Шымкентте медициналық жабдық шығаратын зауыт салынбақ
Түркиялық инвестор Шымкентке келді. Оның мақсаты- үшінші мегаполисте медициналық құрал-жабдықтар шығаратын зауыт салу. MIXTA компаниясымен тікелей қала әкімінің орынбасары Айбек Саттыбаев кездесті.
MIXTA - медициналық жабдықтар өндірісімен айналысатын компания. Атап айтқанда компания зауытында стерилизациялық жабдық және медициналық жиһаз шығарылады. Өздеріңізге белгілі, биыл әлем коронавирус пандемиясымен күресуде. Былтыр жаз мезгілінде дерт күшейіп, медициналық аппараттардан тапшылық көрген едік.
«Қазіргі таңда, компания өз қызметін кеңейтуді және халықаралық нарықтарды игеруді жоспарлауда. Бұл жоспардағы компанияның басты назары – Қазақстан Республикасы, әсіресе компания тарапынан біздің қаламызға қызығушылық басым болып тұр. Сондықтан, инвестор қала аумағында медициналық жабдық шығаратын зауыт салу мәселесін пысықтауда», дейді қала әкімінің орынбасары Айбек Саттыбаев.
Бұдан бөлек, түрік инвесторлары өңірдің тоқыма әлеуетіне қызығушылық білдіруде. Қолөнер қашан да жоғары саналатындықтан шаһардың мәдениетін арттыруда да өзіндік рөлі бар іс болып табылады.
Өз кезегінде әкім орынбасары қала аумағында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысында әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.