Бақытжан Бекманов: «Қазақ гені жүйелі түрде зерттелмеді»

Oinet.kz 10-12-2017 1107

Бақытжан Бекманов, генетик ғалым, Жалпы генетика және цитология институты директорының орынбасары

Мамандардың сөзіне сенсек, бүгінгі Қазақстанда төрт миллионнан аса отбасы бар. Отбасы мәселесін зерттеп жүрген кез келген сала ғалымдарының сөзіне құлақ ассаңыз, заманауи отбасының дағдарыста тұрғанын мәселе қылып көтереді. ҚР Статистика агенттігінің ақпаратында «Екі адамнан тұратын отбасы – 30,1%, үш адамнан құралған отбасы – 26,7%, төрт адамнан құралған отбасы – 22,2%. Бес адамнан құралған отбасы бар болғаны – 11,7%, алты адамнан құралған отбасы – 5,6%, жеті адамнан құралған отбасы – 1,9%. 8 – 10 адамнан құралған отбасының мөлшері тіптен аз, бар болғаны – 0,2%» екені көрсетілген. Отбасы институтының мұншалықты құлдырауының себебін генетик ғалымдар адам тегіндегі өзгерістерден іздейді. Сондықтан да, қазақтың ұлттық генетикалық жадын ояту мәселесі бүгінгі күні өзекті тақырыптардың бірі. Себебі, дүниежүзінің генетик-ғалымдары адамзаттың генетикалық кодында ауытқушылық пайда болғанын айтып, дабыл қағуда. Мысалды алыстан іздемей-ақ, экология салдарынан адамзаттың генетикалық құрылымдары өзгеріп, денсаулығы мен мінез-құлқына әсер етіп жатқанын айтады.

Бүгінгі сұхбатымызда адам мінез-құлқының өзгеруі мен генетикалық кодтың отбасыға әсері жайлы маман сөзін бергенді жөн санадық...

Screenshot_3.jpg

– Гендік жүйеге не әсер етеді? Жалпы, адамның мінез-құлқы қалай зерттеліп, зерделенеді? 

– Отбасындағы тәрбиенің гендік жүйеге тікелей әсері болмаса да жанама әсері бары сөзсіз. Сол үшін отбасындағы жақсы тәрбиені, құндылықтарды жоғалтпауға тырысуымыз керек. 

Қазақстанда адамның мінез-құлқына байланысты ғылыми зерттеу жұмыстары мүлдем жоқ. Сондықтан да бұл жайлы дәйекті тұжырымдамалар айту өте қиын. Бірақ шет ел ғалымдарының еңбектерін сараласақ, ақпарат жетерлік. 

Мысалы, адамдағы агрессиялылық (әсіресе жасөспірімдерде) организмде серотонин гормоны немесе А-моноаминооксидаза ферментінің деңгейін бақылайтын гендердегі мутацияға (өзгеріске) тікелей байланысты екені анықталған. Лондон қаласындағы Патшалық колледж ғалымдары кейбір қылмыскер-жасөспірімдерде осы гендер барын анықтаған. Яғни организмде А-моноаминооксидаза ферментінің жетіспеушілігі оның қоғамда өзін-өзі агрессиялы түрде ұстауына себеп болады екен. 

Осындай қызықты мәліметтер көптеп саналады. Қайталап айтайын, қазақ гені жүйелі түрде әлі зерттелмеген. Гендердің тек белгілі бір ауруларға қаншалықты деңгейде қатысы бар, сол жағы ғана зерттеліп жүр.

– Мінез-құлық, түр, келбет атадан – балаға тек арқылы беріле ме, әлде оның генетика ғылымында басқаша бір түсіндірмесі бар ма? 

– Меніңше, қазіргі қазақ баласының мінез-құлқының қалыптасуында отбасылық тәрбие басымдау. Сондықтан да біз, яғни әр қазақ отбасы осыған баса назар аудару қажет деп ойлаймын.

Негізі, әке-шешенің кейбір қасиеттері балаға берілетіні рас. Интеллектуалдық қабілет те ұрпақтан-ұрпаққа тұқым қуалайтыны да дәлелденген. 

Дәл осы секілді қатыгездік, ашуланшақтық, жаман мінез де тұқым қуалайды. Жақсы қабілет атадан балаға берілгенде, неге нашар мінез тұқым қуаламасқа? Ол да – атадан балаға берілетін белгілердің бірі. Оны бөліп-жарудың керегі жоқ. Бірақ бұл жерде қоршаған ортаның да көп әсері барын ұмытпағанымыз жөн.

