Үндістанның премьер-министрі Моди бала күнінде шәй сатып отбасына көмектескен

Oinet.kz 24-04-2019 1071

regnum_picture_153790734099969_big.jpg

«Ұлтшылдық – біздің шабытымыз. Даму мен білікті басқару – біздің мақсатымыз» деген ұрандармен билік басына келген Нарендра Модидің Үндістан премьер-министрі тағына отырғанына келесі аптада бір жыл толады. 

Нарендра Дамодардас Моди 1950 жылы Гуджарат штатында дүниеге келген. Үндістанда ел тұрғындары шығу тегі мен құқықтары бойынша ерекшеленетін қоғамдық топтарға, яғни касталарға бөлінеді. Нарендра Моди Үндістанның ең төменгі топтарының бірі – гханчи кастасынан шыққан. Әкесі шәй сатушы, ал анасы – ауқатты адамдардың үйінде ыдыс-аяқ жуушы болған. Моди – үйдегі алты баланың ортаншысы. Өз естеліктерінде: «Мен өте кембағал отбасында дүниеге келдім, бала күнімде пойызда жүріп шәй саттым, 12-13 жасымнан бастап философ Свами Вилеванданың шығармаларын оқи бастадым. Жасымда көрген жоқшылықтың қорлығы мен үнді философтарының шығармалары маған табандылық пен даналық сыйлады. Осылай 15-16 жасымда өмірімді үнді халқына арнауға бел будым» - деп жазады. 

Жасында жоқшылықтың азабын көп тартқан Нарендра Моди өзінің сайлауалды науқаны кезінде Үнді елін алқымынан алып тұрған кембағалдыққа соғыс жариялап, кең ауқымды реформалар өткізетінін мәлімдеген болатын. Үнді халқы да, халықаралық қаржылық институттар –  Әлемдік банк пен Халықаралық валюта қоры мен түрлі рейтингтік ұйымдар Премьер Модидің реформалары сәті басталғанын, «Үндістан – болашағы жарқын ел» деген тұжырымның ел санасында қалыптаса бастағанын тілге тиек етуде. 

Нарендра Моди реформаларының басты мақсаты – бизнеске жағдай жасау, үкіметтің халық алдында есеп беруге міндеттілігін арттыру, экономикалық реформаларды жаңа технологиялар мен басқаруды  (менеджмент) жетілдіру бағытында жүргізу екенін айта кетейік. Жалпы бұл –   стандарттық реформалар. Мәселе – осы жалпы жұртқа белгілі реформаларды жүргізуге қажетті саяси жігер мен табандылықтың жетіспей жататынында. Кезінде Қытайдың ұлы реформаторы Дэн Сяопин 20 жыл ішінде аспан астындағы алыптың басты мәселесі – аштықты жеңіп, елді дамудың даңғыл жолына түсірді. Нарендра Модидің алдында тұрған асуды Қытай асуымен салыстыруға болмайды. Әйтсе де 1 миллиард 250 миллион халқы бар Үндістанның экономикалық жағдайы да мәз емес. Әлемдегі екінші үлкен мемлекеттің өмірін өзгерту – ұлы тұлға мен ұлы өзгерістерді талап етеді. Биыл Американың «Тайм» журналы Премьер-министр Модиді әлемнің ең ықпалды 100 адамының қатарына ендірді – бұл Үндістан басшысы үшін үлкен жетістік деп қаралуда.  

Халықаралық аренада Модидің ықпалы айтарлықтай жоғары. Ол осы бір жыл ішінде 16 мемлекетке сапар шегіпті. Моди Американы – Үндістанның табиғи одақтасы деп жариялады. Үндістан АҚШ-пен бірге демократиялық құндылықтардың кең қанат жаюы жолында Вашингтонмен бірлесе атсалыспақ.   

Премьер Модидің айтуынша, әлемнің ең ірі екі елі – Үндістан мен Қытай әріптес әрі бәсекелес елдер ретінде ынтымақтастығын жалғастыра береді. Жуырда Қытайға мемлекеттік сапармен аттанбақ болып отырған Моди мырза 1962 жылғы үнді-қытай соғысынан кейін екі елдің шекарасында бірде-бір оқ атылмағанын тараптардың бейбітшілік пен ынтымақтастыққа деген ықыласының айқын көрінісі ретінде бағалап отыр. Үндістанның Ауғанстанға да көптен бері көмек қолын созып келе жатқанын айта кету керек. Бұл елдің Ауғанстанға берген тікелей көмегі бүгінде 2,5 миллиард долларға жетіпті. 

Премьер Моди БҰҰ-на табиғаты күрделі терроризм құбылысын жан-жақты қамтитын Конвенция қабылдауды ұсынып келеді. Өкінішке қарай,  бүгінде «жақсы террористер» мен «жаман террористер» бар. Газетіміздің өткен сандарында бұл құбылыстың табиғатына зерттеу жасап, бүгінде  терроризмнің бүкіл әлем мойындаған анықтамасы жоқ екендігін жазған болатынбыз. Моди мырза бұл мәселені түбегейлі шешу үшін терроризмді діннен бөлек қарастыру керек дейді. Бұл өзгеріс терроризм мәселесіне жаңа қырынан қарауға мүмкіндік туғызбақ. 

Премьер-министр Моди – ұлтшыл деп танылған тұлға.  2002 жылы Гуджарат штатында губернатор кезінде индустар мен мұсылмандар арасында болған қақтығыста 1000 астам адам қаза тапқаны, сол қақтығыс кезінде Моди мұсылмандарды өлтіріп жатқан индустарды тоқтатпағаны жайлы әлемдік БАҚ көп жазған болатын. Осыған орай АҚШ 2005 жылы Модиге қарсы санкция жариялап, оның Америкаға кіруіне тыйым салған. Вашингтон бұл санкцияны 2014 жылы 17 мамырда, Моди Үндістанның премьер-минстрі болып сайланғаннан соң тоқтатты. Моди 2009 жылы діни араздықты қоздыруға себепші болды деген айыппен сотқа тартылған. Кейін Үндістанның Жоғарғы сотының арнайы комиссиясы Модидің діни араздықты қоздыруға қатысы болмаған деген шешім шығарып, болашақ премьер-минстр ақталған болатын. 

Ия, Премьер-министр Нарендра Дамодардас Моди – Үндістанның масштабы мен әлеуетіне сай ірі саяси әрі мемлекеттік қайраткер. Келесі аптада таққа отырғанына 1 жыл толатын Модидың басшылығында Үндістан дамудың даңғыл жолына түсуіне сенім жоғары. Бұл алпауыт елдің экономикасы қарыштап дамып жатса, Қазақ елі сол дамудан тек пайда көрері даусыз. Алып елдердің бір қасиеті – оларға тұмау тисе, басқа елдер түшкіре бастайды. Сондықтан Қазақстан қашанда алып елдердегі дамудың тұрақты болуына мүдделі. 

Мұрағаттан, 21.05.2015 ж

Ескі Иқанда Сталинның ескерткіші қайта орнатылды
1 миллион қазақ Ата жұртына оралды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу