Гитлердің атасы еврей ме?
11-01-2024
«Ана бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген халқымыздың қанатты сөзі бар.
Расында да, аналарымыздың қоғамда алар орны ерекше. Әсіресе, үй шаруасымен қатар, түз тірлігін бірге алып жүргендер. Балаға тәрбие беруден бастап қоғамның кез келген салаларында ойып орын алған аналарымыз жетерлік. Осы ретте жанқиярлық ерлігімен, талайды тәнті еткен өнерімен, ақыл-парасатымен ел есінде мәңгі сақталатын Қазақ әйелдерінің өміріне қатысты бұқаралық ақпарат құралдары беттеріндегі қызықты деректер топтамасын осы кітапқа қосуды жөн көрдік:
Шығыстың қос шынары
1941-1945 жылдары 5 жылға созылған Кеңес одағы мен фашистік Германия арасындағы соғыста талай жан қыршынынан қиылды. Міне осы соғыста ерен ерлігінмен көзге түсіп, мерт болғаннан кейін одақтың ең жоғарғы атағы Кеңес Одағы Батыры атанған қаршадай қазақ қызы Әлия Молдағұлова Ақтөбе облысының Қобда ауданында дүниеге келген. Жалпы Әлияның өмірбаяны баршаға мәлім, ол жайында көркем фильм де түсірілген болатын. 1943 жылдың қарашасында Әлия Холм түбінде немістерден «тіл» алу мақсатында жүргізілген барлау соғысына қатысқан. Осы соғыс барысныда Әлия солдаттармен бірге немістердің траншеясына басып кіріп, 5 немісті тұтқындаған. Қаңтардың қақаған аязында Насва стансасы үшін қырғын шайқаста 19-дағы өрімдей қыз жаңбырша жауған оқтың астында сиреп қалған қаруластарын 6 рет шайқасқа өзі бастап шыққан. Ресейдің Псков облысының Новосокольники жері қазақтың қаршадай қызының қаһармандығы айқындалған соғыс алаңы болды. Дәл осы жерде 1944 жылы 14 қаңтарда Новосокольники ауданына қарасты Казачиха деревнясын азат етуде Әлия Молдағұлова ғасырларға жалғасқан аңыз қалдырды.
Ерен ерлігімен тарих беттеріне есімі алтын әріппен өрілген тағы бір қызымыз - Мәншүк Мәметова. Батыр қыздың майданға аттануы мен ұрыс даласындағы бiзге беймәлiм болып келген кейбiр сырлары жайында «Үш қиян» газетімен сыр бөліскен Әлияның немере сiңiлiсi Айман Мәметов: «Мәншүк майданда 418 күн болды. Ұлы Отан соғысы 1418 күнге созылды десек, оның 418 күнiнде қазақтың ержүрек қызының азапты күндерi мен ерлiк iсi қалды.
Халық қаһарманы атанғандар
Елімізге сіңірген ерен еңбегі,Отан қорғауда, азаматтардың өмірін қауіпсіздендіру барысында ерлік көрсеткені, Қазақстанның бостандығы мен Тәуелсіздігі жолында аянбай күрескені үшін берілетін «Халық қаһарманы» жоғары атағы 1993 жылы Елбасы заңымен бекітілген болатын. Міне осы мәртебелі атаққа ие болғандардың бірі «қазақтың қанатты қызы» атанған тұңғыш әскери ұшқышы Хиуаз Доспанова.
Осы мәртебелі атаққа ие болғандардың бірі КСРО-ның және Қазақстанның халық әртісі Роза Бағланова болатын. Оның ерекше әуезді дауысы соғыс жылдарында жауынгерлерді ерлікке жігерлендірді, ол қазақ мәдениетін халықаралық сахнаға шығарды, оны Кеңес Одағының барлық түпкірінде танып-біліп, сүйіспеншілікпен таңдай қақты. Ал Қазақстанда ол бірнеше ондаған жылдар бойы халқының махаббатына бөленген шын мәніндегі халық әртісі, өнердің шыңына көтерілген дарабоздарының бірі болды.
Өнерімен баршаны тәнтті еткендер
Табиғат берген таңғажайып даусымен, тамаша орындаушылық шеберлігімен, азаматтық және отансүйгіштік асыл қасиеттерімен халқымыздың ерекше құрметі мен махаббатына бөленген нәзік жандан жетерлік. Солардың бірі әрі бірегейі ретінде Күләш Байсейітованы атауға болады.
