Тазабеков: «Әр бақытсыз жанға виноват замандас бар»
"Talim TV" телеарнасының Бас директоры Мұхамеджан Тазабеков күні кеше тоғызыншы қабаттан үш баласымен секіріп кеткен әйел адам, болған оқиға туралы пікір білдірді. Бұл туралы ол Instagram парақшасында жазды.
- Құздан құлаған ана, құрбан болған үш перзент... Әр істің артында себеп бар, әр бақытсыз жанға виноват замандас бар... Қалай болғанда да, заман орынында. Күн шығыстан шығып, батыстан батып жатыр... Сапасы кеткен, санасы тұманданған, табиғаты айнып, талғамы өзгерген адамизат қана екеніне көзіміз жетуде...
Не болмай жатыр?! Адам деген атты арқалағанмен хайуан бармайтын хәлге түсіп, ең жаманымыз күпірге барып, өз перзентін өзі зорлап, ата-анасын зар илетіп, жан-жағын запыран құстыртуда. Ең жақсы дегеніміздің өзі ғайбат пен өсектен, қамсыздық пен харекетсізден аман қалмай, дастархан мен дәретхананың арасын жол қылуда... Адамнан басқа жаратылыс өз жолында, өз жөнінде жүр. Байталды байтал іздеп, айғырға айғыр шауып жатқан жоқ... Қауырсынын жұлып, жалаңаш жүрген құс жоқ, жынысынан жеріп, тауық болғысы кеп жүрген қораз жоқ... Жылан жер бауырлап, қыран тауды қиялап, әр жәндік Алла сызып берген өз ғұмырын сүріп жатыр. Есік алдына он жыл байлап қойсаң да депрессия боп жатқан төбет жоқ, қалдық жеп, қаруа шаруадан босамаса да құса боп өлген есек жоқ. Адамға Алла сана берді, ерекше жауапкершілік жүктеді.
Аллаға ортақ қоспай, ақыреттің анық келетініне сенген хәлде амалын атқарып, пенденің ақысын беріп, еңбегін сауып, рухани биік халде ғұмыр кешсе, елесуіз құлдың өзіне Құдай пана болатына уәде берген. Алладан алыс болса, маңайында ізгілік қалайтын жан болмаса, айырықша жаралған құлдың өзі қасыреттен құтыла алмайтыны қасиетті кітаптарда жазылған. Бір-бірімізге ақпарат айтсақ та, рухани нәр бермейтін, бір анадан тусақ та, кең дүниеге сиыспай жүретін, өкпелей қалсақ, өлімге қиып жіберетін қатыгез қоғамға айналып барамыз... Тәубеге келіп, адамның қадірін біліп, Алладан қорықпасақ, әлі көрер әуселеміз, жүрек ауыртар жауыздықтар алдағы күннің артында жасырынып тұруы мүмкін... Қызға құрметпен, әйелге әділдікпен, анаға ілтипатпен қарайтын еркек те азайып барады. Ұлын еркек қып тәрбиелейтін, күйеуінен жасырар сыры жоқ, жүзінен иманы төгіліп тұрған әйел де азайып барады... Қазір біреуден мейірім күтетін емес, өзіңдегі мейірім жоғалып қалмаса екен дейтін уақыт. Адамдар жайлы емес, Алла жайлы көбірек ойлап, пенделердің пендешілігін ОҒАН тапсыратын уақыт... Подтвержденный
Әрбір қасырет - қоғамның шіріген жібі, үзілген тамыры. Әрбір бақытсыз оқиға - арлыларға аманат, жүрегі барларға жүк, ғылымы барға ғибрат! Әрбір өлім - естіген құлға ескерту, уайымы бар жанға ұлы насихат! - деп жазды Мұхамеджан Тазабеков.