Шымкентте шенеуніктердің алаяқтық жасауы үдеп барады
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бүгінде мемлекеттік саясаттың басым бағытына айналды. Президенттен бастап сыбайластыққа қатысты таным-түсінікті өзгертуге, оған деген төзбеушілікті қалыптастыруға күш салуда. Алайда осындай іс-шаралар шымкенттік шенеуніктерге түк те әсер етпеген сияқты. Қалалық әкімдіктегі жауапты қызметкерлерге қатысты шығарылған үкімді оқып отырып осындай ойға қаласың. Тіпті жағаңды ұстайсың.
Мегаполисте қазына қаржысының жұмсалауын тексеруге жауапты, мемлекет өте үлкен сенім артқан шенеунік қызмет бабын бас пайдасына жаратпақ болған. Өзінің өкілеттігін тап бір базарда отырған сатушыларша саудаға салған. Ірі көлемде ақша алып, қолға түскен ол тергеу барысында өзіне тағылған айыптарды бұлтарусыз мойындаған. Қылмыстық істің мән-жайын біз оның сотта берген өз жауабымен сабақтағанды жөн санап отырмыз.
А.Сламов Шымкент қаласы әкімі аппараты басшысының 2018 жылдың 29 желтоқсандағы №451 бұйрығы негізінде Шымкент қаласы әкімінің аппараты ішкі аудит қызметінің басшысы лауазымына тағайындалған. Биыл қазанда ол басшылық ететін мекеме Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты Саз колледжінде жоспарлы тексеру жүргізеді. 30 қазанда ол аталған колледжге барып, директор У.Мажитовқа кіріп, құжаттарды ұсынып көрсетеді. Осыдан кейін директормен бірге қаладағы «МұзТау» дәмханасында түскі ас ішеді. Дастархан басында ол директордан:
-Тексеруді толық етіп жүргізейік пе?-деп сұрайды.
Директор:
-Тексеруге келгеннен кейін тексере беріңіздер, егер бір кемшіліктер шығып қалса, маған дереу айтыңыз,-деген жауап қайырады. Бұдан кейін бастық:
- Құр қолға бата жүрмейді ғой,-дейді.
Директор:
-Бата берсек берейік,-деген жауап қайырыпты.
Осыдан кейін бастық аудиторлық тексерудің қорытындысын дұрыс, оң жақты қылып, көптеген кемшіліктерін жасыру үшін 1 000 000 теңге көлемінде ақша қаражатын беру қажеттігін ескертеді. 1 қарашада түскі уақытта ол Түркістан көшесі мен Байтұрсынов көшесінің қиылысында орналасқан «Айболит» емханасының алдында У.Мажитовпен кездесіп, оның 600 000 теңге «батасын» қолма-қол алады. У.Мажитов оған қалған ақшаны түстен кейін алып келетінін айтады. Бастық оған:
-Бұған тағы 200 000 теңге қосу керек, себебі комитетке береміз, ал қалған 300 000 теңгеден бөліп аламыз,-деп ескертеді. Сол күні түстен кейін «МұзТау» дәмханасының ішіндегі кабинкада қалған 600 000 теңге ақша қаражатын алу барысында басшы құзырлы органның құрығына түскен.
Айтпақшы, сот үкімінде алғашқы ақшаны алған соң Сламовтың Байтұрсынов көшесінің бойында орналасқан «Санми» ұялы сымтетіктер сату дүкеніне барып, ол жерден «Самсунг А70» маркалы ұялы сымтетігін 124 500 теңгеге сатып алып, зайыбына сыйлық ретінде бергені жазылған.
Сот Сламовты қызмет бабын пайдалана отырып алаяқтық жасады деген айып бойынша кінәлі деп тауып, оған 9 миллион теңге көлемінде айыппұл салу жазасына кескен.
Бұған дейін Шымкентте қалалық білім басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарып жүрген қызметкер ұсталған еді. Қыркүйекте қаладағы бірқатар мектептердің директорлығына конкурс жарияланады. Осы конкурсқа қатысу үшін 29 қазанда С.Ерубаев атындағы №24 мектеп-лицейі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары білім басқармасындағы Ж.Базарованың қызметтік бөлмесіне кіріп, тестілеуден өтуге көмек сұраған. Ж.Базарова тестілеу өзінің құзырына жатпайтынына қарамастан «завучтан» 400 мың теңге ақша сұраған. Ол осы күні кешкісін қаладағы кафелердің бірінің алдында орынбасармен жолығып, аталған суманы алады. Артынша құзырлы орган қызметкерлерінің құрығына түскен. Айғақтық зат-ақша ол отырған көліктің ішінен шыққан.
Сот үкімімен Базарова алаяқтық бабымен кінәлі деп танылып, 3 миллион теңге көлемінде айыппұл салу жазасына кесілген еді.
Айтпақшы, Сламовты ішкі аудит қызметінің басшысы лауазымына тағайындау туралы бұйрық шығарған қала әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов (суретте) осы үкімнен кейін қандай да бір жазаға тартыла ма, бұл бойынша қызметтік тексеру жүргізіле ме әлде бәрі «жабулы қазан жабулы» күйінде қала ма, бұл жағы әзірге белгісіз болып тұр.