Кадиовертер жүрек жұмысын жақсартады
26-01-2024
Ләззат Спанқұлова, экономика ғылымының докторы, профессор
Ұлт саулығы мәселесі тек қана маман-дәрігерлердің ғылыми жұмыс тақырыбына айналып отырған жоқ. Ұлттың саулығы өзге ғылым саласы өкілдерін де алаңдатады. Себебі, ұлт сау болмай, толыққанды мемлекет құру да мүмкін емес. Макроэкономика саласы, атап айтқанда, «Еліміздің бәсекеге қабілеттілігі және ұлт саулығы», «Денсаулық экономикасы: ғаламдық тұжырым» тақырыптарын зерттеумен шұғылданып жүрген экономист-ғалым Ләззат Спанқұлова «Ұлт саулығының бір құпиясы – ананың сәбиді өмірге әкелу жасы мен білімділігіне де байланысты», – дейді.
– Ұлт денсаулығы саласы тек дәрігерлерді емес, өзге ғылым саласы өкілдерін де алаңдатады дейсіз. Өз салаңыздың маманы ретінде ұлт саулығына әсер ететін факторларды атап бере аласыз ба?
– Халықтың денсаулығына әсер ететін факторларды тізіп, әрбір фактордың әсерін жеке-жеке талдау мүмкін емес. Бірақ экономикалық өсу қарқыны, медицинаның және денсаулық сақтаудың даму деңгейі, медици-налық қызметтің қолжетімділігі сияқты факторлардың ұлт саулығына әсері өте маңызды. Кедейлік пен нашар денсаулық арасындағы байланыс ерте заманнан байқалған. Бұндай фактілер Ежелгі Греция мен Ежелгі Қытай хроникаларында көрсетілген, ал оның тәжірибеге негізделген толық сараптамасы XIX ғасырда Лондон мен Париждегі ғылым орталықтарында жасалған. Экономикалық даму өмір сүру ұзақтығының өсуіне әкелетін негізгі фактор болғанына қарамастан, халық санының өсу нәтижелері халықтың әр түрлі санаты үшін бірдей емес.
Денсаулық көрсеткіші мен әлеуметтік-экономикалық жағдай арасындағы байланыс «экономикалық жағдай жақсы болған сайын, халық денсаулығы соншалықты жақсы болады» деген жорамалмен сипатталады. Соңғы уа-қытта денсаулық теңсіздігінің басқа себептері де анықталған. Көбінесе, өзінің әлеуметтік-экономикалық жағдайына қанағаттанбау себебінен болған созылмалы күйзелістер ағзаның нейроэндокринді және психо-логиялық қызмет атқаруындағы өзгерістеріне әкеліп, ауруға ұшырау тәуекелін арттырады. Ұлт саулығы тұрғын халықтың физикалық, психикалық және әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаттылығына байланысты факторларға тәуелді.
– Халықтың орташа өмір сүру жасын экономикаға тәуелді ету мәселесі қай уақыттан көтеріліп келеді? Бұл сала бойынша жасалған зерт-теулер нендей нәтиже көрсетті?
– Дүниежүзіне танымал ғалым Роберт Фогель экономикалық демография мәселелерін, атап айтқанда, өлім-жітім себептерін және оның өмір сүру деңгейінің өзгеруіне қатынасын зерттеп, осы зерттеулері үшін Нобель сый-лығын алған ғалым. Ол өз еңбектерінде ұзақ өмір сүру құпиясының 30%-ы ғана медицина саласына тиесілі екенін нақты дәлелдеп берген еді.
Жер жүзінің бүгінгі таңдағы жағдайы осыдан үш ғасыр бұрынғы уақытпен салыстырғанда жақсы екені және бүгінгі адамдардың үш ғасыр бұрынғы бабаларынан ұзағырақ өмір сүретіні баршамызға белгілі. Бүгінгі адамдардың өмір жасы неліктен ұзарды? Бұл фактіні Роберт Фогель қазіргі адамдардың ауа-райының тауқыметінен қорғануды үйренуімен, тазартылған суды ішуімен және ең бастысы, құнарлы, жеңіл қорытылатын, дәмді тағамды оңай таба алумен байланыстырады.
