Тұрмыстық зорлық-зомбылық – қоғамның дерті
Қазақстан Республикасының Конститутциясында адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды, әркімнің ар-намысы мен абыройын қорғауына құқығы бар деп жазылған. Дегенмен, біздің заманауи дамыған қоғамда тұратынымызға қарамастан, отбасылардағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтар жиі кездеседі.
Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Баян Жандосованың айтуынша, көптеген әйелдер өзінің зорлық-зомбылық көріп жүргендерін ашық айта алмайды. Осыған байланысты 2017 жылы Бас прокуратураның «Зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасы жүйелі түрде жүзеге асып, біршама жұмыстар атқарылды. Участкелік полициялар мен дәрігерлер және басқыншыдан үнемі зорлық көретін жанұяны анықтаушылар аталған жоба бойынша зорлық-зомбылықпен күрес жұмыстарын жүргізді. Алкоголизм мен нашақорлықты емдейтін орталықтар ашылып, нәтиже көрсетті. Ондай орталықтар әлі де жұмыс істеп келеді.
Баян Жандосова бізге берген сұхбатында «Арнайы мониторинг жүргізгенімде, 400 отбасыны қабылдадым. Соның ішінде, 15 пайызы жалғыз басты аналар, 16 пайызы ажырасқандар болып шықты. Бұл қаншама баланың әке тәрбиесінен тыс өсіп жатқандығын білдіреді. Сол үшін мектептерге көбінесе ер-азаматтарды жұмысқа қабылдау керек. Дене шынықтыру және еңбек сабағында ұлдар мен қыздарды бөліп оқыту қажет деп ойлаймын. Себебі, алтыншы сыныптан бастап оқушыларда физиологиялық өзгерістер басталады. Осындай өтпелі кезеңде оларды осы пәндер бойынша бірге оқыту өте қате деп ойлаймын. Биылғы жылдың төрт айында 49 суицид, 147 өз-өзіне қол жұмсауға әрекет еткен балалар тіркелді.Біз бар балаларымыздан айырылып жатырмыз. Бұл ретте ата-аналар мен ұстаздар тәрбие жұмыстарын күшейту қажет» деді.
Арнайы мониторинг нәтижесінде елімізде 2022 жылда зорлық-зомбылықтан 400 әйел көз жұмғаны, 155 әйелдің өз-өзіне қол жұмсағаны белгілі болды. Осындай келеңсіз оқиғаларды болдармас үшін «AMANAT» партиясы «Бақытты отбасы» жобасы аясында әлеуметтік осал топтарға, өмірдің қиын сәтіне тап болған әйелдерге, мүмкіндігі шектеулі, ерекше қажеттіліктері және аз қамтамасыз етілген азаматтарды әлеуметтік тұрғыда қолдап, олардың өмір сүруіне қолайлы орта қалыптастырып келеді. Аталған жоба бойынша әйелдерге тегін психологиялық көмектер көрсетіліп, тренингтер өткізіледі.
Қызмет бабы, жұмыс барысында талай әйелдердің жай-күйін жақсартуға ұмтылып, әйел бақытының сақталуына үлес қосқан Баян Жандосова өз сөзін «Тұрмыстық зорлық-зомбылық – қоғамның дерті. Әйел мен еркектің орны ауыспай, әркім өз фунциясын орындауы керек. Әйел отбасына жылулық сыйлап, ер азамат отбасының қорғаны болуы керек. Сонда ғана тұрмыстық зорлық-зомбылық болмай, балаларға бақыт сыйлай аламыз» деп түйіндеді.
Аида Өтеп