Татар халқы
Әр халықтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы сол халықтың тұтастай бір келбетін жасауға қатысатын, оның тарих алаңындағы орнын айқындайтын, ұлттық бейнесін қалыптастыратын бірден-бір факторлар деуге болады. Сондықтан, қандай да бір халықтың салт-дәстүрлері мен жол-жоралғыларын оқып-білу, зерттеу сол халықты жақыннан тануға мүмкіндік беретіні анық. Бүгін біз сіздерді татар халқының болмыс-бітімімен таныстырып, олардың ұлттық ерекшеліктеріне тоқталмақпыз.
Жалпы, Қазақстанда тіршілік етуші татар халқының ұлттық мәдени өміріндегі салт-дәстүрлер олардың ғасырлар бойы ұлт ретінде қалыптастырған әдет-ғұрыптарына сәйкес келеді. Солардың бірі және бірегейі Қазан төңкерісіне дейін халық арасында кең тараған ұлттық салт-дәстүрлерінің бірі ескіше жаңа жылдық Наурыз (Нәуруз) мейрамын қарсы алу. 1991 жылдан бастап ұлттық тәуелсіздігімізге қол жеткізген қазақ халқы және қазақ елін Отанына балайтын басқа да ұлттар мен ұлыстар дәл осы Наурыз мейрамын тойлай бастады. Татарлар да Наурыз олардың мұсылман ретіндегі төл мейрамдары болып сонау ғасырлардан бері қалыптасып қалғандықтан бұл үрдістен қалыс қалмай, ұмытылып бара жатқан ұлттық мейрамын тойлауды қайта қолға ала бастады. Қазақстан татарлары Наурыз мейрамы күндері оқушы балаларын үй-үйді аралатып, күлдіргі өлең айтып көршілерін жаңа жыл мерекесімен құттықтайтын бұрынғы үрдісін қайта жаңғыртты. Сәйкесінше, үй иесі балаларды тәтті тағамдармен, кейде боялып піскен жұмыртқамен марапаттайды. Үй иесінің үлкендері балалардың үлкен адамдармен қарым-қатынасына сын көзбен қарап, олардың өткірлігін, тапқырлығын, сөзге шеберлігін мадақтай білген. Балалар бір-бірімен жұмыртқа жарысын, жұмбақ, тақпақ айтысып өнер жарыстырады. Сол арқылы үлкендер көршілерінің балаларын да сынап, тәрбиелейді.
Жалпы татарлардың бұрынғы салт-дәстүрлердің бірсыпырасы сақталып қалған, көбінесе қазақ ауылдарында тұратын татарлар олардың көптеген элементтерін ұлттық болмыс бойына сақтап қалып, ұмытпай, ұрпақтан-ұрпаққа тарата білген. Мәселен, татарлардың ежелгі дәстүрлерінің бірі көктемде өзендерде сең жүре бастағанда жастар «Сеңді шығарып салу» рәсімдерін тойлау. Жастар өзен жағасына жиналып гармон тартып, би билеп, частушка айтып, қамыстан жасалған «адамды» жағып тамашалайды.
Қазақстан татар жастарының көктемдегі тойларының бірі «Қарға ботқасын» өткізу болып саналады. Ол құстардың аймаққа келу құрметін тойлау, құстарға жем шашу, жастардың топталып құстарға арнап өлең айтуы, түрлі ойын ойнауымен өткізіледі. Бұл ауылды жерлерде көктемгі егістің басталу қарсаңында өткізіледі. Ондағы көзделетін мақсат егіннің бітік шығуын, ризықтың мол болуын тілеу болып саналады.
Сондай-ақ көктемдегі құрғақшылық кезінде ауылдың үлкен-кішісі жиналып мал сойып, құдайға жалбарынып аспаннан жаңбыр тілеу (ыңгыр телеу) рәсімін жасаған. Ел жиналып тамақ ішіп, жастар бір-біріне су шашып ойнайтын болған.
Татар халқының ежелгі дәстүрлерінің бірі – көршілердің бір-біріне қора салысуға немесе егін жинасуға, отын жинауға көмектесуі. Оны омә немесе асар деп атайды. Кейде күзді күні семірген қазын бауыздап жүнін жұлысуға көршілерді шақырысады. Қаздың жүнін жұлу да көп адамдардың қатынасуымен орындалатын күрделі жұмыс саналады. Ал қыс кезінде көршілер бір үйге жиналып жүннен шекпен тоқуға көмектеседі. Қыстың басында (желтоқсанның 25 мен 5 қаңтар аралығында) Мордва, Чуваш, Марий, Удмурт халықтарына ортақ атап өтілетін мейрам Нардуган (Нардуман) деп аталады. Онда ауыл үлкендері бір үйге жиналады. Бір адам сайқымазақтың киімін киініп, өңі-түсін өзгертіп келіп көпшілікке өнерін көрсетеді. Көбінесе еркек әйел болып киініп немесе әйел еркектің рөлінде көпшілік алдында өнерін көрсетеді. Немесе қайыршы болып келіп өлеңмен үлкендерден садақа сұрайды. Бұл біріншіден үлкендердің (ізгілігін) қайырымдылығын сынау болып саналады.
Татар халқының ұлттық ойынының бір түрі тыңға бару деп аталады. Онда күйеуге шықпаған қыз түн ішінде көршілердің терезесінен тың тыңдап, ақылды қариялардың әңгімелерін сырттан тыңдау арқылы өнеге үйренеді. Сондай ұлттық ойынның бір түрі «Сымсыз телефон» деп аталады. Онда үй толы жастар қатар-қатар отырысып бір-біріне ойын бастаушы адамның айтқан сөзін құлағына сыбырлап жеткізу керек. Егер де алғашқы сөзді өзгертіп айтқан адам болса, ол жазаға тартылып, жазасын өлеңмен өтеуі тиіс. Жастар арасында кең тараған ойынның түрі – үй иесі қыдырып кеткенде, жастар сол үйге жиналып ойын ойнап, тамақ ішеді. Мұны «Аулақ үй» (оңаша бас қосу) деп атайды. Ол жастардың бір-бірімен еркін ойнап күлуіне, өнер жарыстыруына, қонақ күтуіне тәрбиелеу мақсатында іске асырылады. Сондай-ақ осы жиында жастар қатар-қатар алақандарын беттестіріп отырады. Ойын бастаушы жүзікті біреудің қолына жасырып салады. Ортаға шыққан адам ойын жүргізушінің жүзікті кімнің қолына салғанын табуға тиіс. Егер таба алмаса жазаға тартылып, өлең айтуы, би билеуі, жаңылтпаш айтуы немесе жұмбақ шешуі керек. Бұл ойынды сақина салу (иузек – жүзік салу) деп атайды.
Қыз айттыру, қалыңдық көру рәсімдері түркі жұртында бір-біріне ұқсас болып келеді. Алайда әр елдің дәстүрінде өзіндік аздаған өзгешеліктері болады. Мәселен татар халқында жігіт қалыңдықты көрші ауылдан таңдайда да әке-шешесіне өз пікірін білдіреді. Жігіттің әке-шешесі 2-3 сыйлы үлкендерді жіберіп құдалық сөйлеседі. Олар қонақ болып отырып өз ойларын үй иесіне білдіреді. Үй иесі құдалыққа келіспесе келген үлкендердің көңіліне тиетін қатты сөз айтпай өз шешімдерін баяндайды. Ал егер келіскен болса, онда 9 түрлі немесе 12 түрлі сыйлықтар ұсынады. Олар сандыққа салған тәтті тағамдар, шәлілер мен көйлектік маталар, бас орамалдар, сырт киімдер (пальто, костюм т.б.) етіктер т.б. болуға тиіс.
Той болатын күннен бір күн бұрын осы заттар қалыңдықтың үйіне жеткізіліп, чак-чак, ақ бөлке нан, қалыңдыққа арналған киімдер қоса апарылады. Неке қию жиынына молда және қыз бен жігіттің екі-екіден төрт жолдасы қатынасып, жігіттің әкесі, ағасы т.б. туыстары куәлікке қатынасып неке суын ішкізіп, ант алу рәсімі жасалады. Той дастарханында төрде қалыңдық пен күйеу қатар отырады. Екі жақта қыз бен жігіттің әке-шешелері, ағайын-туыстары орналасады. Той дастарханына нан, түрлі тәтті тоқаштар, пирогтар, суық тіске басарлар, балықтан жасалған тағамдар, құс еттері, салаттар қойылады. Содан соң ыстық сорпаға ет, картоп салынып, ыстық тамақтан кейін түрлі тәттілермен шай беріледі.
Қыз кетерде бүкіл ауылды аралап қоштасуы керек. Күйеу бұл кезде балаларға конфет, ұсақ ақша, жаңғақ шашады. Ол біздің өміріміз тәтті, бай-бақытты болып өтсін деген тілекті білдереді. Қалыңдық күйеудің үйіне кірерде «Төкке аяғың билән кил» (төрге оң аяғыңмен кір) десіп тілек білдіріседі. (қазақта да келін оң аяғымен кірсін деп жатады). Ол келіннің аяғы құтты болсын, байлық-бақыт ала келсін деген тілекті білдіру болып саналады. Келін түскеннен 1-2 күннен кейін келінге су жолын көрсету рәсімі басталады. Жас келінді күйеудің жақын қарындастары мен жеңгелері суға апарып сәлем жасатады. Жас келін суға мінәжат жасап суды төкпей-шашпай иін ағашпен үйге әкелуі керек. Еріп барғандар келіннің ептілігін, сыпайлығын, еңбексүйгіштігін бағалайды.
Сондай дәстүрдің бір түрі келін жасауын ауыл-аймақ болып көру. Бұл жиынға жігіттің үлкендері жиналып, әр затты тамашалап көріп, бағалап пікір білдіреді. Қалыңдықтың жасауында кесте шеккен орамал болады. Оны енесіне береді. Жасауда көрпе-жастық, дастархан, киім жапқыш т.б. болады. Жасауды көрушілер мадақтау, мақтау сөздер айтады. Жасауды көруге келгендерге келін ас пісіріп, шәй жасап береді. Ол келіннің аспазшылық өнерін сынау болып саналады.
Нәрестенің дүниеге келуімен байланысты жол-жора, ырымдар да бар. Мәселен жас нәресте дүниеге келгенде шәй қасықпен аузына бал салу ырымы бар. Ол осы баланың өскенде мінезі балдай болсын, осы кісіге тартсын деген ырым. Балаға ана сүтінен ардақты тамақ жоқ. Татарларда қарғанғанда «анамның ақ сүті атсын» – деп қарғану адамның күнәдан пәктігіне дәлел бола алады. Бала 40-нан шыққанша анасын құрметтеп, қалжалау, ауыр жүк көтертпеуге, суық тигізбеуге тырысқан. Нәресте туғанда да, енесінен, әкесінен т.б. жақын адамдардан сүйінші (свенче) сұрайды. Сүйінші сұраған адамға баланың жақындары қалағанын береді. Бала 40-нан шыққанда анасы ақ жастыққа жатқызып, басын күн батысқа (құбылаға – Мекке жаққа) қаратып молда аят оқып балаға ат қоятын болған. Баланың атын молда екі құлағына кезек-кезек үш рет айқайлап айтады. Тойға жиналғандарды тамақ беріп сыйлайды. 40-нан шығару тойында баланы қырық қасық тұзды сумен шомылдырып, жауырынын, қол-аяғын маймен сылап, қарын шашын алдырып тілек-баталар айтылады. Бұл мейрам нәрестенің мейрамы (сәби туе – бөбектің тууы) деп аталады.
1930 жылдарда Қазақстанның татар диаспорасы шоғырланған елді-мекенде арнаулы татар мектептері болды. Кейін ол мектептер жойылып, таза орыс немесе таза қазақ мектептеріне айналып кетті. Кейін 1990 ж. Алматы, Астана, Семей қалаларында қазақ немесе орыс мектептері жанынан татар бастауыш кластары ашыла бастады. Бұл мектептер басқа қалаларда да біртіндеп ашылып, жексенбілік мектептер деп аталды. Мәселен Семей қалаларында татар кластарын татар мұғалімдері демалыс күндерде тегін оқытуды дәстүрге айналдырған. Сондай-ақ Семей қаласында Татарстанның мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер Габдол-Хакам Ахунжановтың басқаруымен ұлттық өнер мектебі жұмыс істеп келеді. Онда татар мәдениеті жайында әңгімелер өткізіліп, татардың ою-өрнектері, ұлттық киімдері жайында түсініктер беріледі.
