Бөлме гүлдерін қалай күту керек?
Бөлме гүлдерін күту оңай көрінгенімен, әсте олай емес. Оның да өз ережелері мен құпиялары бар. Гүлдерге күн көзі мен судан басқа не керек? Жалпы, гүл күтімінде неге мән берген жөн? Егер гүлдеріңіз көз қуантудың орнына күннен-күнге солып бара жатса, оның себебін тезірек анықтаңыз.
Гүл өсірудің мамандары гүлді сатып алғаннан бір-екі ай уақыт өтпей жатып, ол сола бастаса, мұның себебі дұрыс күтім жасалмағаннан екенін айтады. Демек, жарықтың дұрыс түспеуі, гүлдің табиғатына сай орында тұрмауы немесе суаруда қандай да бір қателіктердің орын алғанын білдіреді. Ал егер алған гүліңіздің екі-үш ай уақыттан кейін сола бастағанын байқасаңыз, оның себебі – зиянкестердің пайда болуында немесе гүл отырғызған топырақтың құнарсыздығы. Бұл – мамандардың ойы.
Жұқа өрмек (тор) немесе ұсақ жәндіктер...
Бұл гүлде зиянкестердің пайда болғанын аңғартады. Алдымен зиянкестің нақты қандай түрі екенін анықтау керек. Олар өрмекті кене, аққанаттар (көбелекке ұқсас ақ және сары түсті ұсақ жәндіктер), бітелер және т.б. болуы мүмкін.
Бұл зиянкестер ауырған гүлдерден сауларына қонып, оларға да қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан ауырған гүлді дереу емдеуге кіріскен жөн. Ал алдымен оны өзге гүлдерден басқа жерге орналастыруды ұмытпаңыз.
Зиянкестерден емдеудің қарапайым жолдарының бірі 0,5 стакан спиртті 1 стакан сумен араластырып, үш апта қатарынан күнделікті ауырған гүлдің жапырақтарын сүрту керек. Егер қолда спирт болмаса, оның орнына арақты пайдалануға болады.
Жұмсақ солғын қураған жапырақтар мен ыдыстағы топырақтың аздығы...
Бұл топырақ құрамындағы қоректік заттардың аздығын білдіреді. Сондықтан гүлдің топырағын ауыстырыңыз немесе құтытағы топыраққа қорақтік заттар салу керек. Сондай-ақ қарапайым тәсілді қолданып көріңіз. Ол үшін шайдың самасын гүлдің ыдысына салып отырыңыз. Ол да гүлге қорек болады.
Жапырақтар қошқылт түске боялып, алақанға салып қысқанда сықырлаған дауыс шықса...
Бұл судың жетіспеуін білдіреді. Сондықтан гүлді топырағы құрғағанда бірден суарыңыз. Ал суарғанда құтының түбіндегі ауа өткізуші ұсақ тесіктерден су ағып шыққанша құйған жөн.
Бастысы, жыл маусымдарына қарай бөлме гүлдерін суару жиілігі де әртүрлі болатынын естен шығармаңыз. Егер бөлмеде кондиционер немесе жылытқыш құрал қосылып тұрса, топырақтың тез құрғайтынын ұмытпаңыз.
Сарғайған жұмсақ жапырақ нені білдіреді?
Бұл судың шаман тыс көп құйылғанын айғақтайды. Топырақтың түп жағын қарап, егер ол тым сулы болса, гүл суару уақытын дұрыс белгілеу керек. Яғни бұрын күнделікті суарсаңыз, ендігі уақытта күн аралата немесе екі-үш күнде бір суару керек. Жапырақтың бұлай сарғаймауы үшін дұрыс суарудың маңызы мол. Сондай-ақ гүл құтысының астында ауа өткізуші ұсақ тесіктері болуы керек. Оны да қадағалаңыз.
Дайындаған: Құралай Мұратқызы
Дереккөз: takprosto.cc