Ағылшындар 1871 жылдан 1901 жылға дейін, яғни бір жарым ғасыр аралығында орташа өмір жасын бар-жоғы төрт-ақ жылға ұзарта алған екен. Ал ХХ ғасырда, арада небары 30 жыл өткен уақытта, яғни 1930 жылдарғы ағылшын буыны бұрынғы бабаларынан 16 жыл ұзағырақ өмір сүре бастады. «Мұның бар құпиясы адамның құнарлы тамақтануында», – деп түсіндіреді Фогель. 1790 жылы орташа ағылшындықтың бойы 168 см-ге өсіп, салмағы шамамен 61 кг тартыпты. Бұл бүгінгі күнмен салыс-тырғанда, 20%-ға аз. Өмір сүру деңгейін ұстап тұру үшін орташа ағылшынға күніне 2060 ккал қажет болған екен. Ал ол кездегі халықтың бестен бір бөлігі тек 1300-1500 ккал ғана тұтынуға шамасы келіпті. Ұлыбританияда XVIII ғасырдың аяғы XIX ғасырдың басында адамдардың орташа өмір сүру ұзақтығы 50 жас еді. Бұл бүгінгі таңда дамушы елдердің көрсеткіші ғана. Ал қазіргі уақытта дамыған мемлекеттер азаматтарының орташа өмір сүру ұзақтығы 72-82 жас.
– 70-80 жас та ұзақ өмір сүрудің көрсеткіші емес қой. Мәселен, біз 100 жасағандардың мысалын білеміз. Адамдардың өмір жасы бұдан да ұзағырақ болуы үшін дұрыстамақтану мен таза ауыз суын тұтынудан өзге не керек?
– «Өмір сүру – жақсы, жақсы өмір сүру – одан да жақсы» деген сөзде шындық бар. Адамдар ұзақ өмір сүруге ғана емес, жақсы өмір сүрудің құпиясын білуге сауаты жеткен кезде өмір жасы да ұзара түспек.
Сіз айтып отырған 100 жасқа екінің бірі жете бермейді. Орташа өмір сүру жасы – 100-ге жетуі үшін бізге әлі көп уақыт керек. Себебі, өкінішке қарай, біздің елдің азаматтарының көбі денсаулық құндылығын алдыңғы қатарға шығармайды. Экономикалық социологияда «өзін-өзі сақтау» деген термин бар. Адам күндердің бір күнінде денсаулықтың құнды екенін әйтеуір түсінеді. Өкініштісі, тек елуден асқан соң ғана денсаулықтың қадірін ұғатындар көбірек.
Енді келесі сұрақ: «Барлық адам бірдей 100 жасқа дейін өмір сүре ала ма?». Әрине. «Өмір сүрудің орташа ұзақтығы 2050 жылға дейін дамыған елдерде әрбір он жыл сайын 2,5 жылға ұлғайып отыратын болады. Яғни дамыған елдерде орташа өмір сүру ұзақтығы қазір 82 жас болса, жақын болашақта ол елдердегі халықтың көп бөлігі – 100 жасамақ», – дейді Роберт Фогель өз зерттеулерінде.
Тек бір нәрсені қаперге алуымыз керек. Қазір жастардың дені ғылыми-техникалық прогресс жетістіктері нәтижесінде аз қимылдайды. Адам жүз жасағысы келсе, бұл әдеттен бас тартқаны жөн екенін Роберт Фогель де айтады, ол баршамызға айтпаса да түсінікті болар деп ойлаймын.
Адамның 100 жасауын біреулер тұқым қуалаушылықпен байланыстырады. Ғылымда терең зерттелмеген мәселе болғандықтан ол жайлы бірдеме айту қиын. Алайда, адамның ұзақ өмір сүруі оны тапқан ананың жасына байланысты екені дәлелденген. Яғни анасы сәбиін мейлінше жас кезінде дүниеге әкелсе, ол баланың ұзақ өмір сүру мүмкіндігі соншалықты жоғары болады екен. Ал бала дүниеге келгенде әкесінің жасы нешеде болды – оның еш маңызы жоқ.
Әлемдік банк зерттеулеріне сәйкес, бала денсаулығының жақсы болуына әйелдердің әлеуметтік мәртебесі маңызды роль атқарады. Сондықтан сауатты әйел – ұлт денсаулығының басты кепілі деуге болады.
Жалпы, адам денсаулығына көптеген факторлар әсер етеді. Өмір сүру дағдысы, қоршаған орта, өндіріс жағдайы, дәрігерлік қызметтің деңгейі, салауатты өмір салтын ұстанудың маңызы ерекше.
– Әйел сауаттылығы демекші, орта ғасырларда «басының сақинасы ұстап қалатын», сәл нәрсеге селт ете қалып, сылқ етіп, құлап түсетін, өңі бозарыңқы әйелдер – нәзіктіктің, сұлулықтыңбір символы болған деседі. Білімді, денсаулығы мықты болғаннан өзге, бүгінгі әйел нені білуі тиіс?
– Білімді, мейірімді болу. Адамның жүріс-тұрысы, тіпті, киген киімі де өз ортасына сай болуы керегін бүгінгі күнгі қызметкер әйел білуі тиіс. Мәселен, университет оқытушысының, өз айлығыма алдым ғой, маған болады деп, қолына алтыннан сағат, не алқа тағып, жалт-жұлт етіп ауди-торияға кіруі – жеке шаруасы болып саналуы мүмкін. Алайда, сенің алдыңда отырған студенттің сол күні түскі ас ішуге ақшасы болмай қалуы, сондықтан сенің дәрісіңді ашқұрсақ отырып тыңдауы мүмкін ғой дегенді ойласаң, лектордың киім кию әдебіне бағынуың керегі еске түседі. Бұл қа-рапайым бір ғана мысал.
– Өмір ұзақтығының сіз айтқан құпиясын бізге медик ғалымдар да айтып береді ғой. Оған неліктен экономистер алаңдауы тиіс?
– Ұлт саулығы тұрғын халықтың физикалық, психологиялық және әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаттылығымен анықталады. Табыс өз-өзінен адам денсаулығын жақсартпайды, яғни экономика денсаулыққа тікелей әсер етпейді. Алайда, табысты болуға жетелейтін: үздік білім, сапалы тамақтану, қоғамдық және әлеуметтік байланыс, отбасы тұрақтылығы, тағы басқа факторлар ұлт саулығында маңызды роль атқарады.
Қазір денсаулық мәселесімен тек қана дәрігерлер, әлеуметтанушылар ғана емес, экономист-ғалымдар да айналысады. Соған сай ғылымдағы жаңа бағыт – денсаулық экономика сыңайда болды. Жалпы, ұлттың саулығына ғалымдар бұрын да алаңдаған, қазір де мемлекеттің басты құндылығы адам және оның денсаулығы. Сізге бір ғана мысал айтайын, орыстың атақты ғалымы М.Ломоносов Мәскеу Мемлекеттік университетінде орыс ұлтының денсаулығы және мемлекеттегі экономикалық саясаттың ұлт денсаулығын жақсартуға қатысын зерттейтін кафедра ашқызған екен...
Оның үстіне, денсаулық сақтау саясаты – медициналық көмек беруге неме-се қаржыландыруға ғана байланысты деген көзқарас түбегейлі өзгеріп келеді. Иә, медициналық көмек денсаулықты жақсартып, өмір сүру жасын ұзартады. Сонымен қатар, халықтың денсаулығына әлеуметтік-экономикалық жағдайдың ықпалы да бар. Бұл көзқарас ресми түрде алғаш рет 1974 жылы канадалық Денсаулық сақтау министрі Марк Лэй-лондтың баяндамасында айтылған болатын.
– Ұлттың орташа өмір жасының ұзаруына сауаттылықтың, білімнің, интеллектінің әсері бар ма?
– Әрине, бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын Британ ғалымдары әлеуметтік жағдайы мен мамандығы әр түрлі, бірақ түйдей құрдас мың адамға арнайы зерттеу жасады. Сонда өмір бойы интеллектуалды жұмыс істеген адамдарға қарағанда, миына салмақ салмай-ақ, қара жұмыс істегендердің арасында өлім көрсеткіші төрт есе жоғары болып шыққан. Осы зерттеуден соң, мамандар ақыл мен денсаулықтың өзара тығыз байланысты екенін мойындаған.
Әлемдегі Нобель сыйлығының лауреаттарын тексеріп көрсеңіз, олардың көпшілігі ұзақ өмір сүргенін байқайсыз. Біздің елде де академиктердің, ғалым адамдардың өмір жасы ұзақ болып келеді.
– Алайда, атақты Шоқанымыз бен Абайдың ұлы Әбіш, тағы сол сияқты жастайынан қыршын кеткен ғылыми элита өкілдері барын да ұмытпауымыз керек қой...
– Ол жекелеген адамдардың мысалы. Ғылыми тұжырымдарда негізінен жеке адамдардың мысалынан бұрын, орташа статистикаға сүйенеді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Қ.Серікқызы