Қазақтың көрнекті әншісі Күләш Байсейітова - асылында Қазақстанда аты аңызға айналған тұлға. Небәрі 45-жасқа созылған қысқа ғұмырында ол жұлдыздай жарқырап халық сүйіспеншілігіне бөленді. 20-ғасырдың музыка мәдениетінде пайда болған жаңалықты халқы ардақтаған Күләш Байсейітованың дарыны мен асқан өнері "заңдастыра" түсті. Күләш Байсейітованың дарыны көп қырлы. Ол драмалы спектакльдерді айрықша орындаушы республикамыздың тұңғыш кәсіби деңгейдегі концерттік және опералық қазақ әншісі . Қазақ халқы Күләш арқылы дүние жүзінің классикалық операсы мен көптеген халықтардың музыкасын таныды. Замандастары дүниежүзілік мәдениетті тануда Күләш атымен байланыстырады. Оның дауысы - қазақ даласындай кең де биік, ұлттық нақышы айрықша болғандықтан, орындаған әндері қазақ халқына жақын әрі түсінікті еді.
Бибігүл Төлегенова - әлемдік деңгейдегі әнші, опера жұлдызы. Ол - өзінің өнердегі аса жоғары жетістіктері үшін ғана емес, халық арасында үлкен сүйіспеншілікке ие болғандықтан да халық әртісі атанған жан. Бибігүл Ахметқызын әлемнің өнерсүйер қауымы әрқашан құшақ жая қарсы алады. Оның әндеріне Нью-Йорктың, Лондонның, Париждің, Римнің, Афинының, Токионың, Сеулдің, Каир мен басқа да әлемнің ірі қалаларының айтулы концерт залдарына жиналған жұрт тамсана қол соққан. Халық әртісі әлемнің ең үздік оркестрлерімен: Осипов атындағы орыс ұлттық академиялық ұлт аспаптар оркестрі, Чайковский атындағы үлкен симфониялық оркестрі, принц Уэльскийдің (Ұлыбритания) камералық оркестрімен бірге ән салған. ЮНЕСКО шешімі бойынша Бибігүл Төлегенова XX ғасырдың ұлы жиырма әйелдерінің қатарына енген болатын.
Қазақ сахна өнерінің хас шебері атанған өнер Хадиша Бөкееваның да мәдени тарихымыздан алар орны ерекше. БҚО-ның Қазталов ауылында дүниеге келген Хадиша Бөкеева алғашқы сахналық қадамын көркемөнерпаздар үйірмесінен бастаған еді. 1938 жылы Ленинградтың мемлекеттік сахна өнері техникумының қазақ студиясын бітірген ол Шымкент облыстық Қазақ драма театрында, ал 1942 жылдан Алматыдағы Қазақ драма театрында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп, ел есінде.
Өзінің үздік дарынының арқасында театр өнерінің жетекші мамандары сапында болып, Қазақстанның ұлттық өнерінің дамуына орасан үлес қосқан Фарида Шәріпованың сахна мен кинода сомдаған бірталай бейнелер көрермендер жүрегінде өшпес із қалдырды. Ол 1936 жылы 16 желтоқсанда ҚХР Шәуешек қаласында туып өскен. 1955 жылы Алматы Мемлекеттік өнер институтын тәмамдап (қазіргі Құрманғазы атындағы Мемлекеттік консерватория), М. Әуезов атындағы драма театрына қабылданды. Қазақ актрисасының шығармашылығы қазақстандық көрермендерге «Сүйікті менің әуенім» спектакліндегі Жәмиля, Ш.Айтматовтың «Ана-Жер-Анадағы» Толғанай, М.Әуезовтың «Абайындағы» Ажар, «Қозы Көрпеш-Баян Сұлудағы» Баян (Ғ.Мүсірепов), «Еңлік-Кебектегі» Еңлік, «Қаракөздегі» Қарагөз, Ә.Нұрпейісовтың «Қан мен Теріндегі» Ақбала ролдерімен танымал. 1967 жылы «Ана-Жер-Ана» спектакліндегі Толғанай ролі үшін Қазақстан Республикасының Мемлекттік сыйлығына ие болды. Ал 1974 жылы Ә.Нұрпейісовтың «Қан мен Тер» спектакліндегі Ақбала бейнесін шығарғаны үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болды. 1995 жылдан бастап Ф.Шәріпова киноға түседі. 1969 жылы «Вьетнам жұлдызы» спектакліндегі Хиен ролі үшін Ф.Шәріпова Азия және Африка елдері және Вьетнамды қолдау комитетінің грамотасымен марапатталды. Көп жылдар бойы театр және көркемөнер институтында ұстаздық қызмет атқарады. 1996 жылы М.Әуезов атындағы театрда Ф.Шәріповаға арнайы жазылған С.Балғабаевтың «Ғашықсыз ғасыр» спектаклі жарыққа шықты. Басты ролді Ф.Шәріпова өзі ойнады. Кино өнерінде дубляж қызметін шебер орындаушы Ф. Шәріпова «Менің атым Қожада» Қожаға, «Қыз Жібектегі» Жібек, «Девушка джигиттегі» Ғалия, «Ботагөздегі» Ботагөз, «Гауһартастағы» Салтанат, «Тақиялы періштедегі» Айша бейнелерін сөйлете білді.
КСРО жұршылығын өнерімен тәнті еткен тағы бір қазақтың талантты өнерпазы Роза Жаманова Ақтөбе қаласында туған. Орал қаласындағы музыка мектебін, кейін гобой және вокал класы бойынша музыка училищесін бітірген. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында профессор А.Кургановтың класында оқыған. Р.Жаманованың репертуарында 20-дан астам қазақстандық композиторлардың операларындағы жетекші партиялар (Е.Брусиловскийдің "Қыз Жібек", "Ер Тарғын", А.Жұбановпен Л.Хамидидің "Абай", М.Төлебаевтың "Біржан-Сара", С.Мұхаметжановтың "Айсұлу", Е.Рахмадиевтің "Алпамыс", "Қамар сұлу", Қ.Қожамияровтың "Назугум", FҒ.Жұбанованың "Еңлік-Кебек", "Жиырма сегіз"), батыс-европалық (Дж.Пуччинидің "Тоска", "Мадам Баттерфляй", Дж.Вердидің "Травиата", "Аида", Ж.Массненің "Манон", Ш.Гуноның "Фауст", "Ромео мен Джульетта", Л.Делибтің "Лакме") және орыс композиторларының операларынан (П.Чайковскийдің "Евгений Онегин") бар.
Би өнерінің ханшайымы атанған Шара Жиенқұлованың да қазақ мәдениетінен алар орны ерекше. Ол он алты жасында «Биші қыз» атағын иеленді. Үлкен сахнадағы өнер жолын жолдасы Құрманбек Жандарбековпен бірге Қазақ драма театрында бастады.Бейімбет Майлиннің «Майдан» пьесасындағы Пүліш бейнесі - оның театрдағы алғашқы сомдаған рөлі болды. Кейіннен Мұхтар Әуезовтың «Еңлік-Кебек» пен «Қарагөз» қойылымдарында, «Айман-Шолпан» музыкалық драмасында, Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек», «Жалбыр» және «Ер Тарғын» операларында басты рөлдерді сомдады. Шара Жиенқұлова 1936 жылы Мәскеуде өткізілген Қазақ әдебиеті және өнерінің онкүндік мәдени шарасына қатысып, өзге халықты ұлттық би өнерімен таң қалдырды. 1938 жылы қазақтың тұңғыш балеті «Қалқаман-Мамыр» қойылымында ол басты кейіпкер Мамырдың партиясын орындады. Балетмейстер Л.А. Жуковпен бірлесе отырып, 1940 жылы И.Н. Надировтың «Көктем» балетін қойды. Өз жұмысын Шара Жиенқұлова 1940-1962 жылы Қазақ филормониясында жалғастырды. 1962-1966 жылдары Қазақ ән-би ансамблінің басшысы болды. 1966-1975 жылдары Алматы хореография училищесінің директоры қызметінде болды. Ол қазақ өнерінің дамуына сүбелі үлес қосты. Ұлттық би өнерін ғылыми тұрғыда терең зерттеп, қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүр, халық билеріне жаңа дем берді. Ол «Айжан қыз», «Қара жорға», «Тәттімбет», «Қырық қыз» т.с.с. билерді дүниеге әкелді.
Дереккөз : anabol.kz