Бала тұйық болмас үшін... (Психолог кеңесі)

Oinet.kz 11-03-2019 1078

993-1476212229-021be93196.jpg

Қазақстан Республикасы Президентінің Халықаралық «Болашақ» бағдарламасы бойынша стипендия иегері, Қазақ Психологтар Ассоциациясының мүшесі, «Жан шуағы» психологиялық орталығының директоры, психолог-практик Елшібаева Күлмаш Ғалымжанқызы

 • Кішкентай кезінен бастап балаңыз өз қатарластарымен достасып, тіл табысып кететіндей мүмкіндік жасап отырыңыз. Баласы көп отбасына қонаққа барыңыз, көрші үйдің балаларын қонаққа шақырыңыз, мерекелі сәттерді ұйымдастырыңыз.

• Балаға шектен тыс қамқор болмаңыз, не болмаса ерік-жігерін жасытатын сөздер айтпаңыз. Әр нәрсені өз ойымен өз бетімен шешетіндей жағдай тудырыңыз.

• Көрші ұлдар немесе қыздар арасынан балаңызбен үнемі араласып тұратын, сөйлесетін бала табыңыз. Мұны ертерек іске асырғаныңыз жақсы.

• Балаңыз ауладағы балалармен ойнап жүрсе, тек бақылаушының рөлінде тұрып қалмаңыз. Олар тоқтап қалса, араларына кіріп кетіңіз, ойынға қатысып, балаңызбен олардың достық қарым-қатынас орнатуына көмектесіңіз. Егер балаларыңыз бір-бірімен жанжалдасып қалса, онда татуластырыңыз. Ойын біткен болса, онда басқа қызықты ойын тауып жалғастырып жіберіңіз.

• Баланы өз талаптарыңызбен, өз қызығушылығыңызбен, өз таңдауыңызбен мезі етпеңіз. Тек сіз айтқан ойындар мен кеңестер оны мезі етуі мүмкін. Өз қызығушылығы болмаған соң тез жалығады, өзіндік пікірі жоқ, басқаның ықпалымен жүретін балаға айналады.

• Баламен көңілденіңіз, ән салыңыз, билеңіз!

• Басты кейіпкері балаңыз және оның достары болатын ойын ойлап табыңыз.

• Балаңыздың ортасын жиі өзгертпеуге тырысыңыз. Себебі жаңа ортаға бейімделіп кету қиын, бала кенеттен тұйықталып қалады. Егер жағдайға байланысты баланы басқа балабақша не мектепке ауыстыратын болсаңыз және ол көпке дейін ортаға бейімделе алмай жүрсе, бір амалын ойлап табыңыз. Балаға достар табу үшін, оларға ойындар, шай ұйымдастырыңыз.

• Балаңыздың ниет, талабын қолдап, оған сенім ұялатыңыз. Ата-анасының оны мақтағаны жақсы талпыныс тудырады.

• Баламен көшеде жиірек болыңыз, ол өмірдің өзі адамдармен араласудан тұратынын аңғарсын, маңайының бәрі қаптаған адам екенін сезінсін және адамның күні адаммен екенін білсін.

• Анасының, әжесінің қасынан немесе үйден шықпайды деп баланы сөкпеңіз. Бұл да баланың тұйықталып қалуына себеп. Одан дұрысы - балалармен тіл табысуына көмектесіп, үйреніскенде қасынан алыстай берсеңіз болады.

• Балаға адамдардың ізгілігі, достығы жайлы әңгімелер айтып беруді ұмытпаңыз. Мұны естіген бала, ең болмағанда, нағыз бір досы болу керектігін зердесіне құйып алсын.

 Дереккөз : anabol.kz

Келінге керек кеңестер
Ерлер қандай әйелдерден алыс жүреді?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу