«Хайп үшін жұртты шулатып, адастыруда» - Тоқаев
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев вакцинацияға қарсылық танытатындарға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
- Амал не, бүгінде қоғамдық талқының сапа деңгейі төмендегенін бақылап отырмыз. Белгілі адамдар ешқандай негізі жоқ әрі популистік мәлімдемелерімен хайп үшін жұртты шулатып, адастырып жатқанын байқап отырмыз. Жарқын мысалы - антиваксерлердің деструктив позициясы (екпеге қарсы қозғалыс. - авт.). Әлеуметтік маңызы бар мәселелердегі көзқарастардың бітіспестігі, біржақты көзқарастар алаңдатады, - деді Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында.
Президенттің айтуынша, мұндай жағымсыз бағыттар басымдыққа ие болатын тенденцияға айналуына жол берілмеуі керек.
- Бұл қоғамдық адастыруға әкеп соғады, өзара сенбеушілік атмосферасын туғызады және түптеп келгенде ұлттың дамуын тежейді. Қоғамдық қызмет - жоғары миссия, сонымен қатар отандастарыңның алдындағы зор жауапкершілік. Ең алдыммен өз сөзің мен ісіңнің салдарын түсінуің керек, - деді Тоқаев.
Оның айтуынша, Ұлттық кеңес міндеті - үйлесімді қоғамдық орта тууына септесу, өркениет диалог нормаларын нығайту.