Күйзелістен қалай құтыламыз
Балаларымызды күйзелістен қалай құтқарамыз? Ата-аналар үшін бұл сұрақтың маңызы зор. «Бала бауыр етің», «Балалы үй базар, баласыз үй қу мазар», «Өмірдің бір қызығы бала деген» деп өсиет қалдырған атам қазақ, баланың мінез-құлқына немқұрайлы қарамаған. Алайда әке шешелеріміз кейде өзінің бала болғанын ұмыт қалдыратын кездері аз емес. Олар балаларын жақсы киіндіріп, бар тәттіні аузына тостық. Енді біздің көңіліміз жай, баламыздың да жағдайы жақсы деп ойлайды. Баланың қам-қарекеті, киімінің бүтінделіп, қарнының тоқтығымен өлшене ме? Оның нәзік те, маңайына сәуле шашатын рухани әлемін қайда қоямыз? Әдетте бала тәрбиесіндегі сәл қателіктеріміздің өзі жарға жығады. Үйге келген қонақтар болмаса таныстарымыз балаларымыздан: «Сен кімді жақсы көресің, әкеңді ме шешеңді ме?» дейді. Бала кімді таңдаймын деп қалың ойға беріледі. Осындай сұрақтарды балаға қоюға бола ма?
Кейде үлкендер балаларға біржақты қарап, оларды елеп-ескере бермейді. «Бұл әлі бала, ештеңені сезбейді, түсінбейді»,– деп оны ақылсыздар қатарына жатқызамыз. Мұндай сөздер оның көңіліне кері әсерін тигізуі ықтимал. Осыдан кейін-ақ, ол басқаларға ішкі мұңын айтуды қойып, өзімен-өзі тұнжыр қалыпқа түседі. Бұл бала көңіліндегі күйзелістердің алғашқы белгілері. Иә, балалар өмірі таусылмас дастан. Балалар әлемі құпияға толы жұмбақ.
Қазіргі заманда психолог мамандар оқушылар күйзелісінің мынадай түрлерін анықтап отыр:
1. Отбасындағы ата-ана мен баланың келіспеушілігі, ауладағы төбелес, дене жарақаты, мектептегі төмен баға, достардың ренжісуі, оқытушының әділетсіз іс істеуі.
2. Отбасындағы адамдардың қиындыққа ұшырап, ашулануы балаға кері әсер етеді. Отбасындағы әкенің бастығымен мәмлеге келе алмауы, анасының жақын құрбысының ауырып қалуы.
3. Отбасындағы біреудің науқастануы немесе қайтыс болуы, ата-ананың ажырасуы, басқа қалаға көшуі, үйдегі біреудің жұмыстан босауы, ерлі-зайыптылардың ұрсысуы, мәшине апаты.
4. Ата-ана баланың күйзеліске түсуіне бірден бір себепші. Әкенің ішкілікке салынуы немесе наркоман болуы, отбасындағы шектен тыс қадағалау.
Ислам дінінде дәрет алу, күніне бес уақыт намаз оқу ашу-ызадан, шаршап-шалдығудан құтқарады. Адам бір мезет күйбең тірліктен өзін арашалап, Алла Тағаланы ойлайды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Тұрған кезде ашу қысса жат, отырған болсаң тұр» дейді. Мұндай кезде қимыл-қозғалыстың да көп пайдасы бар. Балаларымызды осы ата бабамыздан келе жатқан асыл дінімізбен тәрбиелей алсақ, біздің өмірден ұтарымыз көп.
Күйзеліске түскен кісінің қан қысымы көтеріліп, жүрек соғысы жылдамдай бастайды. Бұлшық еттер жиырылып, бүйрек қызметі нашарлайды. Егер адам оны дер кезінде саналы түрде тоқтата алмаса, психикалық ауруларға ұшырауы мүмкін. Күйзелісті болдырмаудың бір жолы оқушылар сабақ үстінде екі-үш минут терезені ашып, жеңіл жаттығулар жасағаны абзал. Қолдың, аяқтың шаршауы, дұрыс демалмау, тамақты артық ішу немесе аштықтың салдары күйзеліске әкеліп соқтырады.
Қазіргі кезде ата-аналар жеткіншектеріне шектен тыс тиым салып жатады. Біз оларды «айғайлама, ашуланба, неге қатты күлесің күлме өйтіп, қорықпа одан сен қорқақсың ба?» деп бұйрықпен басқарғымыз келеді. Кейбір балалар бұдан кейін тұйықтала түседі. «Мен ашуланбаймын, мен қорықпаймын, мен айғайламаймын» деген сезімде жүреді. Бұндай жағдайдан кейін эмоция ешқайда кетпей баланың бойында күннен күнге өршей береді. Оның соңы тері ауруларына, тән ауруларына әкеліп соқтырады.
Қарым-қатынас кезінде көңіл-күйдің өзгеріске ұшырауы:
Бұйрықпен жұмсау кезі: «Айтқанды екі етпей істе», «Үйдің ішін тазалап қой», «Еденді шаңсорғышпен міндетті түрде сор».
Қорқытып ескерту: «Мен саған ең соңғы рет ескертемін», «Егер сен осыны істемесең, бәлем...».
Ақылгөйсу, өзін керемет көрсету нәтижесі: «Мен саған мың рет айттым ғой осы тіс пастасын шайып орнына қой деп... әйтпесе микроб түседі» «Қанша рет айтамын менің анам сенің мұндайыңды ұнатпайды...».
Мақтау: «Міне, осы жерде сен мықты болдың. Осы үшін саған ризамыз, сенің бұл ісіңе біз қуанамыз».
Жасалған жұмысқа кеңес беру: «Менің ойымша бұндай кезде сенің былай жасағаның дұрыс-ау» немесе «Неге саған былай істемеске».
Сын айту, шешім шығару, кіналау: «Сен ешқашанда уақытында бір келмейсің», «Сен бір нәрсені өмірі нақты айтпайсың» .
Кемсіту, масқаралау: «Сенің миың өз орнында емес, ауысып кеткен сияқты», «Ыдысты керемет жуады екенсің, дүкенге де зырылдап барарсың»
Болжау, ұғындыру: «Сенің бұны не үшін жасап жатқаныңды білем...», «Өтірік айтып тұрғаныңды көзіңнен-ақ біліп тұрмын»
Сұрақтың астына алу: «Сен қайда болдың», «Мен сұрап тұрмын ғой мына түрің не?»
Мектеп оқушылары алғаш қыркүйек айында күйзеліске көп түсетінін БАҚ өкілдері дәлелдеп отыр. Жазғы демалыста арқаны кеңге салып, бос уақытқа үйренген оқушылар сабақ басталғанда берілген тапсырмаларды орындай алмай күйзеледі. Ол үшін не істеу керек? Ата-аналар балаларын жаз мезгілінде сабақты қайталауыны кеңес бергені абзал. Қыркүйек айы жақындағанда кешке ерте жату, телевизор, интернет, телефондағы агентпен сөйлесуді оқушылар азайтуы керек. Жаз мезгілі оқушылардың лагерге барып демалатын уақыты. Қызықты оқиғалар жайма шуақ жазда өтеді. Оқушылар бір-бірін бірінші қыркүйекте көргенде сабақ оқудан бұрын жаздың қалай өткенін айтады. Бірінші қыркүйек оқушылар үшін бақытты күн. Осы бақытына бөгет жасап, сабақты мұғалім сұрай бастаса, оларға бұл ұнай қоймайды. Оқытушы бұндай кезде олардың жеке өміріне уақыт бөлгені жөн. Жаздың қалай өткені туралы шығарма жаздырту қолайлы болар еді. Жазда түскен суреттерін көрсетіп, оларды табыстыра түсу оқытушының міндеті. Ал егер оқытушы: «сабаққа көңіл бөліңдер», «шуламаңдар», «тыныш отыр» деп тиым сала берсе, оқушы көңілінің бұзылып, ұстаз бен шәкірт арасы алшақтауы мүмкін.
Бойдағы күйзелісті ауыздықтау жасөспірім кезеңде аса қиын. Энергияның көптігі сондай, жастар бұл кезде буырқанғыш, асау мінез танытқыш келеді. Жол көрсететін бұл жерде тағы ата-ана. Баласының таңдау еркін байқай отырып, оны сол қалаған ісіне байланыстыру артық етпейді. Мәселен, ол неге қызығушылық танытады. Өлара кезеңде жасөспірімдер көп сыр аша бермейді. Бұл кездің қателіктері көп. Сондықтан қараушысы балаларына немқұрайлы қарамағаны жөн. Жанұялы болып серуендеу, кинотеатрға бару, отбасылық мәселені бірігіп талқылау т.б. Қазақ «Балаңды жетіге дейін гүл қылып өсір, жетіден он беске дейін құл қылып өсір, одан әрі өзіңмен тең, қылып өсір деген». Бұл аталы сөзде үлкен мән, мағына бар. Жасөспірім кезде олар өзін үлкен адам сезінеді. Бұндай кезде оларға ақыл айта беру нәтижесіз. Әрине, жастық кезең ақыл тоқтатқан кез емес. Оны әр ата-ана түсінеді. Солай бола тұра жасөспірім кезде олардың рухын төмендетпеуі керек.
Елімізде ҰБТ кезінде оқушылар күйзеліске жиі ұшырауда. Оның да әр-түрлі себептері бар. Он бір жыл сабағын өте жақсы бағамен тамамдаған оқушы тест кезінде сүрініп, төмен бал алады. Күйзеліс тудыра ма? Міндетті түрде. Енді бұл күйзеліс қайдан бастау алды. Оқушы тестен сүрінбей өтетініне әу баста толық сенімді еді. Дайындық кезінде ол алдыңғы қатарда еді. Оның тестен сүрінуі былай тұрсын, әу баста ойына кіріп шықпаған. Шешуші кезге келгенде төмен бал алғанын білген ол өзін ұстай алмай өксік қысты. Жүрегі дембіл-дембіл соғып, басы айналды. Үмітсіздік биледі. Кейбір оқушылар өзіне қол жұмсап жатты. Бұл жағдайға кім кінәлі? Біріншіден, мектептегі дайындық кезде әр оқушыда «оқуға түсее алмасам не іс істеймін?», «дайындық курсына барамын ба», «бір жыл уақытымда мына жұмысымды бітіріп алсам қалай болар еді» деген сияқты ойда болуы керек. Оқытушы ата-аналар бұл мәселені бірігіп қарауы тиіс. Шешімді алдын ала шығару қателікке ұрындырады. Ертең де күн бар екенін ұмытпайық. ҰБТ тапсырғанда тест кітапшаларының маңдайшаларына күйзелістен сақтайтын қанатты сөздерді жазып қойғанның пайдасы көп. Мысалға, «Сабыр түбі сары алтын», «Өткен іске өкінбе», Ер сүрінбей, ел танымас, ат сүрінбей, жер танымас», «Шабан үйрек бұрын ұшар»,– деп насихат айтсақ күйзелістен оқушыларды құтқара аламыз.
Марат Әзімхан
"Қабылан ақпараттық порталы"