Жетісайдың өнімдері Еуропа асып жатыр
Ауа-райы бақша өнімдеріне қолайлы Жетісай ауданында бүгінге шаруалар тынбай еңбек етіп,жемісін көруде. Мамандардың дерегінше бүгінге дейін ауданда 324 мыңнан астам бақша өнімдері жиналған. Бір қуантарлығы диқандар өнімдерін еліміздің түкпір-түкпіріне ғана емес сонымен қатар шетел асырып жатыр. Мәселен 70 пайызға жуық өнім Ресей мен Еуропа елдеріне экспортталып отыр. Ал қалған бөлігі еліміздің солтүстік облыстарына жөнелтілуде.
Бұдан бөлек, 94 600 тонна көкөніс, атап айтсанда, 32 400 тонна қызанақ, 355 тонна сарымсақ, 7 700 тонна баклажан, 3 600 тонна балғар бұрышы, 14000 тонна қияр өндірілген. Жалпы биыл Жетісай ауданында 77 274 гектар жерге егін егілген. Оның 45 100 гектарын мақта, 16 мың гектарын бақша өнімдері, 4 мың гектарын көкөніс дақылдары құрайды.
Айта кетерлігі, бүгінде жетісайлық қауын, қарбыздар жоғары сұранысқа ие. Тәттілігі тіл үйірер бақша өнімдерінің көлемі жыл санап артып келеді. Бұл ретте ба өнімдерінің шетелдерге экспортталуы да дұрыс жолға қойылған. Соның нәтижесінде өндірілген өнімнің 70 пайызын шетел нарығына шығаруға мүмкіндік туып отыр.
Биыл 16 мыңнан астам жерге бақша дақылдары егілсе, оның 8741 гектары пленкалы қауын, 3950 гектары пленкалы қарбыз. Сондай-ақ, биыл ауданда 2981 гектарға ашық қауын мен 900 гектарға қарбыз егіліп отыр. Аудан шаруалары бір жерден екі рет өнім алу үрдісін қолға алып, табыс көздерін молайтуда.