8668 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алды
Бүгінде көп балалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға мемлекет тарапынан көптеген қолдаулар көрсетілуде. Әсіресе жақында тағайындалған атаулы әлеуметтік көмек талай жанұяның тұрмысын түзеп, кәсібін бастауға жол ашты. Алайда ел ішінде аталған көмектің алу жолдары жайлы толғандырған сұрақтары толастар емес.
Осы жағдайға байланысты "Nur Otan" партиясы Сайрам аудандық филиалында кезекті қоғамдық қабылдау өтті. Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) мәселелерімен аудан тұрғындарын «Жұмыспен қамту 2020 орталығы» мен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшылары қабылдады. Қоғамдық қабылдауға жазылған азаматтардың жаңа форматтағы АӘК қатысты мәселелері толық қаралып, мекеме басшылары тарапынан нақты жауаптары берілді. Бірқатар азаматтардың мәселелерін «Жұмыспен қамту 2020 орталығының» директоры А.Жулаева өз бақылауына алды. Тұрғындар тарапынан көтерілген сұрақтардың басым көпшілігі АӘК талаптарына қатысты орын алып отыр. Осыған байланысты, ауылдық округтер әкімдіктері тарапынан түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігі айтылды.
Мамандардың мәліметінше Сайрам ауданы бойынша ағымдағы жылдың сегізінші айына дейін 8668 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алыпты.