«Жиі жылап қалатын»: Журналист Әнару Құрманәлінің ауыр тағдырын баяндады
Журналист Ақгүл Айдарбекқызы кәсіпқой боксшы Жанқош Тұраров зәбір көрсетті деп айыптап отырған Әнару Құрманәлінің жеке өмірі туралы желіде жазба жариялады, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Jambylinfo.kz-ке сілтеме жасап.
Ақгүл Айдарбекқызының айтуынша, ол Әнару Құрманәлімен бір университетте оқыған.
"Әнару Қалдыбекпен бір универде оқып, бір ақындар орталығына барғанбыз. Өзі өте өнерлі, ерекше әншілік қабілеті бар қыз болды. Ақындар орталығында жүргенде Әнарудың қатты күйзеліп жүргенін көрдім. Анам өмірден өтіп кетті деп жиі жылап қалатын. Оны бізбен бірге бірнеше қыз-жігіттер көрді. Бір күні “әкеммен кездесетін болдық. Әкемнен әншілік ортаға кіруіме көмектесуін сұрайын ба?” деп бізбен ұза-а-ақ ақылдасты, бір жағынан сұрауға қысылып, ыңғайсызданып тұрғанын байқадық. Біз: “әрине, әкең ғой, танымал адам, бір жағынан сол саланың қазанында қайнап жүр, әкеңнің ол қолында тұрған дүние” деп қоштай кеттік. Сөйтсек, әке деген бәрінде бірдей бола бермейді екен",- деп жазды ол.
Журналистің баяндауына қарағанда Қалдыбек Құрманәлі Анәрудың анасын жастайынан 2 бала туғызып, тастап кеткен.
”Әнару әкесімен кездесуден кейін “әкем көмектеспейтін болды” деп көңілсіз жүрді… Қарап тұрсам, Әнаруға (бала кезінен демей-ақ қояйын) сол барған кезінде (ол кезде шамасы жасы 21-22-де болды-ау) көмектесіп жіберсе, бұл оқиға орын алмас еді-ау…
Әнарудың артында арқырап әкесі тұрса, оны қай еркек бұлай басынады", деп жазған журналист.
Бұған қоса ол тұтас қоғамды бұл іске араласуға, әділдік салтанат құруына үлес қосуға шақырған.
"Қысқасын айтқанда, біреуін заң сотына біреуін ар сотына салуға қоғам болып үлес қосуымыз керек. Әнаруды қараламас бұрын, қыз өсіріп, қарындас, әпке, сіңіліміздің бетіне қарап отырғанымызды еске түсіріп қояйық…", - деп жазбасын қортындылаған Ақгүл Айдарбекқызы.