Субсидия шаруаларға көмек болып тұр
Түркістан облысы бойынша бүгінгі таңда барлық техникалар саны -17955 дананы құраса, оның 87 пайызы 2009 жылға дейінгі техникалар. Әрине шаруаларға техниканың жаңа әрі бағаның қолжетімді болғаны дұрыс. Осы орайда мемлекет ауылшаруашылық саласындағы кәсіпкерлерге «Инвестициялық субсидия» бағдарламасы бойынша техниканы қолжетімді етуде. Яғни жарнаның 25 пайызын мемлекет төлейді. Бағдарламаның шарапатын көрген жанның бірі - Әли Исабеков. Жетісай ауданындағы Қызылқұм ауыл округіне қарасты Датқа ауылының тұрғыны талай жылдан бері тер төгіп, мақта шаруашылығына өрге домалатып жүр. Шаруақожалығында 20-ға жуық адам жұмыс істейді. Бүгін 3 трактор сатып алды. Әрқайсысының құны - 14млн. 800 мың теңге тұрады. Оның 3млн. 500 мың теңгесі мемлекет тарапынан төленеді. Шаруа жаңа техниканы 5 жыл көлемінде 6-8 үстеме пайызбен қосып төлемек. «Өкіметтің беріп отқан мүмкіндіктерін пайдаланып, 7 тракторға тапсырыс бергенбіз. Қазір соның 3-уін алайын деп жатырмыз. КИОТИ тракторларын көріп жүргенімізге 3 жыл болды. Бұл МТЗ-лармен салыстырғанда көп артықшылығы бар. Мұның күші көбірек, жанар-жағармайы да 30-35 пайыз төмен жұмсайды»,- дейді «Тұңғатар» өндірістік кооперативінің төрағасы Әли Исабеков.
Былтыр облысқа 954 жаңа техника алынған болса, оның 244 бірлігіне 1,2 млрд. инвестициялық субсидия төленген. 2019 жылдың 5 айының өзінде 289 техника сатып алынып, 490 млн. субсидия берілді. Айта кетейік, техникалар «Kaz Kioti» ЖШС зауытында құрастырылады.