Осы жұрт Иманжүсіпті біле ме екен?

Oinet.kz 03-10-2013 985

Иманжүсіп Құтпанұлы ел арасында ақындығымен, шешендігімен, батырлығымен есте қалған тұлға. ХІХ ғасырда елдің азаттығы үшін күресіп, сол үшін құрбан болған азаматтың туғанына 150 жыл толып отыр. Осыған орай жуырда Шымкентте Иманжүсіп Құтпанұлының 150 жылдығына арналған «Тарихи тұлғаларға тағзым» атты ғылыми-танымдық конференция өтті. 

Screenshot_7.jpg

Тарихи деректерге қарағанда Иманжүсіптің атасы Тұрғанбай өз заманында Қоқан хандығына қарсы күрескен, қоқан қолымен болған ұрыста қаза тапқан. Ал әкесі Құтпанның 17 жасынан бастап, отаршылдыққа қарсы күрескен Кенесарыны жасағында соғысқаны айтылады. Ал Иманжүсіптің өзі 1916-жылғы ұлт азаттық қозғалысында әскер басқарып, кейіннен атылып кетеді. Яғни, бұл әулеттің үш бірдей буыны, атасы, баласы, немересі осы азаттық пен бостандық үшін күресіп, тәуелсіздіктің жолында құрбан болған жандар. Ел арасында әншілігімен де танылған Иманжүсіптің «Сарымойын», «Сарыарқа», «Әкем Құтпан», «Сарыбел», «Ерейментау», «Сейфіл-Мәлік» әндері бүгінгі ұрпаққа етене таныс. 

- Бұған дейін Ақсу қаласы орталығында Иманжүсіптің мүсіні орнатылды. Жаңа спорт сарайына есімі берілді. Бұдан бөлек өмірі мен шығармашылығына арналған «Тұлпар ізімен» атты кітабы жарық көрді. Міне, енді Шымкентте үлкен конференция өтіп, осынау тарихи тұлғаларды ұлықтап жатыр. Әйтсе де Мансұр Бекежанов деген ақынның Тұрғанбайға арналған дастаны бар. Бірақ біз оны бөлек кітап қылып шығарып, жұртқа тарата алмай жатырмыз. Бұл шығармаға жүз жылдай уақыт болды, ал, ондағы автордың қозғайтын әңгімесі осы күннің өзекті мәселелері болып отыр,-- дейді ақынның немересі, философия ғылымдарының докторы, профессор Раушан Көшенова. 

Бұл күні Сағадат Нұрмағамбетов атындағы қоғамдық қордың Оңтүстік Қазақстан облысындағы бөлімшесінің ұйымдастыруымен Отырар ауданының Шілік ауылында осынау үш тарихи тұлғаға ескерткіш ашылып, қазақша күрестен жарыс өтіп, соңынан ас берілді. 

- Қазір елімізде Елбасымыздың бастамасымен қазақ тарихын зерттеуде жаңа бір толқын, жаңа бір леп жүріп жатыр ғой.  Иманжүсіп тарихта ұлт рухын тірілткен тұлға ретінде қалды. Сондықтан бұл тұлғалардың ерлік істері, өнеге толы өмір жолдары кейінгі ұрпаққа үлгі. Жас ұрпақ олардың жалынды өмірлерін жаттап өсіп, содан қуат, рух алсын деген ниетпен осынау іс-шараны ұйымдастырдық,- дейді «Саутс Ойл» ЖШС-інің төрағасы, белгілі меценат Серікжан Сейітжанов.

Бәкір Нұрмағанбетов. Түйсікпен шыңдалған талант
Әжіхан Есқараев қашанғы ескерусіз қала береді?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу