Саттар Ерубаев, «Тамаша» театрының әртісі: «Шімән апамен төбелесіп қалдым»

Oinet.kz 20-06-2017 1255

Screenshot_8.jpg

Талай театр және кино саласының талантты актерларын түлеткен Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясын бітіргеніме биыл 10 жыл болыпты.  Соңғы қоңырау мерекесінде төрт жыл қызықтарды бірге бастан кешірген  группаластарым және тәлім берген ұстаздарыммен бас қосып, студенттік шақты еске алдық. Қиын да керемет күндерге куә болған академияны аралап, бір жасап қалдық, шіркін!

Өзім Оңтүстіктің жігітімін.  2002 жылы Жетісай қаласы Асықата кентіндегі орта мектепті бітіріп шықтым. Өзгелер секілді оқуға түсуге асығыстық жасамадым. Бір жылдай дайындалып жүрдім де 2003 жылы студенттердің қайнаған ортасы Алматыға келдім. Өнер академиясына түсу оңай емес екенін іштей сезіп келем. Сондықтан бір ай ерте келіп алдым. Ереже бойынша емтиханда талапкерлер проза, поэзия, мысалдарды оқып беруі керек. Күн сайын дайындық жүргіземін. Бір күні академияның алдында тұрсам бір жігіт жаныма келіп: «Ей, қара сөздерді қайдан табуға болады?» деп жөн сұрады. Томпақ жігіттің сөздері аздап дөрекілеу екен. Сонда да бетін қайтармайын деп: «Кітапханадан табуыңа болады» дедім. Жауабыма қанағаттанбаған болуы керек әлгі жігіт қайтадан бетіме бедірейіп «Ей, дұрыстап түсіндірсейші» деп жекіп сөйледі. Шымкенттің жігіттері майдалап, сыпайы сөйлеп үйренгенбіз ғой, мұндай дөрекілікке жаным шығып бара жатса да сабыр сақтап: «Бауырым, кітапханада барлық кітаптар тұр ғой...»  дей бергенім сол еді ананың жұдырық ала жүгірмесі бар ма?! Мен де қарап тұрмай есемді қайтардым. Сөйтіп екеуміз сол жерде апыр-топыр төбелесіп кеттік. Тәртіп бұзған біздерді бір кезде бір ағай (деканымыз Аман Бикенұлы) ажыратып алды да: «Сендер әлден осылай төбелесіп жатырсыңдар, ертең оқуға түскен соң не істейсіңдер?» деп ұрысты. Мен сөзге келіп қалған жігіт қазіргі «Әзіл әлемі» театрының актері, көрерменге Шімән апа атты кейіпкермен танылған Ерболат Төлегенов болатын. «Ер шекіспей бекіспейді» демей ме?! Тағдырдың жазуы болса керек екеуміз де оқуға түсіп кеттік, тіпті, жатақхананың бір бөлмесіне жайғастық. Уақыт өте келе бір-біріміздің мінезімізге үйренісіп, дос-сырлас болып алдық. Екеумізге ортақ талай қызықты оқиғалар өтті. Оңтүстікте көкөніс, жеміс-жидектер ерте піседі ғой. Көктемде үйдегілер алғашқы өнімдерді салып жіберетін. Сонда батыстың тумасы Ерболат «ойпырмай, наурызда қызанақ, қияр жеймін деп кім ойлаған?!» деп таңқалатын. 

Бірде Ерболатты «қатырғаным» бар. Әдетте академиядан шығып, нөмірі 506-шы автобусқа мінетінбіз. Аялдамамыз соңғы Саина-Фрунзе көшесі. Ұзақтау жүретіндіктен бірден автобустың артына жайғасып аламыз. Бір күні сабақтан шаршаған Ерболат қоғамдық көлікте отырып, қалғып кетті. Досыммен бір әзілдесейін деп оны оятпай, тиісті жерден өзім түсіп қалдым. Жатақханаға барып асықпай жуынып, беймарал тамақтанып алдым. Қараңғы түсіп барады, ал досым әлі жоқ. Содан түн ортасында Ерболаттың «Саттар, Саттар...» деген қатты дауысы шықты. Бесінші қабаттағы бөлменің терезесінен қарасам ашулы досым осында асығыс аяңдап келеді екен. Есіктен кіре салысымен «Сен маған дос емес, дұшпансың. Мені әдейі оятпай тастап кеткенің не? Сен үшін шаһардың ана басы мен мына басын бес рет айналып шықтым» деп біраз «тоңқылдады». Сөйтсем ұйқыға берілген досымды сағат түнгі он екілерде жұмыс уақыты бітіп, үйіне қайтып бара жатқан автобустың шопыры мен кондукторы оятып алыпты. Көліктің соңғы орындығында қисайып ұйықтап қалған жолаушыны олар сол уақытқа дейін байқамаған ғой.  Тек соңғы рейсте салонды тексеріп шыққанда «тосын сыйды» көрген. Есін жиған Ерболат сонда ғана  өзінің қалың ұйқыға шомғанын және қаланы шыр айналып жүргенін білген.  

Оқуды бітерер жылы дипломдық спектакль тапсырдық. Қазылыққа белгілі әртіс Бауыржан Ибрагимов келеді деген еді. Алайда ол кісі келе алмай орнына «Бауыржан шоу» театрының әртісі Қуандық Шәкіржанов келді. Дипломдық жұмыстан кейін Қуандық аға менің және Елбасының дауысын салған группаласым Дәркен Есімбековтың өнерін ұнатып, бізді театрға жұмысқа шақырды. Міне, менің өнер жолындағы алғашқы баспалдағым сол театрдың сахнасынан басталды. Кейіннен «Тамашаға» келдім. 

Бірге білім нәрімен сусындаған группаластарым бүгінде әр түрлі театрларда өнер көрсетіп жүр, бірқатары кино саласына кетті. Олармен шығармашылық және отбасылық қарым-қатынастамын.  Мәселен жақын досым Ерболат үлкен ұлым Нұрасылдың кіндік әкесі. Студент кезімізде «шіркін, киноға бірге түссек» деп армандайтын едік. Алла тілеумізді қабыл етті ме, «Лоторея» атты фильмге бірге түстік. 

Ернар Ешенов: «Қазір бокс спорт түрі емес, бизнеске айналды»
Асылбек Боранбай, актер: «Абылайханды сомдағым келеді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу