Бала тістеп ала берсе не істеу керек?
Кішкентайлар тістегенді жақсы көреді. Оны ауырту үшін жасамайтыны да анық. Белгілі бір жасқа бұл қылықтары қалыпты жағдай болып саналады. Өсе келе ше? Бүлдіршіннің тістегісі келіп тұруына түрлі факторлар әсер етеді. Оған ішкі түйсіктері де себеп. Бала өзін ыңғайсыз сезінгенде, ұялғанда, ашуланғанда, жақсы көргенде тістеуі мүмкін. Кейде ата-анаға балабақшадан дәл осындай шағым түсіп жатады. Әдеттегі жағдай деп қарасақ та, баланың жасына байланысты бұл қылығын ескеру де керек. Бала әр жаста әртүрлі себеппен тістейді. Бір жасқа дейінгі тістеуі қалыпты жағдай. Себебі бүлдіршін айналаны тістеп, дәмін татып, аузына салып тани бастайды. Оның үстіне тісі шығып, қышиды да. 3-5 жасында тістейтін болса, онда тәртібіне назар аудару керек.
Бала өз ашуын осылай шығаруды әдетке айналдыруы мүмкін. Ол тістеп алуды ең ыңғайлы әдіс деп сезінеді. Мұндайда психолог маманның көмегіне жүгініп, бала көңіл-күйіндегі мән-жайды айтып, соңғы қылықтарына қатысты кеңес алу қажет. Бала тістеп қана қоймай, топта ережелерді ескермей, көп тәртіпсіздік танытатын болса невролог маманға көрсеткен жөн. Себебі ылғи тістеуді әдетке айналдыру - қандай да бір психологиялық ауытқу болуы да мүмкін. Мұндайдың ертерек алдын алу керек. Тіпті кей балалар кіші інісі, сіңлі-қарындастарына қарап та тістеуді әдетке айналдыруы мүмкін. Бұл бір шетінен бәсекелестікке де ұқсайды. Себебі үлкен бала да ата-ананың кішкентайына қарағаны секілді өзіне назар аударғанын қалайды.
Дереккөз: massaget.kz