Асылбек Боранбай, актер: «Абылайханды сомдағым келеді»

Oinet.kz 20-06-2017 1255

Screenshot_5.jpg

- Асылбек Райханұлы, бір сұхбатыңызда «Тамашаны» баяғы дәрежесіне көтере алмайтыныма көз жеткіздім, сондықтан театрдан кеттім» депсіз. Мұндай сенімсіздік қайдан пайда болды?

- «Тамашаның» бұрынғы директоры марқұм Лұқпан ағамыз қайтыс боларының алдында «Асылбек, талай жылдан бері театрдың ыстығы мен суығына төзіп келесің. Құдайберген Сұлтанбаев, Мейірман Нұрекеев, Уайыс Сұлтанғазин, Тоқсын Құлыбеков секілді театр тарландарының көзін көрдің, тәрбиесін алдың. Енді  шығармашылық жұмыстарды өзіңе тапсырамын. «Тамашаға» бас-көз бол» деп аманаттап кеткен болатын. Мен аманатқа қиянат жасаған жоқпын. Біраз жыл режиссерлік қызметті атқардым. Алайда театрдың негізгі иесі Лұқпан ағамыздың қызы Әлия Есенова. Қожайын басқа болғасын бәрібір жүз пайыз ойыңдағыны жүзеге асыра алмайды екенсің. Сондықтан менде «Тамашаны» «бүлдіріп» алмайын деген қауіп пайда болды. Жүз ойланып, мың толғанып ақыры кеш болмай тұрғанда өз театрымды ашып алайын деген шешім қабылдадым. Мұны Әлияға да, халыққа да ашық түрде жариялап кеттім. Яғни директормен ұрысып, дауласқан ештеңем жоқ. Жұрт «Тамашаның» әу бастан-ақ өз иесі болғанын және бар екенін түсінсе деймін.      

- Жетекшілігіңіздегі «ТТТ»  театрының аяқалысы қалай?

- Биылғы жыл біз үшін жемісті жыл болды десек те болады. Ақтаудан бастап Ақтөбе, Өскемен, Петропавл секілді республиканың біраз қалаларын аралап, концерт бердік. Құдайға шүкір, барлық концертіміз аншлагпен өтіп жатыр. Басқа театрлардың халыққа жылына неше қойылым ұсынып жатқанын білмеймін, бірақ «ТТТ» жылына екі рет концерт беруге дағдыланып келеді. Жаңалығымыз сол театрдың құрамы өзгеріп жатыр. Нақтырақ айтқанда ұжымымыз талантты, жас актерлармен толығуда. Жаңа ұжыммен  жаңа жылдық бағдарламаға дайындықты бастап кеттік. 

- Қандай авторлармен шығармашылық байланыстасыз? Жалпы, сатира жанрында қалам тербейтін авторлар сиреп кеткен секілді...

- Рас айтасыз. Тіпті, санасаң бес саусағыңа де жетпейді. Бұл мәселені мен бұрыннан-ақ айтып келемін. Бәлкім біреулер «осы-ақ автор жоқ деп зарлай береді» дейтін шығар. Бірақ шындық осы. Кезінде сатираның майын майын ішкен Оспанхан ағаларымыз өмірден озды. Одан кейінгі толқын Көпен Әмірбек, Толымбек Әлімбекұлы ағаларымыз қазір жазбай жүргенімен олардың сатираға  еңбектері әбден  сіңді. Асқар Наймантаевты сол сатириктердің ізін жалғастырушы деуге болады. Міне, әрі қарай тоқтап қалуға мәжбүрмін. Жақында Тараз қаласының тумасы  Дидар Пернебек деген жас жігітпен таныстым. Жалпы сатираға икемі бар екен. Бүгінде Дидардың қаламын ұштап  жатқан жайым бар.    

- Қазақ сатирасының бүгінгі бет-бейнесі қандай?

- Менің барлық театрларды зерттеп, талдап жүретінім бар. Халықты қалай күлдіріп жүрміз, керісінше әзілімізбен  жұртты бүлдіріп жүрген жоқпыз  ба деген сауалдар жиі мазалайды. Меніңше, қазіргі қазақ сатирасының деңгейі орташа. Жоғарыда атап өткенімдей бізге  сатириктер жетіспейді. Қазақта «шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген қағида бар ғой. Маман болмағасын  әзілді әр театр шамасы келгенше өздері жазып, өздері сахналап жүр. Сол театрларды сүзгіден өткізіп, бақылап отырған бұрығыдай көркемдік кеңес те жоқ. Тәртіп, ереже болмағасын жеңіл күлкіге бой алдырып барамыз. Қазір халықтың талғамы саусағыңды шошайтсаң да күле беретін дәрежеге жетті. Олай болуға тиісті емес. Біздер көпшілікті мәдениеттілігімізбен, әдептілігімізбен күлдіруіміз керек. Біздің ұжым осы қағиданы ұстанады. Алайда айтары бар, астарлы әзілді орындасаң халық «өй, бұлар түк күлдіре алмайды. Одан да пәленше деген театр жақсы ғой» деп дұрыс қабылдамайды. Дегенмен бізді ел қазір болмаса да кейін түсіне жатар. Себебі өнер бәрібір шынайылықты, тазалықты қалайды. Бұл жағдайға халықты ешқашанда кінәлауға болмайды. Себебі көрерменді осындай  төмен дәрежеге түсіріп алған мына біз -  сатириктер, өнер адамдары. Мұндайда театр басқарып отырған басшылардың санасына берсін дегеннен басқа айтарың жоқ екен.

- «Әкемтеатрдың» белді актерісіз. Бағыңызды ашқан қай роль?

