Үшінші мегаполисте өнеркәсіп саласы 102,5%-ға артпақ
Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму асқармасы бір жылда өнеркәсіп өнімінің көлемін 710 млрд. теңгеге жеткізуді межелеп отыр. Ал, өнеркәсіп саласының басым бөлігін құрайтын өңдеу өнеркәсібіндегі өнім көлемін 623 млрд. теңгеге немесе 2020 жылға қарағанда 102,0 пайызға арттыру ойда бар.
Бұл орайда Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Шымкент қаласы әкімдігі арасындағы түзілген меморандумға сәйкес 2021 жылға жоспарланған негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі – 315 млрд. теңгені құрайтынын тілге тиек ете кетсек дейміз.
Оның ішінде мемлекеттік жобалар (212 жоба) – 95,2 млрд. теңге, МЖӘ бойынша жобалар (23 жоба) – 5,4 млрд. теңге, жаңғырту бағдарламасын іске асыратын ірі кәсіпорындар (10 жоба) – 46,8 млрд. теңге, өнеркәсіп саласы (28 жоба) – 44,8 млрд. теңгені құрайды.
Ал, «Shymkent» ӘКК» АҚ арқылы іске асырылатын жобалар саны – 42 (33,2 млрд.теңге)
2021 жылы өнеркәсіп көлемін 2020 жылға қарағанда 102,5%-ға дейін өсіру межеленген. Аталған көрсеткішке жету үшін ірі жобаларды іске қосу, қосылған жобалардың жүктелуін арттыру және жұмыс жасап жатқан кәсіпорындардың өндіріс көлемін ұлғайту арқылы қол жеткізілетін болады.
Мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту үлесі есебін 2021 жылы автоматтандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Астаналық «Datanomix» компаниясының «мемлекеттік сатып алуды талдау және көрсету жүйесін» енгізудің коммерциялық ұсынысы алынып, бюджетке ұсынылды.
Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны 2020 жылы 69 781 болса, биыл оны 77 мыңға жеткізу жоспарлануда. Бұл тағы да қосымша жаңа жұмыс орындары ашылады деген сөз.