Мерекені қайырымдылықпен қарсы алды
Елорда күнін қазығұрттық тұрғындар аста-төк дастархан, мерекелік концертпен емес қайырымдылық шаралармен қарсы алды. Жергілікті кәсіпкерлер 500-ге жуық көп балалы және жалғыз басты қарияларға материалдық көмек көрсетті. Халдерін сұрап, көңілдерін аулады.
Сондай-ақ болашақ мөлтек ауданында орналасқан екі қабатты төрт үйдің тұрғындары, тегін азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Бірінші топтағы мүгедек Қаракөз Бекмұратова Қазығұрт ауданының тоқсан жылдығы аясында баспаналы болғанын айтады. Күнкөрісі төмен Қаракөзге кәсіпкерлер қолдау көрсетті. «Ауданның демеушілеріне үлкен алғысымды айтам. «Кең болса кем болмайсың» дейді ғой. Біз секілді жандарды елеп-ескеріп, қол ұшын созған жандарға Алла разы болсын»,- деген Қаракөз ақжарма тілегін жаудырды.
Демеушілер есебінен бір күннің өзінде 200-ден астам тұрғынның мұқтаждығы өтелді.
«Мерекесі қарсаңында тұрмысы төмен, көп балалы отбасыларға, жалпы саны 227 жанұяға азық-түлік үлестірілді»,- дейді Қазығұрт ауылының әкімі Қайрат Садықов.
Қазығұрттық Атымтай Жомарттар мұндай игі шара алдағы уақытта да жалғасын табады деп отыр.