Некені сақтау – ұлтты сақтау!

Oinet.kz 30-08-2019 599

Screenshot_39.jpg

Мақтарал ауданында аудандық соттың төрағасы Құнанбай Мұсаевтың бастамасымен «Неке ажырату мен алимент төлеу» тақырыбында жиын өтті.  Іс-шараға Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сыныптасы Рауза Төлемісова, Жетісай ауданының бас имамы Бекзат Сыздықов, дәрігер-гинеколог, ардагер спортшы Людмила Пасова мен аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ қызметкерлері, жергілікті БАҚ өкілдері қатысты. Тақырып аясында жиынға қатысушылар түрлі мысалдар келтіре отырып, некені сақтаудағы ата-бабадан ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан салт-дәстүрлердің, ислам дінінің, отбасында берілетін тәрбиенің негізгі тетіктері мен аға буынның көрсетер үлгі-өнегесінің атқаратын рөлі кеңінен айтылды. Бүгінде Мақтаарал аудандық сотында қаралған азаматтық істердің тең жартысы неке бұзу мен алиментке қатысты екенін тілге тиек еткен аудандық соттың төрағасы Құнанбай Мұсаев отбасы дауларына қатысты арыз-шағымдардың көпшілігінің медиаторлардың араласуымен бітімгершілікпен бітіп жатқанын да айтып өтті. «Біз некені сақтау, шаңырақты шайқалтпау мақсатындағы тәрбиені, отбасындағы ерлі-зайыптылардың міндеттері мен жауапкершіліктерін той-жиындарда, дастархан басында, тіпті, мешіттер мен жастар көп шоғырланатын жерлерде жиі айтуымыз керек. Сол жауапкершілікті ұлдың да, қыздың да бойына сіңіруіміз керек. Ұлымыз иманды, қызымыз инабатты болып тәрбиеленсе елімізде мұндай келеңсіз жағдайлар тіркелмес еді, бүлдіршіндеріміз «тірі жетім» атанбас еді», - дейді Мақтаарал аудандық сотының төрағасы Құнанбай Мұсаев.



Диқандар тәжірибе алмасты
Шөлде де бау-бақша жайқалады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу