Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Санасы ояу әйелді сүюді таңдасаң...
Егер санасы ояу әйелді сүюді таңдасаң, ендеше сен бұрын-соңды көрмеген жаңа деңгейге шыққаныңды, бастан-аяқ сынақтан тұратын жолға түскеніңді біл.
Санасы ояу әйелді сүюді таңдасаң, қалың ұйқыда жата алмайсың. Себебі, сенің жүрегің мен жыныс мүшелерің ғана емес, жан-дүниең тұтасымен қозады.
Егер тыныш өмір сүргің келсе, қарапайым қыздарды таңдай бер. Өмірді уыста ұстағың келсе, жетекке еретін әйелмен шектелсең болады. Өмірді бағындырғың келсе, ауыздықтауға көнетін әйелді ізде. Шакти суының буырқанған толқынына аяғыңды ғана малып, соған тәубе десең, қауіпсіз өмірді таңдасаң, әлі де болса Нәзіктік дейтін Сакралды Мұхиттың тағылық әлеміне сүңгіп көрмеген, саған ғана иіліп тұратын әйелді ізде. Өзінің табиғи ғажабын танып білмеген әйелді сүю өте ыңғайлы. Өйткені, ол сенің жанға бататын нүктелеріңді тап басып танымайды. Ол сені өзгертпейді. Сені кемелдендіру үшін алға сүйремейді. Сенің өміріңде жай ғана өмір сүруден артық ғажап барын сездірмекке ұмтылмас, ұйықтап қалған, еті өліп кеткен Рухыңды оятпайды. Ол сенің қажыған жанарыңа терең үңіліп, Ақиқаттың жебесін тәніңнен өткізбейді. Жан-тәніңмен дүр сілкінтіп, жүрегіңнің түкпірінде баяғыда ұмыт қалған Рухани Махаббатыңды оятпайды. Қауіпсіз, оянбаған әйел сенің жүрегіңді, тәніңді, эгоңды тыныштандырып, тоят таптырады. Жаныңнан баяу басып өтіп кетеді, сенің керек екеніңді сезіндіреді, жауапкершілік ала алатыныңды білдіртеді. Өзіңнің азаматқа тән рөліңді тамаша ойнап жатқаныңа сендіреді.
Саған сол жеткілікті болса, осындай әйелді қабылда. Жан жүрегіңмен сүй. Адал бол. Оның майда тілі, жұмсақ мінезі үшін алғыс айт. Сенің өміріңде осындай жүріп-тұрғаны білінер-білінбес әйелдің болғанына риза бол.
Егер жеткіліксіз болса, егер сенің жүрегің, тәнің мен жаның «мүлде басқа әйелді» қаласа, Асаулығы асқынып тұрған әйелді қаласа – онда Рухани жаңғыру қанжарының лыпып тұрған өткір жүзінде тұрғаның. Кармалық қорытынды шығаратын өте маңызды таңдаудың алдындасың. Рухани оты лапылдап тұрған әйелдің шеңберіне енуді таңдасаң, ендеше өзіңді жетілдіруді талап ететін үрей мен тәуекелдің белдеуіне түскенің. Мұндай болмыс-бітімі ерекше әйелді сүйіп, сен өміріңде сәлден соң орын алатын өзгерістерге жауапкершілік аласың. Сен ендігәрі ұйқылы-ояу өмір сүрмейсің. Ыңғайлы өмірдің не екенін ұмытасың. Сенің өмірің сасық қиранды мен күнделікті күйбеңнің ескі арнасынан шығады. Сенің өміріңнен мүлде жаңа жұпар аңқып, ерекше дәмді бола бастайды. Асау Нәзіктіктен лап етіп жанасың. Бүкіл чакралардың жүйесімен Рухани Жарықтың тоғы жүріп өтеді. Олар сені Жаратқанның арнасына туралайды.
Санасы ояу әйелмен жыныстық, романтикалық қарым-қатынасқа түсу үшін де батылдық, қайсарлық керек. Бұрын-соңды көрмегенді танып білуге ынтығасың. Қорықпай сол әлемге қадам бассаң, ақырында саналы адамның түсінігінен тыс ғажапты сезінесің. Ол сені бұрын білмеген әлемнің сиқыры мен құпиясын көрсетуге жетелейді. Махаббаттан мас, есі кіресілі-шығасылы сені асау сезімнің экстазы мен ғажабына сүңгітеді. Ол саған жұлдызы жарқырап тұрған көктің киесін сезіндіреді. Соны көргенде Жер бетінде жүрмін бе, әлде қайдамын деп күдіктене бастайсың. Тілегіңнен есің кетіп, жүрегің құмарлықтан қалай атқақтаса, ол да сенің жаныңды бір деммен-ақ ашып, ішіндегі бар байлығыңды жайып салады. Сен әр деңгейге шыққан сайын оның жан қатпарына тереңдей бергің келеді. Себебі, сендік Еркектік болмыс Әлемдегі ғажапты адал Махаббаттың жарығымен сәулеленген Ғалам арқылы меңгереді. Ол сені бұрын ешкім көрмеген қалпыңда көреді. Ол саған мүлтіксіз сенетін болады. Ол сені бағалайды. Оны бақытты етуге құлшынған ниетіңе дән риза болады. Сен жасаған бар жақсылықты бағалайды. Сенің бойыңдағы әр жақсылықты еселеп отырады. Ол сенің «қараңғы түнегіңнен» қорқып, қашып кетпейді. Сендегі түнек оны үркітпейді. Ол сені құшқан сайын, сүйген сайын Өмірге ынтаң арта береді. Сенің жаның ғана түсінетін сөздерді айтады. Қателігің үшін жазаламайды.
Санасы ояу әйелді сүю – бұл ерен тәуекел, себебі одан тығылып қалар жер таппассың. Ол бәрін көреді. Сондықтан сені жаның мен тәнің қалағандай терең сүйе алады. Содан болар бір күні күдіктің жегі құрты жеңеді – ол жанымда болған уақытта тірі болдым ба өзі дерсің. Мұндай әйелді сүю Өрт боп жанып тұрған Жанды сүю деген сөз. Осындай әйелдің лаулаған от сезімін өміріңе енгізсең, ешқашан бұрынғы қалпыңда қала алмайсың. Тәуекелге бел бу, не жолдан былай тұр. Өзіңе тыныштық сыйлайтын қарапайым қызбен тыныш өміріңді сүре бер. Соңғысын таңдамас бұрын өмірің артқа қараумен өтпейтініне сенімді бол. Көз алдыңда ғайып болған Әйел құпиясының тұмандағы нәзік сұлбасын іздемейтініңе сенімді бол. Ол қайтадан жұлдыздарға самғап, ғарыштағы ғаламға сіңіп, жоқ болады. Келген жағына қарай кетіп қалады. Оны содан соң көрмейсің.
Софи Бэшворд
Аударған Шынар Әбілдә