Түркістан аспанында батпырауықтар қалықтады
Түркістанда алғаш рет батпырауық фестивалі өтті. Облыстың 1 жылдығына орай ұйымдастырылған шараға 160 оқушы қатысып, бір мезетте көк аспанға батпырауықтарды ұшырды. Қалықтап ұшқан түрлі құстардың бейнесі, балаларға ерекше шаттық сыйлады. Батпырауықтар фестивалі, «Облыс тарихы» атты кереуін шеруі аясында ұйымдастырылған. «Шараның негізгі мақсаты ауданнан келген оқушыларға Түркістан тарихын тереңінен түсіндіру. Жаңа облыстың мерейтойын кең көлемде атап өту,- дейді Түркістан облыстық қосымша білім беруді дамыту орталығының директоры Бақытжан Ешенқұлов
Бұл күні үлгілі тәртібімен оқу жылын үздік тәмәмдаған оқушылар өңірдің тарихи жерлері мен танысты. Көне жәдігерлерді көріп, танымдық көкжиегін кеңейтіп келеді. «Біз бірінші күні Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне, Үкаш ата, Сауран қалашығына бардық. Елбасы 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады. Сондықтан мен өз өлкемнің тарихи жерлерін көптеп білгім келеді»,- дейді Шардара ауданы №12 жалпы орта мектебінің оқушысы Самал Али.
Бес күнге жоспарланған керуен-шеруінде балалар фотоэтюд, сөзжұмбақ, сұрақ-жауап сайыстарына қатысады. Жеңімпаз атанғандар диплом, арнайы сыйлықтармен марапатталады.