«Made in Shymkent» көрмесі өтеді
Әр қаланың өзіндік ерекше өнімдері болады. Және сол арқылы елдің есінде қалып отырады. Шетелден немесе өзге қалалардан келген қонақтарға Шымкент қаласы өз өнімдерін паш етпек. Маусым айында «Made in Shymkent» көрмесін өткізу жоспарда тұр. Осыған орай, шымкенттік тауар өндірушілер өнімдерінің каталогы әзірленеді.
Сонымен бірге, Фронт офис құрылады. Осылайша мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту, оның ішінде шымкенттік кәсіпорындардың үлесін ұлғайту мақсатында жаңа механизм қолданылмақ. Ол бойынша жергілікті атқарушы органдардың бағдарлама әкімшілері (аудан әкімдіктері мен салалық басқармалардың, ведомствоға қарасты мекемелер, мемлекеттік жеке серіктестік жобалар бойынша)жылдық сатып алу жоспарларын басқармаға ұсынады. Ұсынылған материалға сараптама жасалынып, қаламызда өндірілетін тауарлардың көлемі мен сомасы, сондай-ақ, ЖСҚ ішіндегі құрылысқа жоспарланған материалдар мен жабдықтар айқындалатын болады. Деректер базасы Фронт офиске ұсынылады.
Талдау нәтижесімен жергілікті өндіруші кәсіпорындар және бюджеттік әкімшілер хабардар етіледі. Өз кезегінде үшінші мегаполис кәсіпкерлері Фронт офиске өздерінің шығаратын өнімдері жөнінде деректерін ұсынады, ал бюджеттік әкімшілер - жергілікті өндірушілердің өніміне бейімдеу мақсатында техникалық ерекшеліктеріне өзгерістер енгізеді. Фронт офис оператор ретінде үйлестіру жұмыстарын жүргізетін болады. Қазіргі кезде аудан әкімдіктері мен салалық басқармалардан сатып алу жоспарлары жинақталуда.