МИБ-ті онлайн тіркеу енді оңай
23-04-2023
Ұлыстың ұлы күні қарсаңында мегаполисте жаңа ипподром ашылды. Аталған нысанды өз қаржысына салған BI GROUP компаниясы оны шымкенттіктерге сыйға тартты. Осынау қуанышты сәтке орай компанияның бас директоры Айдын Рахымбаев сөз сөйлеп, қала әкімі Мұрат Әйтеновке салтанатты түрде әрі ырымдап «алтын тағаны» табыстады.
Жаңа ипподромда еліміздегі ең үлкен бәйге алаңы бар. Ипподром аумағында 1 500 көрерменге арналған трибуна, ат аренасы бар манеждер, жабық стенд ғимараты, ветеринарлық блок, 300-ден астам көлікке арналған тұрақ қарастырылған. Трибунаның жоғары қабатында ашық терраса бар. Ұзындығы 2012 метр жарыс жолы салынған. Көкпарға, атпен секіруге арналған алаңдар кварцты құмдармен, табиғи тастармен безендірілген. Әлемдік стандарттарға сай салынған жаңа иипподром мегаполистегі халықаралық спорт және ойын-сауық жарыстары өтетін орындардың біріне айналып отыр.
Атшабардың ашылу рәсімі өте қызықты да әсерлі өтті. Ауа райының сол күні құбылып тұрғанына қарамастан жаңа нысанның келбетін көруге халық өте көп жиналды. Оның үстіне осы күні "GREAT QAZAQ GAMES" яғни Ұлы қазақ ойындары тұңғыш рет мегаполис төрінде туын тікті. Ал ашылу рәсіміне орай ұйымдастырылған мәдени концерттік бағдарлама барысында әр өңірдің салт-дәстүрін насихаттайтын Батыс пен Шығыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің керуені көрермендер алдынан салтанат құрып өтті. Бұл керуендердің құрамында әр өңірдің белгілі өнерпаздары мен спортшылары болды. Батыс керуенін елімізге белгілі әнші Т.Асар, Шығыс керуенін дәстүрлі әнші А.Балажанова, Солтүстік керуенін танымал эстрада әншісі М. Садуақасова, Оңтүстіктің керуенін жергілікті дәстүрлі әнші Н. Серікбаева бастап шықты. Мұнан кейін бәйге, қыз қуу мен теңге ілу секілді ұлттық спорт түрлеріміз көрерменге паш етілді.
Осынау қауанышқа орай сөз алған Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов Наурыз мейрамының қарсаңында ұлттық спорттың дамуына оңды әсерін беретін үлкен, жаңа, заманауи ипподромды қарапайым халық та шаһар басшылығы да көптен бері күтіп жүргенін баяндады.