Татарлар мұсылман дінінің сүннет тармағын ұстаушылар. Бірақ біраз шетелдердегі татарлар христиан дінін қабылдағандар. Олар негізінен патшалы Ресейдің зорлап шоқындыруымен XVIII-XX ғ.ғ. христиан дінін қабылдағандар. Орыстар татарларды күштеп христиан дініне енгізудің алуан тәсілін қолданған. Мәселен ірі қалаларда мұсылман мешіттерінің жанына ішімдік орындарын салып, оған кейбір тұрақсыз адамдарды ақша беріп алдап немесе зорлап кіргізген. Мешіттен шыққан мұсылман әйелдерінің бет пердесін зорлап ашу, үйінің мұржасын жауып тастау сияқты озбырлыққа дейін барған. Шоқынушы татарларды алым-салықтан босату, солдатқа алмау сияқты «жеңілдіктер» де берген. Сондай-ақ алданып шоқынған татарлардың қайта мұсылман дінін қабылдауына тиым салған. 1593 ж. патша жарлығы бойынша басқа дінге енушілерге жоғарыдағыдай жеңілдіктер берумен бірге, қарсылық көрсетушілерді түрмеге жауып, ұрып-соғу, қол-аяғын кісендеу сияқты азаптар көрсеткен. Орыс подданствосын алғандар өлетін болса оларды орыс бейітіне жерлеу, дүние мүлкін оның крешенный баласына ғана бұйыртуға заң шығарған. 1681 ж. заң бойынша шоқындыру саясатын күшейте түсіп, шоқынғандардың жерін, дүние мүлкін мұсылман дініндегі туыстарына бермеу туралы заң шығарған. Шоқындыру саясаты әсіресе 1 Петр заманында қатты қолға алынды. Шоқынған мұсылмандар жарты жыл бойы орыс поптарының қатаң бақылауында болған. Зорлықпен христиан дінін алғандар алыс жерге орыс арасына жер аударылып түрлі азаптар тарттырған. Мәселен Москвада, немесе Петербургте тұратын христиан дінін қабылдамаған татарларды зорлап қаладан көшіретін болған. 1742 ж. Қазан губерниясында жаңадан мешіт салуға рұқсат етпеу жөнінде заң шығарған. Мешіттерді жаппай құлату ісі қолға алынған. Бір ғана Қазан губерниясында 536 мешіттің 418-і қиратылған. Исламды насихаттауға қатаң тиым салынған. Оның есесіне шоқынған татарларға арнап патша 102 шіркеу (XVIII ғ.) салдырған. Христиан дініне енгендерге жер беру, киім-кешек, отын беру т.б. істері қолға алынған.
Татарлармен бірге ескі дінге (староверлер) сенуші марийлар, чуваштар, удмурттар да қудалауға ұшырады. Олардан алым-салықты көп жинап солдатқа ұзақ мерзімге алуға заң шығарды. 1736-1742 ж.ж. орыс еместер орыстарға қарағанда астық салығын екі есе артық төлейтін болды. Ресей қоластындағы халықтардың діни қысымға шыдамай әр жерде наразылықтары күшейе бастады. Халықтың наразылығының күшеюінен қорыққан ІІ Екатерина діни қуғындауды жеңілдету жөнінде заң шығаруға мәжбүр болды. 1874 ж. патшаның Жарлығы бойынша жалпыға бірдей міндетті әскери заң бойынша 18-20 жастағы Ресей азаматтарының армияда қызмет етуін 20-25 жылдан 6-7 жылға шегерді. Сауатты азаматтар осы мерзімнің жартысын ғана (3-3,5 жыл) өтейтін болды. Бірақ арабша хат танығандарды сауатты деп есептемей әскери мерзімді қысқартуға қарсылық білдірді. Мемлекеттік думаға да орыстарға қарағанда татарларды (басқа ұлт өкілдерін де) аз мөлшерде өткізетін болды. Депутаттар мәселен 3 орысқа бір татардан келетін еді. Тек бірлі жарым татар саудагерлерін ғана қалалық, уездік басқару орындарына сайлайтын болды. Сөйтіп, 2 ғасыр бой (XVIII-XIX ғ.ғ.) татарлар діни мәселеден қысым көрді. Соған қарамастан татарлар мұсылман дініне беріктігін сақтап бақты. XVIII ғ. басында еріксіз шоқындырылған татарлар 17 мың адамнан аспады. Кейбір жерлерде шоқынған татарлардың өздері поптарды құптамай, шіркеуге барудан бас тарта бастады. 1865-68 жылдары шоқынған татарлардың патшаға дін жөніндегі наразылығы күшейіп 138 деревняның шоқынған татарлары қайта мұсылман дінін алуды қалады. Сөйтіп бір ғана Қазан губерниясынан 12 мың шоқынған татарлар қайта мұсылман дініне өте бастады. Татарлардың мешітте жиналатын күні Жұма намазы еді. Жұма намазына 7 жасар баладан бастап 70-тегі шалдарға дейін баруды қалаларда дәстүрге айналдырды.
Рамазан айында ораза ұстауды да татарлар қатты қолдайды. 30 күн оразада ауыз бекіту заңын татарлар бұлжытпай орындауға тырысады. Қазақстандық татарлар басқа мұсылмандар сияқты Ораза айтын, Құрбан айтын салтанатпен құрметтеп өткізуді мықтап ұстанады. Жұма намазына әкесі, баласы, атасы (3 буын) бірлесіп баруды міндет санайтындар татарлар арасында жиі кездеседі.
Дереккөз : anabol.kz