Кәсіп ашуға ниет білдіргендерді Мұрат Әйтенов қолдайды
Үшінші мегаполисте жарықдиодты шамдар өндіретін «Тассай» индустриалды аймағында орналасқан кәсіпорындардың бірі - «КАЗТЕХНИКАС» ЖШС. Қала әкімі Мұрат Әйтенов кәсіпкерлік нысандарын аралау барысында «қаланы өз өнімімен толықтай қамтамасыз етуіміз керек» деді.
«Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасымен индустриалды аймақтан 1,5 гектар жер бөлінген.
Құны 500 миллион теңгені құрайтын бұл жоба 2020 жылы бастау алып, биыл іске қосылды. Қазір мекемеде 25 қала тұрғыны жұмыс жасайды.
Зауыт жылына 20 мың дана жарықдиодты шам өндіруге қауқарлы. Шамдардың сапасы өндірілгеннен кейін су ішінде 5 минут тұрады да, кейіннен іске қосу арқылы тексеріледі екен. Яғни суға төзімділігі анықталып барып, сатылымға шығарылады.
Сонымен қатар, мұнда темір сөрелер де жасалады екен.
- Шымкентте кәсібін бастаймын дегендерге мүмкіндік көп, қаншама мемлекеттік бағдарламалар қолға алынды. Зауыт, фабрика ашам деп ниет білдіргендерді қолдауға әрдайым дайынбыз. Себебі қаланы өз өнімімен қамтамасыз етіп, отандық өнім ретінде шетелге де танытуымыз қажет. Осы арқылы тұрғындардың әл-ауқатын көтере аламыз. Мына диодты шамдарды қала көшелерінің барлығына, әсіресе тұрғындар көптеп жүретін саябақ, аллеяларға қою керек. Әрі жарық, әрі экономды болмақ. Осы орайда жергілікті құрылыс компанияларын бірлесе жұмыс істеуге шақырамын, - деді Мұрат Әйтенов.
Өндіріс орны алдағы уақытта мемлекеттік қолдау арқылы өнім көлемін ұлғайтып, экспортқа шығаруды жоспарлап отыр.