Ұялы телефон мен планшеттің қандай зияны бар?
Жыл сайын ұялы телефон, смартфон, планшеттердің су жаңа түрлері нарыққа шығып жатыр. Жаңаларының функциялары да, сипаттары да сан алуан. Қазақстандық отбасылар балаларына планшет сатып алып беруге құмар. Ал балаларға түрлі-түсті мультипликацияларға толы ойындар, олардан шығатын дыбыс тек қызығушылығын молайта түседі. Ал одан келетін салдарды түсіне бермейді. Зияны туралы айтқанымен, байыбына барып, түсінбейді. Бала болған соң, қай ана баласының қалауынан бас тартсын? Ең сорақысы, жас аналарымыз, кейде баласын емізіп отырып, смартфонын ақтарып әлеуметтік желіге, уатсапқа кіріп отырады. Ал буыны қатпаған балаға оның қауіпі өте жоғары. Балаңыздың денсаулығы маңызды болса, ұялы телефонды мүлде балаға жақындатпауға тырысыңыз.
Жақсы нәрсенің бәрі зиян ба?
Қалталы телефоннан бөлінетін электромагниттік толқындарды көп жылдан бері зерттеп келе жатқан ғалымдар одан бөлінетін электромагниттік толқынның теледидардың, радиотелефон мен компьютердің толқындарынан он есе күшті екенін анықтаған. Телефонмен сөйлескен кезде одан бөлінетін электромагниттік толқындар бас пен жүйке ұлпасына тікелей әсер етеді деп отыр. Салдарынан ми қызып, жүйке жүйесі әлсіреп, адам ағзасындағы жүрек қан тамырларының айналымы нашарлайды
Халықаралық Денсаулық сақтау ұйымы жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде ғалымдар телефонмен көп сөйлесетін жандарда бас ауруы, ұйқышылдық, ашушаңдық белгілері кездесетінін анықтаған. Сондай-ақ, ұялы телефоннан бөлінетін электромагниттік толқындардың есте сақтау қабілетін нашарлататынын, қатерлі ісіктің пайда болуына әкеп соқтыратынын дәлелденген.
Ресейлік ғалымдар ұялы телефоннан бөлінетін электромагниттік толқындардың көз жанарына кері әсер ететінін анықтап отыр. Ғалымдардың жүргізген зерттеулері нәтижесінде сынақтан өткен тышқандардың барлығы дерлік көз жанарынан айырылған. Сондай-ақ, зерттеу барысында сынақтан өткен хайуандардың иммундық жүйесі әлсіреп, бұзылғаны анықталды.
Балалар гаджетпен көп ойнаған уақытта жүйке жүйесі мен ойлау қабілетіне зиян келеді. Сондай-ақ, мамандар құрылғылардан бөлінетін сәуленің бас ауруы, есте сақтау және көру қабілетіне душар ететінін анықтап, ұйқысыздыққа шалдықтыратынын дәлелдеген. Сондықтан балаларға мұндай құрылғыларды беруден бас тарту керек. Кейбір гаджеттерді қолдану нұсқаулығында тәулігіне бір сағат қана гаджетпен ойнауға болатыны жазылған. Ең жақсысы, балаңызды табиғат аясында ойнату.
Көбіміз телефонды өшіріп қойсақ, одан келетін зиян аз болады деп сенеміз. Алайда, өшірулі тұрған телефонның өзі адам организіміне зияны шаш- етектен. Мамандардың пайымдауынша, байланыс құралын өзіңізден неғұрлым алысырақ ұстау керек екенін айтады. Әсіресе, мамандар ұялы телефонды бас жаққа қойып ұйықтауға болмайтынын ескертеді. Себебі, телефоннан бөлінетін электромагниттік толқындар ұйықтап жатқан адамның орталық жүйке жүйесіне әсер етіп, ұйықтауға кедергі келтіреді.
Телефонның магниттік толқындары мен сәулесінен бөлек, денсаулыққа зиян келтіретін басқа да тұстары бар екен. Мамандардың сөзіне сүйенсек, гаджеттерді күн күркіреп, найзағай ойнаған кезде алып жүру өте қауіпті. Өйткені, олар электр тоғын өткізгіш қасиетке ие болғандықтан найзағай ұру қауіпін тудыруы әбден мүмкін. Гаджеттердің денсаулыққа қауіпті екенін белгілі болса, бүгінде олардан бас тартатындар кемде-кем. Керісінше, телефондарға, планшеттерге, смартфондарға деген сұраныс күн санап арта түсуде. Сәйкесінше, ақпараттық технология қарыштап дамыған сайын, аталмыш бұйымдардың қауіптілігі де жоғарылай түседі. Осы ретте мамандар қарапайым қағидаларды ұстана отырып, ұялы телефоннан келетін қауіптен сақтануға болатынын айтады.
1) Көшеде сөйлесу керек.
2) Телефон тұтқасын құлақтан кем дегенде 1 сантиметр алыс ұстаған жөн.
3) Ұялы телефонға құлаққап жалғап, сол арқылы сөйлесіңіз.
4) Телефон тұтқасын астыңғы жағынан ұстаған жөн.
5) Телефонды тігінен ұстау керек.
6) Телефондағы дыбыстық сигналды тыңдамаңыз.
7) SAR-ы (Specific Absorption Rate) төмен телефон таңдаңыз.
Сондай-ақ, телефонды қалтада, белдікте ұстамаңыз. Мүмкіндік болса, қоңырау шалғанның орнына хабарлама жазыңыз. Ал, желі «ұстамаса» қайта-қайта телефон шалуға тырыспаңыз. Мұндай кездері телефон одан бетер көбірек толқындар шығарады. Балаңызға заманауи құрал беру, бермеу өз еркіңізде, бірақ осындай зияны бар екенін біліп жүргеніңіз абзал.
Дереккөз : anabol.kz