- Институт қабырғасын бітіріп келгесін бірден М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драмалық театрға жұмысқа қабылдандым. Сонда ұстазым Тұңғышбай Жаманқұловтың жетекшілігімен «Турандот ханшайым» спектаклін сахналадық. Маған Понтолоненің рөлі бұйырды. Аталмыш спектакль мені біршама танымалдыққа жетелегендіктен, бағымды ашқан сол Понтолоненің рөлі шығар. «Турандот ханшайым» менің ғана емес сол кезде институт қабырғасынан жаңа келген Дулыға Ақмолда, Ерлан Біләлов, Шынар Асқарова секілді бірқатар әріптестерімнің де үлкен сахнаға жолын ашты десем болады. Одан кейін Гогольдің «Ревизорында» Хлестаковты, «Үйленуінде» Подколесинді, Әуезовтың «Қаракөзінде» Сырымды, «Томирис патшайымда» Кир патшаны, «Қазақтарда» Қасым ханды ойнадым. Мұның бәрі менің сәтті шыққан рөлдерім. Жалпы «әкемтеатрда» өнер көрсетіп келе жатқаныма 25 жылдай уақыт болыпты. Аллаға шүкір театрға сіңірген еңбегім бар. Осы уақытқа дейін сүбелі рөлдерді сомдап келемін.

- Қандай кейіпкерлеріңізді күтіп жүрсіз?

- Абылай ханды ойнағым келеді, одан кейінгі арманым Ақан сері және Король Лирдің кейпіне ену. 

- Өнер үшін құрбандыққа барған кезіңіз болды ма?

- Атын атап түсін түстемей-ақ қояйын, кезінде бір облыстың әкімі мені өзіне шақыртып алып бір департаменттің басшысы бол деген ұсыныс жасаған болатын. Бірақ мен ұсынысты қабыл алмадым. Себебі сахнаны, «Тамашаны» қимадым. Сол кезде лауазымнан өнерімді жоғары қойғаныма еш өкінбеймін. 

- Ұстазыңыз Тұңғышбай Жаманқұловтың басына іс түскенде халық арасында «шәкірттері үнсіз жатыр, неге араша түспейді?» деген секілді әңгіме тарады. Ұстазбен шәкірт арасындағы қазіргі байналыс қандай?

- Білесіз бе, қазір халыққа осы секілді қауесет, өсек әңгімелер майдай жағады. Келеңсіз жағдайдан кейін Тұңғышбай ағамызды сатып кеткен ешбір шәкірті жоқ. Керісінше онымен күн сайын жұмыста біргеміз, әрдайым телефонмен жағдайын сұрап, көмегімізді аянып  жатқан жоқпыз. Ұстазым осы жағдайдан кейін бәрімізді үйіне жинап алып:  «Сендер араласпаңдар, бұл қиындықты шешуге бәрібір шамаларың жетпейді. Басыма түскен сынақты өзім көтеремін. Бастысы, шуламаңдар, даурықпаңдар» деп ақылын айтқан болатын. Ұстаздың айтқаны біз үшін заң. Оның үстіне біздің заңға араласатын жөніміз жоқ. Істің мән-жайын әділет органдарының мамандары шешеді. Алайда біз ағамызға рухани демеушілігімізді жасап келеміз. Тұңғышбай Жаманқұлов – менің өнердегі әкем. Оның маған жасаған жақсылығын ешқашан ұмытқан емеспін және ұмытуға тиісті емеспін. Не жағдай болса да оған деген құрметім шектелген емес.  

- Соңғы кездері киноға да көп түсіп жүрсіз. Киноактер ретінде ел сізді қалай қабылдап жатыр?

- Ия, шақыртулар көп түсіп жатыр. Әсіресе сериалдарға. Уақыттың тығыздығынан барлық ұсынысты қабылдап жатқан жоқпын. Оның үстіне сериалдардан гөрі көркем фильмдерге баруға тырысамын. Жақында ұлттық кинематографиясындағы табысты туындының бірі Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» фильміне түстім. Онда қатыгез адамды сомдадым. Туындының сценариі де, рөлім де өзіме  қатты ұнады. Халық жақсы қабылдаған секілді. Кинокартинаның көрсетілімінен кейін  бір апамыз «Әй, Асылбек, мен сені жақсы адам екен деп жүрсем, шындығында жаман екенсің ғой. Соншама адамға қатыгездік танытуға бола ма?» дейді маған. «Апа-ау, ол жәй ғана кино ғой» десем, «өйт, киноң бар болсын деп» балаша ренжіп жатыр. Бұл сынды қуанышпен қабылдадым. Демек рөлімнің соншалықты шынайы шыққаны ғой.

- Той басқаратын қырыңыздың да барынан жұрт хабардар. Айтыңызшы, асабалық -  өнер  ме, әлде күнкөрістің көзі ме?

- Асабалық – ең алдымен Ақан сері, Біржан салдардан келе жатқан қазақтың төл өнері.   Бірақ қазір оның  өнер адамдарының күн көрісінің көзіне айналып кеткенін несіне жасырамыз? Әншілердің жағдайын да түсінуге болады. Қазір концерт беріп байып жатқан әртісті көрген жоқпын. Керісінше шығынға батасың.  Мемлекеттен қолдау болмағасын әркім өз күнін өзі көріп жүр. Мен асаба болғаныма ұялмаймын. Елге пайдамыз тиіп, алғыстарын алып жатсақ оның несі айып?!

Сұхбаттасқан: Айнұр Асанқызы

Саттар Ерубаев, «Тамаша» театрының әртісі: «Шімән апамен төбелесіп қалдым»
Дінмұхамед Әбдіжаппаров, «Күлкістан» театрының әртісі: «Цистернаның әлегі-ай!»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу