Түлектер үлкен өмірге қадам басты
Түркістан облысының құрылғанына 1 жыл толуына және «2019-жыл – Жастар жылы» аясында Жетісай қаласында мектеп бітіруші жас түлектерді шығарып салу салтанатты рәсімі өтті. «Жолың болсын, жас түлек!» атты мерекелік шараға Жамантай Бейсенбаев қатысып, түлектерге ақ жол тіледі. 5 мыңнан астам адам қатысқан жиында «Алтын белгі» және «Үздік аттестат» иегерлері марапатталды. «Адамзат қашанда биіктікті білекпен емес, біліммен бағындырған. Ел болашағы білімді ұрпақтың қолында. Елімізді келешекте түрлі белестерден алып өтетін – сіздерсіздер! Сондықтан алған білімдеріңізді еліміздің, Түркістан облысымыздың, ауданымыздың гүлденуіне жұмсап, қабілеттеріңізді көрсетуге күш салады деп сенемін»,- деді Жамантай Қанайұлы.
«Қажымұқан» атындағы орталық алаңда 70 мектептің бітірушілері бірінен кейін бірі сап құрап, шерулетіп жүріп өтті.
Мамандардың мәліметінше биыл аудандағы 70 мектепте 43 мың 666 оқушы білім алған. Оның 2627-сі биылғы мектеп бітіруші түлектер. Солардың ішінде «Алтын белгі» медаліне 180 бітіруші, «Үздік аттестатқа» 110 оқушы үміткер атанып отыр. Ал 9-сыныпты бітіруші 3661 білім алушыдан 394 оқушы негізгі орта білімі туралы үздік аттестатқа үміткер.