Айсұлу Тұрсынбайқызы: «Кедейшілік деңгейі жоғары аймақтарды зерттеу керек»

Oinet.kz 11-12-2017 1070

Screenshot_8.jpg

Айсұлу Тұрсынбайқызы, әлеуметтанушы, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің әлеуметтану магистрі

Бас ауырса, бас ауруының дәрісін ішеміз. Тән ауыруын дәрігердің алдына барып емдете аламыз. Ал, тұтас қоғам дертті болса, қайтпек керек? Қоғамның мінезін, болмысын, дәрігерлердің тілімен айтқанда «ет қызуын» кім есептеп, зерттеп жүр деген сауал түрлі ойға жетелейді. Сондықтан болсар, осы күні «қоғам дерті», «әлеуметтік жағдай», «әлеуметтік жағдайды тұтасымен зерттеу» деген тіркес ешкімге таңсық емес. Ал бұл зерттеулер кімдердің тапсырысымен, қандай мақсатта жасалатыны, әлеуметтік сараптаманың қоғамның болашағына қаншалықты пайдасы тиетіні жайлы әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекова жан-жақты түсіндіріп береді. 

– Айсұлу, адам сырқаттанса, оның дертін дәрігер тап басып таниды, ал қоғамға ауру жабысқанын қалай білеміз? 

– Қоғамның дертті екенін сол қоғамдағы адам капиталына деген көзқарастың төмендеуінен байқаймыз. Адам капиталы дегеніміз –  адам бойындағы білім мен біліктілік, іскерліктің жиынтығы.  Әрбір жеке азамат өзін жетілдіру арқылы адамдық капиталын да арттыратыны да анық. Негізінен Абрам Маслоудың мотивация және қажеттіліктер теориясы бойынша адамдардың өзін-өзі жетілдіруі, өзінің қабілеттері мен жаңа қырларын ашуы қажеттілік иерархиясында ең жоғарғы орында тұрады. Төменгі физиологиялық және ортадағы әлеуметтік қажеттіліктері қанағаттанбай, адамдардың келесі деңгейіге көшуі өте қиын. Бұл марксистік концепция бойынша «сананы тұрмыс билейдіге» саяды. Бүгінгі күннің әлеуметтік аурудың бет-пердесін ашсақ, халықтың басым бөлігі табысының 60 пайыздан астамын азық-түлік, тағамға ғана жұмсайды. Одан қалған 30-40 пайызы коммуналдық төлемге төленеді. Осылайша, жалақыға «шүкір» айтып отырған отбасылар көп. Сонымен қатар, ірі қалаларда баспана мәселесі шешілмеген. Осындай тұрмыстың түйіткелдері тұрғанда көптеген азаматтарымыз үшін өзін-өзі жетілдіру, білімін арттыру, тұлғалық жаңа қырларын дамыту сағым, түс сияқты көрінетіні анық. Ал бұл жолмен кете берсе, қоғамның дерті асқына түсері де белгілі. 

Бізде кейде көптеген азаматтар мүмкіндігі бола тұра өз деңгейлерін одан ары жоғарылатуға құлықсыз. Себебі, ол тәуекел жасаудан қорқады. Мәселен, заман талабына сай жаңадан білім алу үшін уақытша өз жұмысынан босап, оқуға қаржы құю керек. Бұл еліміздің тұрғындары үшін «шаш етектен шығын». Осы шығынның болашақтағы экономикалық тиімділігін анықтап, жылдық орташа табысы 12-14 пайыздан асып отыратынын есептеп, Г.Беккер Нобель сыйлығын алған болатын. Демек, адамдық капиталды арттыруға салған инвестиция өзін еселеп ақтайды. Ал адам капиталы артқан қоғамның дерті болмайды. 

– Әлеуметтік генетика, әлеуметтік антропология бүгін қаншалықты маңызды? Қазақстандық ғылым бұл салаларға қаншалықты көңіл бөліп отыр?

– Нәсілдердің пайда болуы мен өмір сүру салтын әлеуметтанулық тұрғыдан зерттейтін әлеуметтік антропологияның бүгінгі қоғамның даму заңдылықтарын зерттеуде маңызы зор. Генетика әлеуметтанулық зерттеудің сапалық әдістерінде қолданылады. Мәселен, қазақта адамның шыққан тегінің кейінгі өміріне әсері мол екені анық. Еуропада мұның әлеуметтанудағы теориясы мен әдіснамасын зерттеу ХІХ ғасырда ғана басталды. Ал халқымыз оның практикасын ежелден қолданып келеді. Жеті атадан қыз алмау дәстүрі мен тегіне қарап жар таңдаудың салауатты ұрпақтың тууына әсері мол. 

Бірде, Мәскеуде оқып жүргенімде, «Әлеуметтанудағы сапалық әдістер» дәрісінде генеалогия туралы әңгіме қозғалды. Сонда оқытушы әрқайсымыздан социогенограмма сызуды өтінді. Социогенограммада әке-шешеден бастап барлық туыстар, олардың ата-әжелері мен бабалары, білгеніңше, түгелімен көрсетілуі тиіс болатын. Әжемнің құнттауымен жеті атамды жетік біліп өскен маған бұл қиынға соқпады. Қызық болғанда, орыстың ұл-қыздарының көпшілігі әкесінен гөрі, анасының тегін көбірек тарқатты. Күйеуін өз үйіне именбей алып келген орыстардың балалары ғой, танымындағысын түсірді. Менің социогенограммамда (шежіре) аталық сызба тым ұзақ. Ұстазымыз мұндай айырмашылықты бірден байқады. Тіпті, отбасыдағы бала санына дейін менің сызбам өзгеше еді. Менің әкем он ағайынды болса, біз алтаумыз. Сызбаны түсіндіріп тұрып, қазақ дәстүріндегі жеті атаның маңызын, генофондқа әсерін және шежіремізде әйел адамның көрсетілмейтінін айтып бердім. Француз елінде біраз жыл оқып, адамға тектің әсерін зерттеген, Еуропа ғалымы Анна Шутценбергтің шәкірті болған ұстазымыз менің айтып отырған шежірем классикалық социогенограмма екенін және тектің адамдардың денсаулығына, мінез-құлқына әсер ететінін түсіндірді. Сосын өзге ресейлік студенттердің сызбасын көрсетіп, «генді әйелден таратып сызу – біздің трагедиямыз» деді. Сол сәтте қаны таза ұлттың ұрпағы екендігімді іштей мақтан тұттым. 

Индивидке социогенограмма (әлеуметтік шежіре) сызғызу арқылы оның бүгінгі мәселесіне жауап іздеп, шешімін айту әлеуметтік психологтардың міндетіне жатады. Өкінішке орай, қазір елімізде әлеуметтанудың сапалық әдістеріне көп көңіл бөлінбейді. Генетиканың әлеуетін әлеуметтанушылардан бұрын тек тазалығын ұстанған қарапайым адамдар кеңінен қолданып келеді. 

– Бүгінгі Қазақстанның негізгі дерті неде екенін білгіміз келеді. Жаһандану, азғындық, түрлі өтпелі кезеңдерді бүгінгі қоғамның негізгі мәселесі ретінде түсіндіретіндер көп. Бұған не дейсіз?

– Адамзат ақпараттық қоғамға аяқ басқан бүгінгі таңда жаһандық үдерістер арқылы тарайтын түрлі мәдениеттер кез келген мемлекеттің ішкі жағдайына әсер етпей қоймайды. 

Әлеуметтік поляризация қоғамның дертіне айналғандай. Ең төменгі және жоғары таптың арасындағы табыс жағынан айырмашылық бұрынғы 10 пайыздық мөлшерден, ҚР Білім және ғылым министрлігі Экономика институтының мәліметі бойынша, 30 есеге өскен. Бұл өз кезегінде қоғамда түрлі әлеуметтік шиеленістердің туындауына әсер етпей қоймайды. Әрине, социализм қоғамындағыдай азаматтардың табысы мен өмір сүру деңгейін теңестіруді меңзеп отырғаным жоқ. Капиталистік құрылымның ең үлкен кемшіліктерінің бірі де осы – бәсекеге қабілетсіз қоғамның бір бөлігі ешкімге керексіздердің қатарына қосылып, түрлі маргинал топтарды құрайды. Мемлекет азаматтардың табысын молайту үшін мемлекеттік жәрдемақылар беріп қана қоймай, олардың кәсіби, интеллектуалдық біліктілігін сапалы деңгейге көтеріп, сәйкесінше жаңа жұмыс орындарын ашу секілді нәтижелі жұмыстар атқаруы тиіс. Елімізде «Индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы» мен «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы қолға алынған. Бұл бағдарламалардың әлеуметтік тиімділігін анықтап, кешенді ғылыми сараптамалық жұмыстар жүргізілуі қажет. Тәжірбиеде жиі қолданылатын экономикалық шаралардан бұрын, әлеуметтік тиімділікті өлшеудің әдісін жасағым келеді. 

– Әлеуметтанушы маман қоғамның болашақта көрсетер мінезін дәл анықтап бере ала ма? Осы саланың болашақтағы өкілі ретінде қоғамның қандай көлеңкелі тұсына үңіліп, әлеуметтік талдау жасағың келеді?

– Болжау мен жобалау әлеуметтану саласының іргелі бағыттарының біріне жатады. Әлеуметтік процестердің өрбу болашағын алдын ала белгілі бір деңгейде көрсетуге болады. Оның зерттеу әдіснамасы оннан аса әдіс түрлерін қамтиды. Мәселен, футуролог А.Тоффлер өткен ғасырдың 50 жылдары ақпараттық қоғамның болашағын болжап еңбектер жазған болатын. Постиндустриалдық қоғамдағы адамдардың бір-біріне қатынасы мен отбасы, неке сияқты маңызды әлеуметтік институттардың жағдайын дәл сипаттай білген оның еңбектері бүгінгі күнге дейін өзекті. Сол сияқты, ғылымның мұндай әлеуетін пайдаланып билік жыл сайын халықтың әлеуметтік көңіл- күйін сұрап сауалнама жүргізіп отырады. Сауалнамамен қатар зерттеудің сапалық әдістерін қолданып (тереңдетілген сұхбат, этнографиялық әдістер, бақылау және т.б.) әлеуметтік шиеленіс туғызуы мүмкін деген мәселерді анықтауға да болады. 

Негізінен елімізде әлеуметтанулық зерттеу орталықтары екі бағытта жұмыс істейді. Біріншісі, нарықтың сұранысын қанағаттандыру үшін маркетингтік зерттеулер және мемлекеттік тапсырыстар арқылы әлеуметтік зерттеулер жүргізіледі. Әрине, біріншісі пайдалырақ. Ал халықтың жағдайын, тұрмысын, қоғамның дертін зерттеуге түрлі ведомстволардың ықыласы болмаса, өз қаржысына ешқандай жекеменшік зерттеу орталығы сауалнама жүргізбесі анық. Әлеуметтанулық зерттеулер жүргізуге жарияланатын тендердің де жыры көп. Осы тұста қоғамның әлеуметтік мәселелерін зерттейтін, алдын-ала сараптама жүргізіп, ұсыныстар дайындайтын, басқару шешімдерінің тиімділігін өлшейтін мемлекеттік ғылыми орталықтың қажеттілігі туындайды. Әлеуметтанушы ғалымдарымыздың әлеуетін билік дұрыс пайдаланбай келеді.

Бүгінгі таңда еліміздің түрлі депрессивті, яғни дерті асқынған аймақтарын зерттеудің маңызы зор. Себебі, индустриалдық-инновациялық жобалар жүзеге асып, өндіріс ошақтары мен кәсіпорындар ашылып жатқан тұста, моноқалалар мен адамдық әлеуеті мол бола тұра кедейшілік деңгейі жоғары аймақтардың экономикалық әл-ауқатымен қатар әлеуметтік, мәдени, рухани өмірін дамытудың жолдарын да тереңірек зерттеу қажет. 

Әңгімелескен Қарагөз СЕРІКҚЫЗЫ

Төрегелді Шарманов: «Ауру астан»
Төрегелді Шарманұлы: «Шындықты айтқаным үшін жұмыстан қуылдым»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу