Мемлекеттің қолдауымен сандық шеберханасын ашқан шебер
«Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында жас кәсіпкерлер грант иегері болып жатыр. Шағын және орта бизнесті дамытуда мемлекеттік бағдарламалардың көмегі зор. Осы бағдарламалар арқасында бүгінде өз кәсібін ашып, шаруасын дөңгелеткендердің саны артып келеді. Солардың бірі - Шымкент қаласының тұрғыны Бекжан Ерназаров.
Ол былтырғы жылдың шілде айында «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негіздері жобасымен оқып, сертификат алып, қайтарымсыз мемлекеттік грантқа құжат өткізген.
Сонымен қатар, өз ізденісінің нәтижесінде бизнес жобасын сәтті жетілдіріп, қыркүйек айында «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде грантқа ие болды.
Жас шебер қазіргі таңда сандық шеберханасын ашып, тапсырысқа заманауи үлгіде түрлі ою-өрнектелген сандықтарды, қыз-жасау және т.б заттарды жасауды қолға алған. Бекжан бұл шеберлікті өзі үйренген.
«Өзіме ұнайтын іспен айналысып, тапсырыс жасаушылардың көңілінен шығуға тырысамын. Әр қазақтың үйінде осындай ою-өрнегі бар сандықтардың болуы керек» дейді жас кәсіпкер.
Алдағы уақытта өз ісін дамытып, сапалы жиһаздарды жасауды да жоспарлап отыр.