шыққан қыздарға С дәрумені жетіспейді. Сондықтан С дәрумені бар тағамды көбірек жеу керек. Дақ құрғақ, қамыр тағамдарды жей бергендіктен де болады. Күнделікті тағам құрамында көкөніс, жеміс-жидектер болғаны дұрыс. Бетінде дағы бар жандар қуырылған, ащы тағамдарды аузына алмағаны абзал.Ерте әжім түсу генге де байланысты. Бетті қартайтпайтын жаттығулармен айналысқан жөн. Теріңіз жас көрінсін десеңіз, кешке қарай майлы тамақ жеуді азайтыңыз. Өте қызыл, ащы шай да ажарыңызды бұзады. Тәттіден де қыздардың өзін шектегені дұрыс. Бетім таза болсын десеңіз – күніне 2 литрге жуық су ішіңіз. Күнделікті ас құрамыңызда судың мөлшері көп болсын.
Күніне кем екі рет бетті тазартуға тырысу керек. Мен,мысалы, күніне бір уақыт бетіме зәйтүн майын жағамын. Жиырма отыз минуттың ішінде радикалқы қалдықтардан зардап шеккен теріні тазартады, жасартады. Екі-үш күннің бірінде маскалар жасаймын. Майлы теріні сабынмен жуып, бетті құрғатуға тырысу керек.. Ал проблемалы тері мен құрғақ теріге сабын қолдануға мүлде болмайды. Сабын бетке әжім түсуін тездетеді. Проблемалы, құрғақ терілерге сұйық сабындар пайдаланған абзал. Қазір заман дамыды ғой. Бетке арналған әртүрлі сұйық сабын, гель, пена, скраб, молочко дегендер шықты. Бірақ оларды қолданғанда көз айналасына тигізбеу қажет. Көз айналасын арнаулы лосьонмен сүртеді. Бетті булау терідегі ұсақ тесіктерді ашады. Екіншіден, терінің дымқылдығын арттырады. Моншада бетті булаған соң міндетті түрде суық сумен шайған абзал. Кешке бір мезгіл бетке минералды су шашып отырса, бетті дымқылдандырып, табиғилық сыйлайды. Сондай-ақ минералды суға лимонның суы мен сүт қосып бетке шашып, одан шапалақтау әдісімен массаж жасаған пайдалы. Күнделікті жатар мезгілде минералды су шашып немесе бетті жуып жатқан дұрыс.
– Косметолог үшін не маңызды?
– Әр уақыт білімін шыңдау керек. Заман орнында тұрған жоқ. Бүгінгі сұраныс ертең сұранысқа ие болмауы мүмкін. Екінші, адамды сүю керек. Адамға пайда әкелу жолын ойлау керек. Ең бастысы, оқу керек, оқу керек, оқу керек...
– Әңгімеңізге рахмет!