Арыста да балық бар
Арыс ауданында балық шаруашылығы дамып келеді. Мұндай кәсіпті қолға алғанның бірі Дүйсенбі Дінмұхаммед Рахымжанұлы ағымдағы жылдың мамыр айында жеке кәсіпкер өз қаржысы есебінен үш балық асырау бұғатының (бассейн) құрылысын бастаған болатын.
Жақында осы «Дермене Агро Групп» деп аталатын балық асырау бұғатының негізгі құрылысы аяқталып, үш милионға жуық тұқы «карп» шабақтарын жіберу рәсімі өтті.
Шараға Арыс қаласы әкімі М.Қадырбек, ауылдық округі әкімі Ж.Кадиев бөлім басшылары мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, ауыл ардагерлері қатысты. Шабақтар Қызылорда облысы, Арал қаласындағы қолдан балық өсіру шаруашылығынан жеткізілген.
«Дермене Агро Групп» ЖШС директоры Д.Дүйсенбі 1 жыл 6 ай мерзімде алғашқы балық өнім алуды жоспарлауда. Бір тұқы «карп» балығының ұзындығы 40 сантиметр, салмағы 800гр мен 3 килограмм аралығында болатындығын мәлімдеді.
Қазіргі таңда балық асырау бұғатында 4 азамат тұрақты жұмыс жасауда. Жеке кәсіпкер Д.Дүйсенбі аталған балық асырау бұғаты орналасқан жердің аумағынан жасыл желектер егіп көгалдандырып, абаттандыруды жоспарлап отыр.