Қазақтағы жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрі қазірдің өзінде сақталған. Бұл дәстүрді шетелдің беделді ғалымдары да өте үлкен құндылық деп бағалайды. Өйткені адам организміндегі көптеген гендік мутациялар (өзгерістер) осы туыс аралық немесе қандас некелер арасында туындайды, яғни гендік мутациялардың көріну жиілігі осы некелер арасында артады. Бұл ғылыми тұрғыдан дәлелденген тұжырымдама. Атамыз қазақ осындай жағдайларды ерте заманда байқаған, жеті атаға дейін қыз алуға тыйым салып отырған.

– Демек, тектің отбасылық құндылықтарға тікелей қатысы бар ғой?

– Отбасындағы құндылықтарға келетін болсақ, ол, әрине, қара шаңырақтан бастау алады. Отбасынан басталған тәрбие бертін келе баланың санасына әсер етіп, одан болашақта елін сүйетін патриот тұлға өседі. 

Енді осы баланың санасының сыртқы орта тәрбиесін дұрыс қабылдауына, толассыз ақпараттарды өзі өңдеуіне, яғни ненің жаман, ненің жақсы екенін дұрыс ажырату қабілеттілігіне де ген әсер ететіні анықталған. Сондықтан да отбасында көптеген жылдар бойы қалыптасқан қандай да болсын ерекшеліктер гендік қорға тікелей болмаса да жанама әсер ететіні сөзсіз. 

– Қазақ халқының отбасылық институтында бала тәрбиесі, баланың бойында жақсы қасиеттерді қалыптастырудың өзіндік қалыптасқан дәстүрлі жүйесі бар. Маман ретінде осындай жүйенің артықшылығы мен кемшілігін талдап бере аласыз ба?

– Жалпы ұлт деңгейінде қарайтын болсаңыз, қазақ халқында отбасында бала тәрбиелеуде баланың ісіне тосқауыл қойып отыру мінезі бар. Оны жасырмаймыз. Ол баланың санасында қабілетсіздікті, жасқаншақтықты тудырады, яғни «ол нәрсені мен істей алмаймын» деген балада сенімсіздік пайда болады. 

Әрине, бұл балаға толық еркіндік бер деген сөз емес, басқалай, баланың бетінен қақпай отырып, ойын есебінде санасын, зейінін басқа жаққа бұру арқылы тәрбиелеу керек. Көп адамның мұндай тәсілге шыдамы жетпейді. Жапон елінің бала тәрбиесінде 5-6 жасқа дейін баланың бетінен қақпау қалыптасқан. Яғни осы уақыт аралығында балада болашақ тұлғаға лайық мінез қалыптасады деп саналады. Осы жерде баланы ойын арқылы санасын басқа жаққа бұру тәсілі қолданылады. Ал ары қарай 15 жасқа дейін балаға деген талаптар күшейеді. Бала 15 жастан кейін үлкендермен бірдей жағдайда қарым-қатынаста болады. Көптеген әдебиеттер осы Жапон елінің тәрбиесін үлгі етіп жазады. 

Баланың тәрбиесі негізінен отбасыдан басталатыны бәрімізге белгілі. Баланың миы кәдімгі ақ парақ сияқты тап-таза, яғни онда көп ақпараттар әлі жазылмаған. Баланың келешекте жақсы адам болуына сыртқы орта факторлары, оның ішінде, негізгісі – тәрбиенің алатын орны зор. Сонымен қатар, адамдағы мінез-құлықтың және сол адамның жеке тұлға болып қалыптасуына геннің де әсері мол. Қазақ халқында мынадай сөз тіркестері бар: «... тегіне қарап ...» немесе « ... тегі мықты ...», тағы сол сияқты. Яғни бұл жерде «тегі» деген сөз ғылыми тілде айтқанда – «гені» деген сөз. Қазіргі кездегі көптеген ғылыми еңбектер арқылы тұлғаның қалыптасуына гендік жүйелер және сыртқы орта факторларының бірдей әсер ететіні анықталған. Адамның мінез-құлқының және психикасының қалыптасуына әсер ететін гендер қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұрса, онда ол адамнан шоқтығы биік тұлға қалыптасатыны сөзсіз. 

– Әңгімеңізге рахмет! 

Ләззат Спанқұлова: «Денсаулық – экономикалық жағдайға да тәуелді»
Сымбат Қожабекова: «Бет терісінің саулығы – дұрыс тамақтануға тәуелді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу