Оңтүстікте қай ауданның әкімдері әскерге бармады?

Oinet.kz 19-12-2008 1316

DSC_0686.jpg

Кешегі Кеңес Одағының кезінде жұрт әскерге бармаған жігіттерге біртүрлі қарайтын. Әсіресе, қыздар жағы «бұл жігіт әскерге бармағанына қарағанда денсаулығының нашар болғаны ғой...» деп оған біртүрлі аянышты, мүсіркеу көзбен қарайтын. Ол жылдары Отансүйгіштік, туған елге қорған болу, қызғыштай қорғау, елге адал қызмет ету секілді адал қасиеттердің бәрі көбінесе осы әскерге барып-келумен өлшенетін. Сондықтан әскер қатарынан жаңа ғана оралып, әлі солдат формасын шешіп үлгермегендерді жұрт «Олар Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келді» деп құрметтеп, сыртынан сүйсініп жатушы еді. «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деп батыр Баукең айтқандай, сол жылдары шынында денсаулығы жарамайтын жігіттердің өзі «военкоматтың» табалдырығын тоздырып, қалайда Отан қорғаушылардың қатарына ілігіп кетуге тырысып, жанталасып жатушы еді. Санаға әбден сіңіп қалғаны соншалық, әскер қатарына іліге алмай қалғандары сүйікті қыздарына хат жазуға жүрексініп немесе қыздармен танысқанда, «әскерге бармағанымды біліп қояр ма екен...» деп қыпылықтап отырушы еді. 

Елімізде Тәуелсіздіктің туы алғаш желбіреген жылдары бұл түсінік, ұғымның бәрі адыра қалды. Жастар әскер қатарынан қашып, ата-анасы ақша, мал беріп жүріп баласын армиядан алып қалатынды шығарды. Алайда, аумалы-төкпелі заман... Соңғы жылдары елімізде әскер саны әжептеуір қысқарып кетті де, енді ел баласын керісінше ақша беріп жүріп, әскер қатарына іліктіретін болды. Әйтсе де, осы аз ғана жылдың ішінде жұрттың санасында үлкен сілкіністің болғаны соншалық, ел арасынан «жастарымыз әскерге барып, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келді» деп сүйсінушіліктен гөрі «баламыз, құдайға шүкір, әскерге барып, «қызыл билет» (военный билет) алып келді» немесе «баламыз жалдамалы әскерде болып, көп ақша тауып келді» деген әңгімені көп естіп жатамыз. 

Біз осы тақырыпта бірнеше аудан әкімдерімен әңгімелесіп көрдік. Қазіргі аудан басқарып отырғандардың барлығы дерлік кешегі Кеңес Одағының кереметтерін көрген, сол заманның көздері ғой. Барлығы бір ауыздан «әскер қатарына бару жастарды отансүйгіштікке, патриоттық сезімге, елге адал болуға тәрбиелейді» деп тақ ете қалды. Бірақ... қолдағы бар құжаттарды ашып жіберіп ек, сол ел басқарып отырған ағаларымыздың көбісі әскер қатарында болмаған екен. Қараңыз:

Әскерге барған әкімдер:

Шаймерден Сатымбеков, Арыс қаласының әкімі, 1981-83 жылдар аралығында жаяу әскер құрамында әскери борышын өтеген. Қазір запастағы подполковник. 

Мұхит Әлі, Сайрам ауданының әкімі, Ресейдің Псков қаласында әуе десанты құрамында борышын өтеген. Қазір запастағы полковник. 

Ұласбек Сәдібеков, Сарыағаш ауданының әкімі, 1985-87 жылдар аралығында Мәскеу облысы, Одинцово қаласында инженерлік-құрылысшы құрамында борышын өтеген. Қазір запастағы майор. 

Батыр Көшербаев, Төлеби ауданының әкімі, 1986-88 жылдар аралығында Кеңес әскерінің №12504 әскери бөлімінде танкист ретінде борышын өтеген. 

Бейбіт Сыздықов, Түркістан қаласының әкімі, 1986-88 жылдар аралығында Германияда артиллерия полкінде әскери борышын өтеген. Қазір запастағы лейтенант. 

Көктембек Табылдиев, Кентау қаласының әкімі, 1983-85 жылдар аралығында әуе қорғанысы күштерінде әскери борышын өтеп, сержант болып оралған. 

Әскерге бармаған әкімдер:

Садық Кенжебаев, Бәйдібек ауданының әкімі, қазір запастағы капитан.

Нұржан Әжіметов, Қазығұрт ауданының әкімі, запастағы майор. 

Омарбек Нұржанов, Мақтарал ауданының әкімі, запастағы полковник.

Сәкен Қаныбеков, Ордабасы ауданының әкімі, запастағы подполковник.

Әлімжан Құртаев, Отырар ауданының әкімі, запастағы подполковник. 

Ерғали Сарманов, Түлкібас ауданының әкімі, запастағы лейтенант.

Арман Жетпісбаев, Шымкент қаласының әкімі, запастағы лейтенант.

Созақбай Әбдіқұлов, Созақ ауданының әкімі, запастағы капитан. 

Марғұлан Марайым, әскерде болмаған. Әскерге бармағаны да, әлі запастағы офицер шенін алмағаны да Шардара ауданының әкімі Марғұлан Марайым. 

Міне, байқаған шығарсыздар, әскерге барғандардың арасында ең мықтысы Мұхит Әлі мырза болып тұр. Шынында ұзын бойлы, қапсағай денелі, кең иықты Мұхит Орынбайұлының әскерде десант болыпты дегенге еш күмән келтіре алмайсың. Қазіргі запастағы әскери шені де жаман емес. Полковник. Жақында ғана алпыс жасын тойлап, Оңтүстіктегі әкімдердің ақсақалы атанған Омекең әскерге бармағанымен, әкімдердің арасында шені жағынан тағы көш бастап тұр. Бұл да полковник. Әрине, әскер қатарында қолына автомат ұстап, оқ-дәрінің иісін иіскемеген әкімдердің бүгінде қалайша запастағы офицер болып жүргеніне іштей таң қалсақ та, рота-рота елді басқарып отырып, осы елдің қауіпсіздігіне де, тыныштығына да, амандығына да әкім жауап беретін болған соң, олардың әскери шен тағуының бір мәнісі болған шығар деп ойладық. 

Әрине, әкімдерге «сендер әскерде болмадыңдар» деп кінәлай алмайсың. Отансүйгіштік, патриоттық сезім, елге адал қызмет ету секілді адал қасиеттер әскерге барғанға қонып, бармағанға мүлдем жоламай қояды деген түсінік болмауы тиіс. Ондай қасиет әрбір адамның жүрегінде жүреді. Оны сыртқа шығару, елге сездіру ол адамның азаматтығына байланысты...

Сондықтан, құрметті аудан әкімдері! «Әскерге бармаппын ғой» деп ұялудың түкке де қажеті жоқ. Егер алда-жалда ұяла қалсаңыздар, облыс әкімі Нұрғали Әшімовты де қоса ұялтасыздар. Ол кісі де әскерге бармапты. Запастағы майор екен. Ол полковниктер мен подполковниктерге өзінен шені жоғары екеніне қарамастан тапсырма беріп жүрсе, бұл әскери қызмет емес, мемлекеттік қызметтегі іс-әрекет.

Оралхан Дәуіт,

Арнайы «Рейтинг» газеті үшін  

Нұржан Төлендиев: Бауырым не тема, шешу үшін жүрміз ғой
Маржан Арапбаева: «Николаймен бірге дуэт құру - әр әншіге бұйыра бермейтін бақыт»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу